Мазмұнға өту
Обложка сообщества QazAgym

Бақытты Жамал (Шағын хикаят)

Бұл ауылға келгенде "ажырасып кепті, енесі қуып шыққан көрінеді, бала  таппаған әйелді кім есіркесін" деген сыпсың сөздердің болғаны да рас.  Дегенмен көпшілігі жанашырлықпен қарады. Шешесі де намыстана қоймады.  Өйткені қызы жамандығынан, аярлығынан қайтып келіп отырған жоқ. Бар  болғаны табиғи кемшілігі. Тағдыр. Тағдырдың жазуынан ешкім де асып кете  алмайды. Жамал келген бетте өзі оқыған мектепке бастауыш сыныптың  мұғалімі болып орналасты. Шиеттей балалардың ортасында өзінің мұңын да  кемдігін де ұмытқандай болды. Сол балалардың әрқайсысына өз баласындай  қарады. Олардың білімді, тәрбиелі болып өсуіне күш салды. Мамандығына  немқұрайлы қарайтын әріптестеріне үлгі болды. Бұл кезде Нұрбол да көрші  ауылдың бір қызына үйленіп, балалы-шағалы болған. Олармен көрші ретінде,  дос ретінде жақсы араласып тұрды. Әйелі де біртоға момын адам екен.  Бірде жиын-тойдың бірінде қатар отырып қалып:

–  Сізге қолы  жетпегеннен кейін мені алыпты ғой. Егер сізге қосылғанда менің қайда, не  істеп жүретінімді бір Алланың өзі білсін, – деп, күлген.

–  Маған айтпаған сезімін, саған айтқан екен ғой, – деді бұл.

–  Ой, біздер дос сияқтымыз. Бір-бірімізден сырымызды жасырмаймыз.

–  Оларың жақсы екен.

–   Тұңғышымыздың атын Жамал деп қойғысы келген. Айналадағы ел-жұрттан  ұялғандықтан іштей тынды. Өйткені Жамал деп қойса, сырының ашылып  қалатынын білді.

– Қоймағандарың жақсы болған екен.

–  Неге?

–  Неге дейтіні бар ма.

–   ...

– Сен қарсы болмас па едің?

– Жоқ, түк те қарсы болмас едім.

Ауылдың  адамдары жақсы. Бәрі өзіңнің таныстарың, туыстарың. Көбісі қызаласыпас  туыстар. Қыз алысатындардың өзі бөтен емес, бір рудың адамдары. Содан да  болар өмір сүру жеңілдеу. Әйтпесе, қалалы жер болса, жесір көрген  жігіттің желігі қозатыны белгілі емес пе. Ажырасқан екен десе, тіпті,  жақсы, арам ойы көздерін ойнақтатып жібереді. Ал ауылда олай емес. Бәрі  де сыймен, құрметпен қарайды. Оның үстіне Жамал қырықтан асқан, қарны  шыққан әйел емес, әлікүнге ернінің қызылы қайтпаған, отыздан енді асқан  үлбіреген жас келіншек. Алаулаған ақ жүзі әлі де талай қыздан кем емес.  Бәрі де сол Жомарттың қызы, өзіміздің Жамал деп қарайды. Осының бәрі де  Жамалдың мұңын жеңілдетіп, еңсесін тіктеді. Ендігі өмірім не болады деп  ойлаған жоқ. Анасы тірі болса, бауырлары аман болса болды да, мұғалім  болып, бала тәрбиелеп, өкіметтің берген ақшасымен күнін көре береді. Ал  тұрмыс құру деген нәрсе миына кіріп шыққан емес. Онсыз да он екіде бір  гүлі ашылмай жатып келіншек болып, жастай тірі жесір атанғаны жетер.

Жамал  ойламағанмен анасы ойлайтын. Жамал бағы ашылмай қайтып келгенде-ақ,  ендігі өмірі, алдағы күні қалай болар екен дейтін. Кез келген ананың  арманы сол ғой, перзентім бақытты болса екен дейді. Баласының бағы  ашылса, өзі де бақытты. Баласы сүрінсе, жаны бірге ауырады.  Қазір ғой  жас, ешнәрсенің ауырын сезіне бермейді. Қартайғанда қиын болмаса жарар  еді. Ең болмаса бір баласы болса ғой деп армандайтын.

