Мазмұнға өту
Обложка сообщества QazAgym

Бақытты Жамал (Шағын хикаят)

Одан бері қаншама жыл өтті. Бұлар үйленгеннен кейін бір жылдан соң Жәнібек ауылдағы ата-анасын қолына алған. Содан бері бірге тұрып келе жатыр. Бұлардың перзент сүйе алмай жүргендері әуелі сол ата-ененің жанына бататын сияқты. Оны әрқалай байқатып та жүр. Әрине, жандарына батады. Өйткені бетіне қарап отырған жалғыз ұлдары. Егер бұлар балалы болмайтын болса, бір атаның ұрпақ жалғастығы тоқтамақ. Құдай бетін аулақ қылсын, бұл қазақта кешірілмейді. Қазақ басқа-басқа ұрпақ жалғастығына өте-мөте мән береді. Алты қызы бар еркектердің ұл тумадың деп әйелін тастап кеткенін естігенде күрсінгеннен басқа ештеңе де істей алмайсың. Ал бұларда алданыш боларлық бір қыз да жоқ. Осыншама жылдарды бірге өткізіп келе жатқан болса, оған сол үзілмейтін үміт себеп. Бірақ, үміт дегеніңіз үзіле қоймағанымен уақыт өткен сайын жіңішкере береді екен. Ойсыздық дейсіз бе, жаныашымастық дейсіз бе, әйтеуір адамдардың қойып қалатын сөздері де Жамалдың жанын ауыртып біткен. Үйленгендеріне он үш жыл болды дегенде әңгіме ашық айтыла бастады. Жәнібектің әкесі қанша дегенмен ер азамат. Ол араласатын әңгіме емес. Шешесі адуынды адам еді. Ол кісінің аты Қайша болғанымен, ауылындағы адамдар Қайшы атап кеткен екен. Сол Қайшының өзі он үш жыл шыдады. Шындығында шыдатты. Жәнібек шыдатты. Бекер обалы кәні, Жәнібек Жамалға үлкен қорғаныш бола білді. Күтеміз деді, күтті. Араласпаңдар деді, араластырмады. Бірақ шыдамның да шегі бар екен.

Жамал күндегідей жұмысынан келіп, кешкі асты әзірлеуге кіріскен. Жамал бұл күндері осы шағын аудандағы бір мектепте бастауыш сыныптың оқытушысы еді. Сол кешкі асты дайындап жүргенінде енесі сөз бастады.

–  Не ойларың бар? – деді.

Жамал сұрақтың төркінін түсінді. Түсінгендіктен де абдырап қалды. Тілін жұтып қойған адамша үнсіз тұрды да, екі қолын жайып иығын қиқаң еткізді. Төтесінен қойылған сұраққа бұдан артық қандай жауап болсын.

–  Әрине, жарасты ғұмыр кешіп жүрсіңдер. Екеуіңе елдің бәрі қызығады. Отбасы болса, сендердей-ақ болсын. Бәрі жақсы, бәрі дұрыс. Бірақ... Күні ертең кеш бола ма деп қорқамын... Сен ойлан.

–   Мен не ойланайын?

–  Сен Жәнібектің бағын байлама. Жәнібектің ғана емес, бәріміздің бағымызды байлап отырсың.

–   Енді не істейін?

– Жәнібекке рұқсатыңды бер. Жәнібекке де, бізге де өкпе-ренішің жоқ шығар. Шыдауындай-ақ шыдадық. Уақыт өтіп барады. Ал, сенде жақсылықтың нышаны жоқ. Бұрынғының қазақтары бұндай жағдайда "сенен бұрын жел туады" деп бетіне айтып, жөніне қайтарған. Мен саған ондай ауыр сөз айтпай-ақ қояйын.

