Бақытты Жамал (Шағын хикаят)
Шындығында күшті-ақ жер. Бұл жерде енді тек күшті өмір сүру керек. Рас, жаман өмір сүрген жоқ. Жәнібек пен Жамал ертегідегідей жарасты ғұмыр кешті. Ертегідей дейтініміздің екінші себебі де жоқ емес. Ертегілерде "баяғыда бір бай болыпты, төрт түлігі сай болыпты, бірақ, бір перзентке зар болыпты" деп жататын еді ғой. Бұлар да сөйтті. Бір перзентке зар болды. Әуелгі бір жыл жеңілдеу болды. Биыл болмаса келер жылы болар деген. Келер жылы да бақыттың белгісі байқалмады. Үшінші жыл дегенде уайымдай бастады. Екеуі қол ұстасып дәрігерге барды. Дәрігер екеуінен де кінәрат таппады. Денсаулықтарында дәз жоқ екен. Кейде бұндай жағдайдың болатынын, уақыты келгенде көтеретінін айтты. Күту керек екен. Күтті. Алғашқыда Жәнібек те аса уайымдай қойған жоқ. Жастықтың жалыны мен махаббаттың қызығы тұрғанда сарсаңға салар уайымға орын жоқ еді. Ол жарының жан сұлулығымен де, тән сұлулуғымен де мақтана алатын. Шіркін, Жамалыңыз Жамал десе дегендей-ақ келіншек қой. Ешкімнің бетіне жел болып тимейді. Жылы жымиып қана жүреді. Дәл осындай биязы мінезі үшін-ақ, көп нәрсені кешіруге болады. Қайда бармасын, кіммен араласпасын екеуінің де жүзі жарық. Бірақ адам пенде болғаннан кейін, сол пендешілік орын алмай тұра ма? Бұлардың перзентсіздігіне біреулердің шынымен жаны ашыса, енді біреулер іштей табалайтындай да. Әсіресе, бұндай мінездің келіншектер арасында көрініс беріп қалып жататыны рас.
Осы жылдар аралығында Жамал қыздар университетіндегі оқуын да тәмамдаған. Бұл екінші курсты бітірер жылы тұрмыс құрды емес пе. Сол екінші курсты бітіргенше күндіз бөлімде оқып жүре берді. Екінші курсты бітіргеннен кейін сырттай оқу бөліміне ауысты. Жамал тұрмыс құрып кеткеннен кейін баяғы ақын жігіт Жамалды іздеп жатақханаға келген екен. Қолында қып-қызыл, ұзын-ұзын раушандары бар екен. Бұның тұрмыс құрып кеткенін естігенде, басында сенбеген көрінеді. Кезекті әзіл-қалжыңның бірі деп қабылдаса керек. Артынша, "біреу алып қашып кеткен ғой, әйтпесе, мүмкін емес жағдай" депті. Бұл әңгімені осы ақын жігітпен таныстырған бөлмелес құрбысы айтып берген. Жамал құрбысынан бір ғана нәрсені сұрады:
– Әдеттегідей ішіп келген болар.
– Жо-о-о-қ, керісінше тап-таза жүр. Қолына бұрынғыдай сыраның бөтелкесін емес, гүл ұстап келген.
– Ішпегені дұрыс екен. Аман болсын.
Бұл өмірде романтик болғанның, биязы болғанның, әліптің артын баққанның ешқандай зияны жоқ шығар. Бірақ, адам деген, әсіресе жігіт адам ынжық болмау керек. Шаттық пен бақытқа ұмтылмаған адамды мұң оңай торлап алады. Жамалдың өмірінде кездескен екі адам да көріп тұрған бақытына ұмтылмаған, биігіне қол созбаған момын жандар болып шықты. Нұрбол анау, Жәнібек мынау. Егер Жамалға қолы жетпегендіктен өздерін бақытсыз санайтын болса, сол бақытсыздыққа ешкімнің де кінәсі жоқ. Тікелей өздері кінәлі. Өздерінің соры. Әйтпесе, олардың аузындағыны жырып әкеткен ешкім жоқ. Бірақ, тағдыр деген тағы бар. Тағдырыңа жазылмаған адам болса, қанша ұмтылсаң да, қосылмайсың. "Жүгірген жетпейді, бұйырған кетпейді" деген рас, тегінде. "Бұйырмаған ... кетеді деген" ауыр мәтел тағы бар. Сол тағдыр шығар деп қоя салады. Бірақ, бір қызық нәрсе бар. Жарайды, ұмтылып қолдары жетпесе, түсінікті. Неге емеурін де танытпады. Адамның өзі қандай болса, айналасы сондай болады екен. Демек, сен таза, пәк болсаң, айналаңдағы адамдардың саған деген ойы да, әрекеті де сондай болады. Ал жеңілдеу болсаң, өзгелердің де әрекеті сондай болмақ. Бұны Жамал өзі түсінген жоқ, Жәнібек айтқан. Бірде бұлар осындай тақырыпта сөйлесіп қалғаны бар еді. Сонда Жәнібек айтқан.