Жамалдың  бар ойы қызметі болды. Алаңдайтын басқа шаруасы жоқ жас мұғалім – білімі  мен жастық жігерінің арқасында жемісті еңбек етті. Оның сыныбындағы  оқушылар бір жылдың ішінде-ақ өзгелерден ерекшеленіп шыға келді. Білім  сапасымен де белсенділіктерімен алға озған. Жамалдың іскерлігін  бағалаған мектеп директоры оны өзінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары  етіп тағайындады.

Сондай күндердің бірінде Жамал мұғалімдер  бөлмесінде күнделікті газеттерді парақтап, жаңалықтармен танысып  отырған. Республикалық әдеби газеттің келесі бетін ашып қалғанда таныс  бейне көзіне оттай басылды. Баяғы студент кезінде келіп-кетіп жүретін  ақын досын суретінен бірден таныды. Иә, сол Шернияз. Өлеңдері шыққан  екен. Жамал енді бірден өлеңдерді оқуға кірісті. Бәрі де ғашықтық  жырлары екен. Әр жылдары, әртүрлі тақырыптарға жазылған демесең, бәрі де  бір адамға арналғаны көрініп тұр.

Лирикалық кейіпкер ойда жоқта  кезіккен махаббатынан ойда жоқта айырылып қалғанына өкінеді екен. Бірақ,  қол ұстасып жүрген сол бір күндерді өмірінің баға жетпес байлығы,  ортаймас қазынасы деп санайды екен. Сүйгені, сүйіктісі аққу құстай ұшып  кеткенде, ол асыранды қаз құсап қалып кеткен екен. Содан әлікүнге  қаңқылдап жүрсе керек. Бір өлеңі "мен бұлай жалғыздықпен күн кешпес ем,  өзімді саған лайық санағанда" деп аяқталса, келесі бір өлеңі:  "Альбомымда суретің жоқ, Жүрегімде бейнең бар..." деп бітеді екен.

Шындығында  екеуі соншама бірге жүргенде бірде-бір рет суретке түспеген екен. Бұл  да оған жалғыз түскен суретін қалдырмапты. Бірақ, ақынымыз Жамалдың  елесін әлпештеумен жүр екен. Өзіңді біреудің, біреу болғанда да, әшейін  біреу емес, ақын адамның сырттай жақсы көргені, өміріңді жырлағаны  қандай жақсы. Кез келген адамға ұнайды-ау.  Жамалға да ұнады. Ол ақынның  суретіне қарады. Көп өзгермеген екен. Әрине оны көрмегелі он бес жыл  болса, сол  он бес жыл бекер өтпей, өзінің өрнегін сала кеткен. Ол анық  көрініп тұр. Маңдайындағы әжімдер тереңдеп, көзінің астына ісік пайда  болыпты. Сол баяғы қысы-жазы қолынан түспейтін бөтелкенің кесірі деп  ойлады.

Жамал Шернияздың өлеңдері шыққан газеттің редакциясына  хабарласып, автордың телефонын сұрап алды. Оқырманы едім деді. Аларын  алғанымен хабарласа алмады. Хабарласқанда не демек? Ажырастым, қор  болдым демек пе? Жоқ, олай болмайды. Көңілін бұзбайын деді. Мүмкін  хабарласқаны да дұрыс шығар. Екеуі дос, сырлас еді ғой. Ақырында телефон  соқпаса да, уатсап желісі арқылы, "өлеңдеріңіз жақсы екен" деп жазып  жіберді. Және уатсапқа өзінің ең әдемі суреттерінің бірін қойды. Күліп  түскен суретін салды. Көрсе таныр деді.