"Ондай ауыр сөз айтпай-ақ қояйын" дегені несі. Айтты емес пе? "Сенен бұрын жел туады" деген сөз Жамалдың бетіне жел боп қана тиген жоқ, бүкіл жанын, жүрегін, көңілін желдетіп жіберді. Тұла бойы мұздап сала берді. Сол сәтте теңселіп те кетті-ау деймін. Аршып тұрған пиязын да, пышағын да үстелге қойып, өзі орындыққа отыра кетті. Жанарына жас үйірілген екен. Кірпігін қағып қалғаны сол еді, ақ жүзінен мөм-мөлдір екі тамшы сырғи жөнелді. Қайшы қояр емес.

–  Саған да жаным ашиды, айналайын. Бірақ, екінші әйел алатындай Жәнібек баяғының байлары емес. Балалы болса, осы үйде болсын.

Жамал бұдан әрі шыдай алмады. Орнынан тұрып, өз бөлмесіне келді. Бөлмесіне кірген бетте төсегіне құлай кетті. Жастығын бүркеніп алып, қыстығып жылады. Қанша жарасты болғанымен, осы бір жар төсегенің құтсыз болғаны-ай. Жастықты құшақтап жатып-ақ жастығым өтіп барады екен-ау деп ойлады. Жамал қорғансыз сәбидей еді. Бір уыс болып жатты. Қазір қорғанышы, азаматы, арқа сүйері келеді. Бәрін орнына қояды. Дегенмен, қанша қорғаған күннің өзінде айтылар сөз айтылды. Енді бұл үйде қалудың еш реті жоқ шығар. Әй, бірақ, бұны Жәнібек жібере қоймас. Азаматы ғой, қорғанышы ғой. Алпамсадай денесімен бұны құшақтап, жас аққан жанарынан сүйеді. Жұбатып алады. Қазір келеді. Келетін уақыты болды.

Әне келді. Иә, Жәнібек келуін келді. Бірақ, бәрі де Жамал күткендей болмады. Кірген бетте Жамалды сұраған. Шешесінің қабағы мен салқын сөзінен бір шикіліктің барын сезіп, бөлмесіне келген. Бүк түсіп, бүрісіп жатқан Жамалды көрді. Қайтадан ас бөлмеге барды. Анасы екеуі де бір-біріне дауыс көтеріп жатты.

–  Айттым ғой мен сендерге, араласпаңдар деп. Маған ешқандай да бала керек емес.

– Саған бала керек емес болса, бізге немере керек. Біздің қатарымыздың алды шөбере сүйе бастады. Біз отырмыз, сенің бедеуіңнің бетіне қарап. Егер осы бетіңнен қайтпаймын десең, оныңды айт. Біз ауылға кетеміз. Мына бақытсыздық жайлаған көңілсіз үйіңде өзің қал,–деді.

Жәнібек бөлмесіне келді де төсектің аяқ жағына отыра кетті. Екеуі де үнсіз. Жамал дәл осындай жағдайда бұл үйде қалудың енді ешқандай да мүмкін емес екенін сезді. Орнынан тұрды да киімдерін жинай бастады. Жәнібек ештеңе дей алмады. Өйткені ол да шарасыз еді. Екі оттың ортасында қалған. Ары тартса арба сынады, бері тартса өгіз өледі. Арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей осы күнге дейін келген. Енді ешқандай амалы жоқ. Осы күннің бір туарын өзі де сезіп, біліп жүрді-ау деймін. Мүмкін іштей осылай бола қалған жағдайда не істеуім керек дегенге дайын жүрген болуы керек. Әйтпесе, мына отырысы не енді? Жамал жиналып болғаннан кейін Жәнібектің бетіне тік қарап:

–  Не дейсің?-деді.

–   Не дейін, әкем менен шешемнен асып қайда барамын. Мен-ақ бақытсыз болайын, солар-ақ бақытты болсын, – деді.

–   Мені апарып таста.

