Бишімбаевтың анасы: «Мені ана ретінде түсінулеріңізді сұраймын»
Қуандық Бишімбаевқа қатысты сотта оның анасы – Альмира Нұрлыбековаға алғаш рет сөз берілді. Ол әрі айыпталушы ұлының қоғамдық қорғаушысы екенін айта кетейік.
«Құрметті сот, құрметті алқа билер, мен қазір тыңдап қана отырмын. Әрине, мен заңгер емеспін. Сондықтан дұрыс сөйлеп тұрған жоқ шығармын. Бірақ өзіміз Мәскеуде жасатқан сараптаманы... сараптама емес, ұйғарымды қабылдамасаңыздар, ұлымның қорғануға, сол үшін өз дәлелін келтіруге қатысты конституциялық құқығы тапталады деп санаймын. Сондықтан, сот, сізден өтінемін, прокурорлар, алқа билер, жәбірленуші тарап, сіздерден өтінемін, мені ана ретінде түсініңіздер. Осыны шын жүрегіммен айтып тұрмын», – деді Альмира Нұрлыбекова.
