Мазмұнға өту
Обложка сообщества QazAgym

Бүгінгінің батырлары

1995 жылдан бері 19 қазанда құтқарушылардың кәсіби мерекесі атап өтіледі. Ел тәуелсіздігінің 4-жылдығында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Жарлығымен төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылды.

Бұл салада қызмет ететін азаматтардың еңбегі ерен. Қоғамдағы үлесі өлшеусіз. Өйткені айтпай келген апатта жедел әрекет етіп, өз өмірін өзгенікінен жоғары қойып, әрқайсының өмірін құтқару – оларға жүктелген басты міндеттің бірі.

Кейінгі 1 айдың ішінде табиғи және техногендік төтенше жағдайды қоса алғанда 774 жағдай тіркелген. Үстіміздегі жылдың сәуірінде еліміздің кей аймақтарын су басып, төтенше жағдай тіркелді. ТЖ министрлігінің мәліметінше, 8 сәуірде 76 адам эвакуацияланып, 3700 тұрғын үй мен 400 аула су астында қалды. Авариялық-құтқару жұмыстарына 24 295 адам мен 2655 техника жұмылдырылды. Оның ішінде 469 су айдау құралы мен 139 жүзу құралы, 10 ТЖМ әуе кемесі болды.

Солтүстік Қазақстан облысының елді мекендерінде су тасқынынан қорғау үшін қаптардан бөгеттер құра отырып, азаматтарды эвакуациялауға және су тасқынына қарсы іс-шараларға белсенді қатысқан бүгінгінің батырының бірі – Әлібек Жаменкенов. Құтқарушы бұл салада 2021 жылдан бері еңбек етіп келеді.

Құтқару операциялары кезінде түрлі қиындықтар жиі кездеседі. Соның біршамасына Әлібек тоқталып өтті.

«Кейбір су қоймаларында, өзендер мен көлдерде су астындағы көріну өте нашар болуы мүмкін. Бұл сүнгуірлерге өзге заттарды іздеп табуды және қауіпсіз жұмыс істеуді қиындатады. Жаз айларында өзендердегі су деңгейі өзгеріп, кейде күшті ағындар пайда болады. Мұндай жағдайларда сүңгуірлерге судың ағысына қарсы жұмыс істеу қиынға соғады. Күшті ағындар жабдықты жоғалту қаупін де тудырады»,- дейді.

Қауіпсіздік тұрғысында қоғамның сауатын арттыру – маңызды істердің бірі. Әлібектің сөзінше, мұндай жағдайда аталған тақырып туралы білім беру және ақпараттандыру, қауіпсіздік ережелерін қатаңдату мәселе шешімінің бірі болмақ.

«Құтқарушылардың еңбегі тек төтенше жағдайлардан ғана тұрмайды. Олар алдын алу жұмыстары, дайындық жаттығулары, кауіпсіздікке байланысты ақпараттық іс шаралар өткізеді. Бірақ бұл жұмыс көпшілікке көрінбей қалуы мүмкін, сондықтан олардың еңбегі күнделікті өмірде жиі назардан тыс қалады»,- дейді кәсіби маман.

Ақ қар, көк мұз, күндіз бен түнге қарамастан, елдің тыныштығы үшін өлшеусіз еңбек етіп жатқан құтқарушыларға кәсіби мереке құтты болсын демекпіз! Ел үшін еткен еңбектері жемісті болғай!

0
0
402

Осы тақырып бойынша