Екеуі жол бойы үнсіз келді. Баяғыда, бұлар жаңа танысқанда Жәнібек Жамалды осы үйге әкеліп еді ғой. Бұл үй Жамалдың үлкен ағасы Беріктің үйі. Сол күні Жәнібек Сәкен Сейфуллин атындағы көшемен келе жатып, Гоголь көшесімен солға бұрылған екен. Не үшін бұрылғанын өзі де білмейді. Мақсатсыз бұрыла салған. Бұрылғанда жолдың бойындағы аялдамада бүрісіп тұрған Жамалды көрген. "Мені сол жолы тағдырдың өзі бұрды" деп күлетін. Екеуі қосылғанда да "мен сол күні, сол сәтте, Сейфуллин көшесімен құлдилап келіп, Гоголь көшесімен солға қарай бұрылмағанда сені кездестірмес едім, сені кездестірмесем, осыншалық бақытты болмас едім",–деген.  Және осы сөзді ылғи айтып жүретін. Айтқанда да риза-хош көңілмен айтатын. Енді Жамал іштей сол сөзді күрсініп айтып отыр. "Сол күні, сол сәтте, осы бір жігіт Сейфуллин көшесімен құлдилап келіп, Гоголь көшесімен солға қарай бұрылмағанда, бұның бірі де болмас па еді?"

Алғаш танысқандарында осы үйге тегін әкеліп тастаған жігіт араға он бес жыл салып, бұны тағы да тегін әкеліп тұр. Бұл жолы үйіне дейін жеткізді. Ермек пен Жәнібек салқын амандасты. Ермек те түптің-түбінде не боларын біліп жүрген көрінеді. Не жағдай, не әңгіме деп сұрамады. Жәнібек жүктерін түсіріп берді де, жүріп кетті. Кетіп бара жатты да:

–   Әлі кездесеміз ғой, – деп, мұның мұрнының ұшынан сүйді.

Ылғи сөйтетін. Сағынысып көріскендерінде де, қатты жақсы көріп кеткен кездерінде де Жәнібек Жамалдың мұрнының ұшынан сүйетін. Тіпті кейде дастархан басында отырып та Жамалдың мұрнынан сүйіп отыратын. Кейде екі саусағымен қысатын. Бұл жолы да сөйтті. Мұрнының ұшынан сүйді. Жақсы көріп тұр ғой. "Әлі кездесеміз ғой", – деді. Иә, кездесетіндері анық. Ең құрымаса, айырылысуға барғанда сотта кездеспей ме?

Берік Жамалды кері тепкен жоқ. Қанша дегенмен бауыры ғой. Қарындасы мынандай жағдайда қалғанда қорған бола алмаса, несіне жүр. Көңілін аулап-ақ бақты. Жеңгесі де салқын қабақ танытпады. Адам адам болғаннан кейін басына не келіп, не кетпейді десеңші. Сонда сәттерде арқай сүйер ағаңның, жанашыр жақыныңның болғаны қандай жақсы. Өзі керексіз болып келіп отырғанда ет жақыны кері итергендей қылса, не болар еді.

Шындығында керексіз адам болғаны ғой. Керексіз емей немене. "Бұрынғының қазақтары "сенен бұрын жел туады" деп бетіне айтып, жөніне қайтарған екен деді ме? Адамдар небір себеппен ажырасып жатады ғой. Соның ішіндегі ең ауыры осы шығар деп ойлады, Жамал. Бұдан көрі балалары болып, басқа бір адамды сүйіп қалып, тастап кетсе арман жоқ екен-ау. Еркектің еркектігі, ақымақтығы деп қоя салады. Мына жағдай өте ауыр екен. Жәнібекке ешқандай өкпесі жоқ. Түк ренжімеді. Әкем мен шешемнен асып қайда барамын деген ынжықтығына да түсіністікпен қарады. Өйткені бұл бәрін біледі, түсінеді. Жәнібек негізінде жақсы адам. Оны жамандыққа қимайды да, ол туралы жаман ойлай алмайды да. Қазір де міне сағынып, жақсы көріп отыр. Шашымнан сипап, мұрнымның ұшынан сүйсе екен деп отыр. "Әлі кездесеміз ғой" деді. Иә, әлі кездеседі. Жамалдың ойы тым тереңдеп кетті. Жәнібек үйленсін, бала сүйсін. Жәнібек шындығында қандай бақытқа да лайық адам. Ешкімнің жолын кешпей-ақ, ақ, адал еңбегімен осы әлетке жетті. Сондай адамның өмірден перзентсіз өткені жақсы емес. Балалы болсын, әйелімен бақытты өмір сүрсін, бірақ маған келіп тұрса ғой деп армандады. Артынша өз ойынан өзі шошып, мырс етті. Адам деген осынша қасірет шегіп жатып та күледі екен-ау. Рас-ау, қызығы қызық қой. Кешегі күйеуіне бүгін көңілдесім бол демек пе. Кеше сүйген жары болсаң, бүгін түн жамылып ұрын келіп тұратын көңілдесі болмақпысың. Несі бар, болады. Көңілдесі емес, екінші әйелі болады. Бірақ, оған кейінгі әйелі рұқсат берер ме? Кейінгі әйелі демекші ол кім екен өзі? Жәнібектің сондай бір көздеп жүрген адамы бар ма екен? Жоқ болса табылар, бар болса қосылар. Егер бар болған болса, онда Жәнібектің бұған адал болмағаны ғой. Жоқ, Жәнібек ондай адам емес. Оның ондай ешкімі болған жоқ. Ендігі уақытта тапса табар.