Арада бірер минут өткенде  көзі тас төбесіне шығып таңғалған смайлы бар хабарлама келді. Артынша  "Бұл сен бе?" деген жазба түсті. Бұл "иә" деп, қысқа қайырды. Тағы да  смайл. Бұл жолы қатты қуанған кейіптегі смайл. Содан екеуара әңгіме  басталып кетті. Қал сұрасу, жаңалық бөлісу, ауа-райын айту. Жазған  өлеңдеріне қарасаң, әлікүнге жалғыз жүрген адам сияқты. Шындығында олай  емес екен. Шернияз үйленген екен. Бір емес, екі баласы бар болып шықты.  Онда неге жалғыздық туралы жыр жазады. Иә, бірақ, ақын дегендеріңіз  тумысынан жалғыз емес пе. Бұндай өлең-жырларды Шерниязға дейінгі  ақындардан да жиі кездестіруге болады. Шернияз бен Жамал бұдан кейін де  жиі хабарласып тұрды. Әрине, әңгіменің барлығы достық рәуіште өрбіп  отырды. Уақыт өтіп жатты. Шернияз бір әңгімесінде қалаға келіп жатсаң  хабарлас деген. Енді міне Жамалдың қалаға жолы түсіп тұр. Бірақ,  Шерниязға баратынын айтқан жоқ. Отбасылы еркек пен жесір келіншектің  кездесуі қалай болмақ? Жамал қажет емес деп шешті.

Мұғалімдердің  білімін жетілдіру институндағы екі апта зыр етіп өте шықты. Жамал ертең  ауылға кетпек. Шерниязға хабарлассам қалай болар екен деп ойланды. Бір  ойы қажет емес десе, екінші ойы онда тұрған ештеңе жоқ дейді. Шындығында  кездескенде тұрған не бар? Бірақ, онсыз да өзін жалғыз сезініп, адасып  қалған аруын аңсап жүрген адам ғой, ол кездесуден кейін ойы бұзылып  жүрмес пе екен? Жамал өз бақыты үшін біреудің ошағын бұзып, отбасын  талқандайтын адам емес. Тышқан мұрнын қанатпайтын адам үшін, біреудің  үйінің тыныштығын бұзу – кешірілмейтін күнә. Онсыз да өксігі мен өкініші  көп өмір ғой, осы жолы тартынбай-ақ қояйыншы, кездесейін деп шешті.  Оның үстіне ол Шерниязға да сенді. Шернияз да ақымақ адам емес. Бұрын  екеуінің де басы бос кезінде бас салмаған адам, енді осыншама тағдырды  кешіп келіп, бағытынан кері айнала қоймас. Обал-сауапты білетін адам  ғой. Ақыры хабарласты. Бірер күн бұрын келгенін, ертең жүріп жатқанын  айтты. Шернияздың сол сәтте қолы бос болды ма, әлде бұл үшін бар  шаруасын жиып қойды ма, белгісіз, әйтеуір көп күттірген жоқ. Салып ұрып  келіп тұр. Сол баяғы Шернияз. Екеуі таяу маңдағы дәмханалардың біріне  бас сұқты. Айтылмаған әңгіме, бөліспеген сыр қалмағандай. Жамал өмірінде  татып алмаған, ал, Шер бұл күнде ішімдікті ада-күде қойған екен. Оны  өзі айтты.

–  Екеуміздің соңғы кездесуімізден кейінгі күндер маған  ауыр болды. Ертерек қоштасып қойған жоқпын ба деп те ойладым. Содан бір  күні сырамды тастап, өзімді қалыпқа келтіріп, бір құшақ гүлімді алып  барсам, кетіп қалған екенсің... Кешігіп қалыппын. Бұлай бәрі тез болып  кетеді деп ойлаған емеспін.

–  Өзім де соның қалай тез болып кеткеніне таңым бар. Тағдыр шығар.

–   Мүмкін. Саған барғанда бәрін қайта бастайын деген ойым болған жоқ.  Соңғы рет адам қалпымда көрсе екен дедім. Өйткені көбінесе қоштасқан  адамдардың санасында соңғы көрген сәті сақталып қалады ғой. Мен туралы  ойлай қалса, сыраға сылқия тойып алып, қасірет шегіп отыратын адам емес,  есі дұрыс жігітті елестетсе екен деп ойлаған болуым керек.