– Сен қандайсың, мен сондаймын, – деген. – Мен де ақ-адал адам емеспін. Менің қателескен, шалыс басқан, бүлінген, бүлдірген кездерім бар. Бірақ, сенің алдыңда басқа адаммын. Өйткені олар басқа еді, сен басқасың. Сол үшін де сен туралы жаман ойлай алмадым, артық қимылға бармадым, – деген.
Бұл да дұрыс шығар. Бірақ, Жәнібектің мына сөзі бір жұмбақтың шешімін тапқанымен, тағы бір нәрсені жұмбақ қылып кеткендей. Адам дегеннің өзіндік болмысы деген болмай ма? Жәнібек егер күні ертең жолай жолбикелердің біріне кезігіп қалса, оған да сен қандайсың, мен сондаймын демек пе?.. Жамал "құрсыншы" деді. "Менің ойым қандай, Жәнібек сондай" деп ойлады. Жәнібек те Жамал туралы мүлде жаман ойлаған емес. Оған жол да жоқ. Күдік, күмән келтіретіндей емес, Жамалдың ақтығына да, пәктігіне де көзі жеткен.
Екеуі қосылған жылы жазда тойларын жасап, артынша Жамалдың ауылына барған. Екеуі ғана емес, Жәнібектің бірқанша туыстары бірге барды. Құдалықтың жөн-жоралғысы, есік-төр көрсету деген сияқты себеппен. Бұларды Жамалдың туыстары жақсы күтіп алды. Даңғырлаған музыка, көтерілген қазан, қайнаған самауырлар бұл үйде үлкен қуаныш болып жатқанын айғақтап жүр. Қазан басында Нұрбол жүр. Сол баяғы Нұрбол. Алғаш кезіккенде қалың көпшіліктің арасынан күліп амандасты. Жүзінде мұңның, бақытсыздықтың ізі де жоқ. Жайнап, жарқылдап-ақ жүр. Бұның баяғыда жақсы көргені, ұнатқаны шын ба, өтірік пе өзі? Шын болса, шын шығар-ақ. Өзіне бұйырмағасын, өзгеге қайырлы болсын дегені шығар. Бұның бақытын тапқанына шынымен қуанған шығар. Онда шын жақсы көргені ғой. Жә, жарайды, боларымыз болды, бояуымыз сіңді дейік. Бәрі дұрыс. Бірақ, осы бір жұмбақ осылай шешілмеген күйі қала бермек пе? Бұның басы бос кезінде бас көтеріп бірдеңе демеген адам, бұл басқамен қол ұстасқанда бірдеңе дей қояды деу тағы қисынсыз.
Қызықтың көкесі алдыда болды. Құдалар мен оларды күтуші туыстар ет жеп, шәй ішіп болғаннан кейін сыртқа шықты. Жамал да қонақтармен бірге шыққан. Сыртта ойнақы әндер бірінен кейін бірі айтылып жатқан. Осы кезде магнитафонның маңында жүрген Нұрбол "Көршінің қызын" қосып кеп берсін. Ешкім ештеңе аңғарған жоқ. Кәдімгі ән, кезекті музыка. Бар болғаны Нұрболдың жанары жылт етіп, Жамалдың іші қылп етті. Біреудің ішіне кіріп шыққан біреу жоқ. Ән ойналып жатыр. Жамал ол әннің әр сөзіне назар аударды.