Адамдар не деген қатыгез еді. Жәнібектің айналасындағы достарының келіншектері бұның да сыйластары емес пе еді? Осы жағдай орын алғанда бірде-біреуі қал сұрауға жарамады. Бәрі бірден теріс айналды. Бұның бойына қатар үйлескен жан сұлулығы мен тән сұлулығын көре алмайтын кейбірі сауап деген де болар.

Жәнібек байғұс өзі бастап, батылы барып, сотқа арыз бермеуі мүмкін, жанын қинамайын деп, Жамал аудандық сотқа өзі барған. Межелі күні келгенде екеуі сотта кездесті. Жамал ешқандай дүниеге ортақтаспайтынын, ешқандай да бөлістің керегі жоқтығын айтты. Екеуі сыртқа шыққан соң бірден кетіп қалған жоқ. Жақын маңдағы кафелердің біріне кіріп, түскі ас ішті. Бұрынғыдай жарасып отырмаса да, өте салқын болған жоқ. Әңгімелерін айтып, шәйларын ішіп отырды. Қоштасарда Жәнібек бұны құшағына қысып, мұрнынан сүйді. – Мені жек көріп кетпейсің бе? – деп, батылсыздау сұрады. Жамал оның көзіне жәудіреп қарады. Бірер сәтке жауап бермей үнсіз тұрды. Содан кейін жәй ғана сыбырлап:

– Сені жек көру мүмкін емес, – деді.

Жәнібек қуанды. Өзінің де бұны ешқашан жек көрмейтінін, жек көре алмайтынын, сағынатынын айтты.

–  Сағынсаң келіп тұр, – деді.

–  Келемін, келемін, хабарласамын, – деді Жәнібек.

Жамал жаяу келе жатты. Құдай-ау, бәрі осылай оңай аяқтала салады деп кім ойлаған. Өзін-өзі жей бергеннен пайда жоқ. Қайткен күнде де еңсе тіктеу керек. Жамал мектептегі жұмысынан шықты. Өйткені ол мектеп Жәнібектің үй жағында. Бұл болса, басқа ауданда тұрады. Екеуі екі айдала. Жол шалғай, қатынас қиын. Берік те қанша жерден туған бауыры дегенмен, қазір бөлек отбасы. Оның да бақытты өміріне кедергі келтірмеу керек. Үйі де тарлау. Ең тынышы ауылға қайту шығар. Ауылдағы үй кең, ол жақтағы бауыры да, жеңгесі де жайлы адамдар. Ең бастысы өзінің өскен үйі. Анасы да жанында. Тынышы сол деп деп ауылға тартып отырды.

"Сол күні Сейфуллин көшесімен келіп, Гоголь көшесімен солға бұрылмағанда, бұның бірі де болмас еді...

Ақпарат көзі

0
0
2396

Осы тақырып бойынша

Бақытты Жамал (Шағын хикаят) - Yvision.kz