Бақытты Жамал (Шағын хикаят)
Алматының өзіне ғана жарасатын сұлу да сүреңсіз қысы. Сұлу болатыны ақ ұлпа қар басқан бақтар сондай әдемі. Әсіресе алыстан манаурап тұратын Алатау қандай көрікті. Ал сүреңсіз болатыны – көліктердің көптігінен көшелердің бойына жауған тап-таза қарлар көп ұзамай кірлеп кететін. Дүниеде әппақ дүниенің кірлегені қандай жаман. Түтін басқан қала күреңітіп тұратын.
Осындай күндердің бірінде Жамал ақын жігітпен танысты. Жамалмен бірге тұратын қызға ұлттық университеттің филология факультетінен бір жігіт келіп жүретін. Мына ақын сол досымен еріп келіп, Жамалмен танысып қалған. Содан бері келгіштейтінді шығарды. Басында досымен бірге келіп, Жамалды да шақыртып алатын. Төртеуі қыдырыстап жүретін. Кейіннен жалғыз келетінді шығарды. Аты – Шернияз екен. Бірақ, достарының бәрі Шер дейтін көрінеді. Шер десе шер дейтіндей-ақ жігіт екен. Іші тола құса мен шер. Жеке басының алып бара жатқан мұңы мен қайғысы да жоқ. Бірақ, өзімен-өзі шерленіп жүреді. Заманға, сол заманды жасап отырған адамға көңілі толмайды. Кейде тым аспандап кеткенде «мына бетімен кетсе, бұ қазақ ел болмайды» деп бірақ тоқтайтын.
Шернияз білімді жігіт. Оқымағаны жоқ демей-ақ қояйық, дегенмен, білетіні көп. Жамалдың да біраз кітапты тауысқаны бар. Бұларды біріктірген де сол нәрсе. Ортақ тақырыптары бар. Ол – әдебиет. Екеуінің әңгімелері бір-бірін жалықтырмайды. Кейде сол Шер бұған жымия қарап:
- Сенің барыңа рақмет. Әйтеуір бір есі дұрыс адам таптым-ау, – дейтін. Бірақ бұл екеуінікі махаббатқа келмейді. Достыққа жақын қатынас.
Жамалға Шернияздың бір ғана қылығы ұнамайтын. Үнемі аузынан ішімдіктің иісі шығып тұратын. Кейде бұның көзінше де ішетін. Сақылдаған сары аязда сыра ішіп тұрғанын көргенде, көзі тас төбесіне шыққан. Жамал «қой» демейтін. Мынандай ақылды, білімді адамға бірдеңе деудің өзі қисынсыз сияқты. Бірақ, мына бір қылығы – таза ақымақтық. Күн құрғатпай, кейде күндіз, кейде кешкілік келіп тұратын жас ақын мен ол қай уақытта келсе де, бірге қыдырыстап жүретін Жамалды айналасындағылар жүреді деп те ойлайтын. Өйткені жастардың ортасына кең таралатын журналда Шернияздың үш өлеңі жарық көрген екен. Үшеуі де қызға арналған, үшеуі де сиясы кеппеген жырлар. Сөйтіп Жамал қыздың ендігі өмірі жырға айналып кетті. Жыр мен сырдың арқасында қыстың қалай өткенін білмей қалған бұлар Алматының көктемін қарсы алды.
Алматының көктемі ерекше ғой, шіркін. Өзі ғана құлпырып қана қоймай, адамдарын да сергітіп, серпілтіп тастайтын. Иә, адамдар да түлегендей болған. Жамал да сұлуланып сала берген. Қыстық киімдер артық салмақ емес пе? Желең жүрген адамның тәні ғана емес, жаны да жеңілдеп қалатындай. Жамал да қауырсындай қалықтап жүреді. Бірақ, Шернияз келгенде ауырлап қалады. Айтпақшы, дүние түлеп жатқанда сол қалпында өзгермей қалған осы Шернияз ғана. Ойпырмай, көктем дегеніңіз ең әуелі ақындарға әсер етпеуші ме еді. Аспаннан жерге найзағай түссе, ол – ақындардың жүрегі арқылы өтеді деуші ме еді. Күннің сәулесі де неге солай түспеске?!
Көктемнің жазға айналып бара жатқан жып-жылы күндерінің бірінде Шер мен Жамал екеуі тауға шықты. Әдеттегідей жалықтырмайтын жақсы әңгімелерін айтты. Сырларымен бөлісті. Шер өлеңдерін оқыды. Бірді-екілі махаббат лирикасы болмаса, өлеңдері де шүпілдеген шерге тұнып тұр. Тіпті бір өлеңі тым ауырлау аяқталады екен.
Келсе егер кейде тағдырыңыздың кәрі боп,
Өмір дегеннің зәбірі де көп, зәрі көп.
Ауыруыңнан айықтырғаны болмаса,
Ажалды мүлде алыстататын дәрі жоқ.
Жамал ойланып қалды. Ойланғаны былай тұрсын, жаны да, тәні де ауырлап сала берді. Сергиік, серпілейік, демалайық деп келгендегілері осы ма? Басы жап-жақсы басталғанымен, соңы тағы осылай болды. Тағы да сол баяғы ауыр әңгімелер, мұңлы өлеңдер. Жалған өмір, сұмпайы заман, аяр адам, тұрлаусыз бақыт, тұншыққан қасиет... Жамал шыдамады.
