Биыл экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін 9,6 трлн теңге инвестиция тартылмақ
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың үкіметтің ресми сайтына берген сұхбатында айтуынша, қазір Қазақстан экономикасы тұрақты түрде дамып келе жатыр.

Экономиканың барлық дерлік саласында өсім байқалғанымен, кейбірінде өсу қарқыны төмен болып отыр. Оның себебі — елімізде орын алған су тасқынының салдарынан бірқатар өңірде сауда, көлік, құрылыс салаларының өсу деңгейі баяулады. Себебі, жолдар бұзылды, логистика қызметіне зардабы тиді. Жалпы, соның есебінен сауда-саттық баяулады, жүктерді жеткізу процесі баяулап, кейбір аймақтарда құрылыс саласы да тұрып қалды.
«Қазіргі біздің жүргізіп отырған экономикалық саясатымыздың басты мақсаты — экономикалық өсімді қамтамасыз ету, өсу қарқынын арттыру. Ол үшін Үкімет нақты іс-шаралар жоспарын әзірледі. Жоспар бойынша экономикалық өсуді қамтамасыз ету мақсатында биыл 9,6 трлн теңге инвестиция тартылады. Оның ішінде 7 трлн теңгесі бюджеттік емес көздерден тартылады, ол – жеке инвестициялар, квазимемлекеттік холдингтердің, ұлттық холдингтердің инвестициялары және шетелдік инвестициялар. Сондай-ақ отандық банктер мен қаржы ұйымдарының инвестициялары бар», — деді вице-премьер.
