ru
Default banner
Разное
426 450 жазбалар45 тіркелуші
Всяко-разно
0

Биыл Қазақстанда 630 мыңнан астам жұмыс орны құрылады

министр

Бұл туралы, бүгін Шымкент қаласында өткен «Еңбек нарығының мобильділігін арттыру» өңіраралық бизнес-форумы барысында ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова хабарлады.

Шараға Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары әкімдерінің орынбасарлары, ОҚО қалалары мен аудандарының әкімдері, жоғарыда келтірілген өңірлердегі жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармаларының, халықты жұмыспен қамту орталықтарының басшылары, жұмыс берушілер және тағы басқа да тараптар қатысты.

Форум жұмысын ашқан министр, Елбасы халықты жұмыспен қамту саласында жаңа жұмыс орындарын құруды басым бағыт ретінде айқындағанын атап өтті. Осыған байланысты, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап, елімізде сұранысқа ие кәсіптерге және кәсіпкерлік негіздеріне жаппай оқыту және дағдыларды үйрету, несиелендіру арқылы жаппай кәсіпкерлікке жағдай жасау, жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу мен еңбекке жұмылдыруды қолдау арқылы еңбек нарығын дамыту көзделетін Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын (әрі қарай – бағдарлама) жүзеге асыру қолға алынған.

Бағдарламаның алғашқы бағыты аясында 2,5 жыл оқу мерзімімен колледждер ауқымында тегін кәсіби-техникалық білім беру ұйымдастырылып, бұл жерде бәрінен бұрын, мектепті аяқтаған соң оқу орнына түспеген жастарға көңіл бөлінбек. Сонымен қатар, колледждер, «Атамекен» ҰКП оқу орталықтары және кәсіпорындардың оқу орталықтары аясында кәсіби оқытуға арналған қысқа мерзімді курстар өткізілмек (1-ден 6 айға дейін).  Алыс ауылдық жерлерде тұратын азаматтарға сабақтардың қолжетімді болуы үшін, мобильді оқу орталықтары ұйымдастырылмақ.

Бағдарлама қатысушыларына несие, қалалық жерлерде «Даму» қоры арқылы, ауылда және шағын қалаларда Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры мен Аграрлық несие корпорациясы арқылы берілмек. Несие сомасы 8 мың айлық есептік көрсеткішке дейін өскен (18 млн теңгеге дейін) және мерзімі 5 жылға дейін (мал маруашылығы мен ауылшаруашылық кооперативтеріне – 7 жылға дейін). Жылдық мөлшерлемесі – 6% шамасында. Несие беру кезінде Аграрлық несиелік корпорациясы арқылы несиелерді кепілдендіру тетігі енгізілген: бастауыш кәсіпкерлерге 85% және кәсібі қызмет етіп тұрған бизнес иелеріне 50% маңайында.

Бағдарламаның үшінші бағытында жекелеген азаматтар санатын жұмысқа орналастыруда нақты қолдауды күшейту, еңбек ресурстарын жұмылдыруды көтеру және еңбек нарығының инфрақұрылымын дамыту мақсат тұтылуда.

«Бұдан түсінетініміз, баршамыз, еңбек нарығын тиімді реттеу жолында қай өңірлерде, қандай салалар мен бағыттарда қандай жаңа жұмыс орындарын құру қажеттігін нақты білуіміз керек. Біздің министрлік орталық мемлекеттік органдармен және өңірлермен бірлескен райда, мемлекеттік және салалық бағдарламалар аясында жүзеге асырылатын жобаларда; жаңа заңды тұлғалар тұрғысында; еңбек ресурстарының өзіндік орын ауыстыруы жөнінде (зейнетке шығу, ана болуға байланысты демалыс және өзге де) құрылатын жұмыс орындарына қатысты мақсатты индикаторларды анықтады. Сонымен қатар, облыстар, Астана мен Алматы қалалары әкімдерімен бірлескен жағдайда, тиісті меморандумдарға қол қойдық. Жалпы, елімізде, мемлекет көмегіне жүгінетін жұмыссыз азаматтарды еңбекпен қамтуда кәдеге жарайтын қор ретінде 630 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделіп отыр», - деді Тамара Дүйсенова.

ҚР ЕХӘҚМ басшысы, сондай-ақ, еңбек нарығын жаңғырту шеңберінде, министрлік жаңа технологияларды енгізудің нәтижесінде ескіретін кәсіптерді және жаңа жұмыс орындары құрылуы мүмкін салаларды анықтау үшін салалар арасында жұмыс күшінің ауысуы мәселесін қарастырып жатқанын жеткізді.

«Әсіресе өңірлер арасындағы еңбек ресурстарының қозғалысына ерекше көңіл бөлудеміз. Осы аптада Оңтүстік Қазақстан облысының халқы үшін өзге 4 өңірден жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындарымен танысудың және осылайша өз мамандығы бойынша таңдау жасаудың тамаша мүмкіндігі қарастырылды. Бұл арқылы, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын жүзеге асыру аясында, қазақстандықтарға сұранысқа ие кәсіпке тегін оқып қана қоймай, жаңадан ашылатын жұмыс орнына, жұмыс берушідегі бос орынға орналасуды немесе жеке іс ашуды таңдауды қамтамасыз етеміз.

Облыстар арасында да еңбекке жұмылуды арттырудан тыс, өнеркәсіп, ауылшаруашылық, көлік-логистика, сауда және қызмет көрсету салаларында жобаларды бірлесе іске асыру бағытында тығыз қарым-қатынас орнатқан жөн. Сондықтан да осы бизнес-форумды өткізу жайлы бастама көтердік», - деп байыптады Тамара Дүйсенова.

Министр, ерікті көші-қонды ынталандыру мақсатында, ел Үкіметі оралмандарды қосқанда қоныс аударушыларды қабылдауда 7 өңірді (Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан) және көштің қайнар көзі ретіндегі 4 өңірді (Алматы, Жамбыл, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облысы) белгілегенін еске салды. Аталмыш өңірлерден шығатын еңбек мигранттарына көш шығындарын жабатын және бір жыл бойы баспана жалдауға қажет қаржыны өтейтін субсидия бөлінбек.

Тамара Дүйсенова, өз сөзінің қорытындысында, таяу уақытта Маңғыстау, Жамбыл және Алматы облыстарында ұқсас бизнес-форумдар өткізу ұйғарылып отырғанын жеткізді.

Форум қорытындысында еңбек ресурстарына сұранысты қанағаттандыру мен еңбек нарығының мобильділігін арттыру мәселелері бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы мен Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары әкімдіктері арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.