"Ғашықтар халқы ұлылық күтті, Орындалмасын кім білген?!". Алғашқы екі жолы осылай екен. Иә, ұлылықты күткендері де рас, оның орындалмағаны да шындық. Кейінгі жолдарын тыңдады. "Қағаз гүлдердің ғұмыры тіпті, Ұзақтау екен шын гүлден". Бұл да айдай ақиқат. Жамалдың үйінде қағаз күлдер толып тұры. Баяғыда сыныптастары сыйлаған. Нұрболдың Жамалды көруге үлгере алмай қалатын кезінде, жайлаудан теріп әкелген гүлдері сол кезде-ақ қурап үлгерген. Сосын анау қаладағы ақын жігіттің де сатып алған гүлі, бұның "қашып кеткенін" айтқан құрбысының үйінде төрт-бес күн тұрып, артынша қоқыс жәшігінен бірақ шыққан. Осы бір төрт жол ойын төрт тарапқа салып жіберген сәтте әннің қайырмасы да айтыла бастапты. "Көршінің қызы керемет еді, Әкесі де оның жақсы адам. Ауылдан біздің неге кетеді, Ауа-райы ма жақпаған". Жамал "у природы нет плохой погоды" деп жылы жымиды. Әннің екінші шумағында Нұрболдың Жамалға айта алмаған, енді мәңгі айтылмайтын сөздері жатқандай көрінді. "Ол қызға берер антым да дайын, сағына білдім әр тәулік, алты құрлыққа атыңды айтайын, алфавиттегі алты әріп". Әй, Нұрбол-ай, антына адал бір жан болса, ол сен шығарсың. Сол себепті де ант беріп, серт ішпейтін шығарсың. Бірақ, осынша момын болармысың?. Енді келіп алты құрлыққа атыңды айтайын дегеніңе жол болсын. Басқа-басқа дәл осындай асқақтық саған жараспайтын сияқты. Айтпақшы, менің атым алты әріп емес қой. Ж, а, м, а, л. Бес әріп. Жамал атын жаңа естігендей оң қолының саусақтарын бүгіп тұрып санап шықты. Иә, бес әріп. Жә, әннің мәтінін жазған ақын бұл емес. Ал, әнді өзгертетіндей құдірет жоқ бұда. Мүмкін өзі іштей ыңылдағанда алфавиттегі бес әріп деп орындайтын шығар. Бұны әндегі жалғыз олқылық дейміз. Келесі шумақ ше? "Ештеңе етпес кідіріп келсе, уақыттың ұзақ көшінен, естелік үшін бір күліп берсе, ажалдың өзін кешірем". Нұрбол-ау, Нұрбол, сен шынымен жақсы адамсың. Иә, сен кешіресің. Сен мені де, өзіңді де, тағдырыңды да кешірген адамсың.
Ойланып кеткен екен, басын көтеріп Нұрбол жаққа қарап еді, ол да ешкімге білдірмей бұған қарап отыр екен. Жамал оған бір күліп берді. Естелік үшін. Онсыз да аяқталуға жақын ән еді, құдаларды күтіп жүрген бір жігіт:
– Ей, Нұрбол, мынауыңды өшір де, нормальный бір ән қойшы, құдаларды билетейік та, – деді.
Нұрбол оның айтқанын екі етпеді. Бірден басқа ән қойды. Сондағы "нормальныйы" "ойна, ойна құдалар, биле, биле құдалар, жастық шақты еске алып". Осы да "нормальный" ма?
Абыр-сабырдың арасында Жамал мен Нұрболдың арасында тілдесудің мүмкіндігі туды. Сөйлессе несі бар екен. Көршісі, ағасының бірге өскен досы. Оның үстіне Жәнібек те анау айтқандай қызғаншақ емес. Және қызғанудың еш себебі де жоқ. Жамалға деген көңілі де, жүрегі де әппақ. Осы бір қолайлы сәтте Жамал:
– Нұрбол, мына әнді тыңдаудан әлі жалықпағанбысың?
– Жоқ, керісінше күн өткен сайын бағасы артып, мағынасы тереңдеп кетті ғой.
– Осы әндегі алты әріп кім?
– Негізі бес әріп қой.
Ж, а, м, а, л. Бес әріп. Тағы да жұмбақ. Енді тықақтаудың да, онсыз да момын жігіттің берекесін алудың да қажеті жоқ. Бұл мән бермеген адамша, беймарал ғана кері бұрыла бергенінде:
– Өткен жолғы демалысыңда кездесудің реті келмеді. Үлгере алмадым. Мен жайлаудан түскен күні кетіп қалыпсың, – деді. Күйеуі бар келіншекке өткен шақтың әңгімесін айту қиындау әрине. Бірақ, бұл ең болмаса бір сөз айтайын деп шешті.
– Өзің де сонша күттірдің ғой...
Нұрбол үнсіз қалды. Дырду жалғасты. Осымен тәмам. Екі күн аунап-қунаған құдалар жолға шықты. Әрине, Жәнібек пен Жамал да кетті. Ұрлық-қарлығы, қулық-сұмдығы жоқ момақан ауыл монтиып қала берді. Әкесі жатқан зиратта томпиып төмпешіктер қалып барады. Нұрбол да қалды.
Ешкімге өкпе артпайтын, ешкімді ренжітпейтін, кісі баласына залалы жоқ, өзіне тиесілі ырызғы-несібені өзгенің қолына ұстатып жіберіп, қарап тұра беретін адамдар мекен еткен ауылдан шыққан бұлар, таңға жуық, тіршілік үшін таласқа түсіп, алкеуделеп алға озып, мейлінше тартып қалғысы, мейлінше қарпып қалғысы келетін жандардың қаласына айналған Алматыға кіріп келе жатты.
Ақпарат көзі
