Бектенов диқандардан тыңайтқыш жетіспейтіні туралы шағымдар келіп жатқанын айтты
Өңір әкімдіктері тыңайтқыштарды және жеңілдікпен дизель отынын жеткізуді жеделдетуі қажет. Бұл жайында Үкіметтің бүгінгі отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді.

Оның айтуынша, дәл осы тыңайтқыш мәселесіне қатысты шағым көп екен.
"Диқандар тарапынан отандық зауыттарда тыңайтқыштар жетіспейді деген шағым түсіп жатқанын айта кеткім келеді. Сондықтан Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі сұранысқа ие тыңайтқыштар өндірісінің көлемін ұлғайту жөнінде шаралар қабылдауы тиіс. Фитосанитариялық жағдайға ерекше назар аударған жөн", - деді Үкімет басшысы.
Сондай-ақ Бектенов шегірткенің табиғи түрде ең көп таралуы биылға тура келіп тұрғанына тоқталды. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыс әкімдіктерімен бірлесіп, зиянкестердің таралу орындарын анықтауға қосымша ресурстарды жұмылдыруды және өңдеу жұмыстарын бақылауға алуды тапсырды.
«Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу бойынша барлық мәселе жедел шешімін тауып, тұрақты бақылауда болуға тиіс. Туындаған мәселелерді Ауыл шаруашылығы министрлігінің жанындағы жедел штаб жұмысы аясында шешу қажет», - деді Премьер-министр.