–   Жақсы екен. Расында мен сіз туралы ойлағанда ылғи өзіңіз айтқан образда елестететінмін. Сізге бір сұрақ қойсам болады ма?

–   ...

–   Сіз маған ылғи дос ретінде қарап келдіңіз. Бірақ, өлеңдеріңізді  оқығанда ғашықтық ғазалдары екенін түсіндім. Егер шынымен дос ретінде  қараған болсаңыз, өлеңдеріңіз неге өрекпіп тұр. Ал, сүйген болсаңыз,  неге мені алып қалмадыңыз.

– Сен бақытты болса екен дедім.

–  Сіз бақытты ете алмайтын ба едіңіз?

– Ол ұзақ әңгіме. Сен жақсы өмір сүрсін, жарқырап жүрсін деп армандадым. Ал менің өмірімнің күнгейінен көрі көлеңкесі басым.

–  Пейіліңізге рахмет. Бірақ сол күндерде мені емес, өзіңізді бақытсыздықтан қорғап қалғаныңызды білесіз бе?

–   Түсіндім. Әрине, екі балам менің бақытым. Өмірімнің мәні. Бірақ,  сенімен қосылған болсам, қандай жағдай да да өзімді бақытты санар  едім...

–   Сол... Өзіңіз айтқандай сіздің ендігі өміріңіздің мәні  балаларыңыз. Өміріңіздің мәні кетпесін. Сізге сондай бақыт сыйлаған  жарыңызды құрметтеңіз.

Екеуара әңгіме біразға созылды. Шернияз  бұны институт жатақханасына жеткізіп салды. Бұл кезде де ол қол беріп  қана қоштасты. Кетіп бара жатып:

–  Әлі жассың ғой, бақытыңды табуға тілектеспін. Уақытыңды өткізіп алма, – деді.

Жамал  сол сәтте ғана өзінің әлі де жас екенін, әлі де бақытты болуға  мүмкіндігі бар екенін түсінгендей болды. Бірақ қалай? Басқалай жағдайда  бағы ашылмай келсе, жанын түсінетін, көңілі жарасатын адамның табылуы  мүмкін де шығар. Бірақ, пұшпағы қанамай келген келіншектің кімге керегі  бар. Кімнің ондай басы ашық бақытсыздыққа батылы барсын. Қайшы енесі  айтпақшы, бір жігіттің ғана емес, тұтас бір отбасының бақытсыздығына  себеп болғанша, өзімен өзі жүрген жақсы емес пе? Жамал осы шешімге  біржола тоқтаған. Анасы жанында, бауыры қасында. Сол бауырының балалары  бұған да бала. Бала демекші, Жамалдың балажандығында шек жоқ. Үйдегі  бауырының балаларына, мектептегі оқушыларға кереметтей қамқор. Оларды  ылғи мейіріміне бөлеп жүреді. Кейде өзі солармен ойнағанда бала болып  кете жаздайды. Егер баласы болғанда нағыз ана болар еді-ау. Қайтесің,  Алланың бермегенін тартып ала алмайсың. Қазақтың да кейде тілі ащы ғой,  әлгібірде "баланы ұялсын деп қызға береді, қиналсын деп кедейге береді"  дегенді естігені бар еді, сол рас-ау тегінде. Әйтпесе, Жамалдың өстіп  сорлайтындай не кінәсі бар еді?

Жүректе жара да, көңілде нала да,  бәрі де басылады екен. Кезінде әкесі қайтқанда да жалғасқан тіршілік қой  бұл. Қайтып келдім екен деп, керексіз болдым екен деп қайғыра берудің  де еш реті жоқ. Оның үстіне арада біраз уақыт та өтті. Ал уақыттан асқан  емші жоқ. Қар жауады, із басылады, ит үреді, керуен көшеді.

Ақпарат көзі

0
2
3076

Осы тақырып бойынша