- Шер, неге осындай өлеңдер жазасың? – деді.
Шернияз сұрақпен жауап берді:
- Жаман ба не?
- Жоқ, жаман дей алмаймын. Бірақ, сенің жасыңа лайық емес сияқты.
- Өлеңдегі тақырыптар ақынның жасымен өлшенбейді. Тағдырың қалам тартқызса, тоқсан жаста да махаббатты жырлап отыруға болады. Бұл да сол сияқты.
- Саған сөзім жоқ. Шынымды айтсам, сенің осындай ауыр әңгімелерің жалықтыра бастады.
- Білгенмін. Есі дұрыс адам таптым деп қуанып едім. Сен де теріс айналдың.
- ...
- Білесің бе, мен жалғызбын. Менен бәрі әлдеқашан теріс айналған. Осы бір қырсық мінезім мен қырт болмысым менен бәрін бездірді. Менің ешкімім жоқ. Сен бар едің менде.
- Мен ешқайда кеткен жоқпын ғой.
- Жоқ, сен кеттің деп тұрған жоқпын. Кетесің!
- Қайда кетемін?
- Күйеуге тимейсің бе не? Әлде өстіп менің ертегімді тыңдап өтпекпісің?
Екеуі тауға көңілді шығып, үнсіз қайтты. Жамалдың жалықтым деген бір-ақ ауыз сөзі Шердің аузын біржола жауып тастағандай болды. Рас, жоғарыда айтқанымыздай екеуінікі махаббаттан көрі достыққа жақын. Бірақ, қыз бен жігіт осылай дос болып жүре беруі мүмкін бе? Бұндай достықтың талайын көрдік, бәрі де, бірте-бірте махаббатқа ыңғайланып жатушы еді ғой. Жамалдың жағдайы түсінікті, Шердікі не? Ұнатпаса, неге келеді, ұнатса неге сөз айтпайды. Жақсы көретіні рас. Ол өлеңдерінен де байқалады. Екеуі жатақхананың жанына келгенде оның да сыры ашылғандай болды. Жолдың шетінде тұрған дүкенге кіріп кеткен Шер бір қолына балмұздақ, бір қолына полиэтилен дорбаға салынған үш бөтелке сыра ұстап шыққан. Балмұздақты Жамалға беріп, өзі сырасын тіспен ашып, құныға сімірді. Бұған дейін де ішкен. Тауда осы бір сүйкімсіз сусынның үш-төртеуін тауысқан. Ылғи осы. Жамал бұған дейін үндемеп еді, осы жолы айтты.
- Мынаны қою керек қой саған.
- Қойғанда не өзгереді, қоймасам не болады?
Тағы да сол баяғы әдетінше сұраққа сұрақпен жауап берді. Жамал да тартынған жоқ.
- Өліп қаласың ғой.
- Өліп қалсам өкінішім жоқ. Өлмей қалсам ше?..
- ...
- Көрдің бе, әңгіме тереңде. Жарайды, сені жалықтырмау үшін жақсы әңгіме айтайын. Бағана тауда самал есіп тұрды ғой. Қандай керемет, иә? Жаның рахаттанады. Сен де сол самал сияқтысың. Сенімен кездессем, сенімен сөйлессем, сырлассам, жаным рахаттанады. Сенің атың Жамал емес, Самал болуы керек еді деп, өзіңді ренжітіп алғаным да сол.
- Мен ренжіген жоқпын. Кезінде өзім де солай ойлағанмын. Бірақ, елдің бәрі неге менің азан шақырып қойған атыммен алысады? Жақсы болсын, жаман болсын, бұл менің әкемнің қалауы.
- Кешір, бәрін білемін, бәрін де түсінемін. Мен өзгелер құсап мағынасыз тиісіп, мәнсіз сөйлеген жоқпын. Иә, сен самал сияқтысың. Өмір кейде мен үшін аптап сияқты. Кейде қапырық та болып кетеді. Сол кезде самал іздеймін. Саған келемін. Саған келемін де, рахаттанамын. Содан кейін сол тойғаныммен қайтамын. Сөйткен самалым бетіме жел боп тиеді деп кім ойлаған.
- Кешір. Мен айтқан сөзімді қайтып алдым.
- Қайтып алмай-ақ қой. Сен менің намысыма тиетін сөз айтқан жоқсың. Бар болғаны ішкі сезіміңді жеткіздің. Мен түбі осылай болатынын білгенмін. Бірақ, ұзағырақ болса екен дегенмін. Әттең, қысқа болды.
- Ақыры, бәрі баянсыз болатын болса, осылай ертек аяқталғаны да дұрыс қой.
- Иә, дұрыс. Бірақ, мен саған бауыр басып қалдым. Бауыр баспағанымда қиын болмас еді. Мен сенімен ешқашан болашағымды байланыстырған емеспін. Өйткені сен маған лайық емессің. Ой, кешір, мен саған лайық емеспін. Сен бақытты өмірге лайықтысың. Саған тиіспегенім де сол. Құдай-ау, осы уақыттар ішінде ернің былай тұрсын, бетіңнен де сүймеген екенмін-ау. Екі аяқты пенде емес, моралист жазушылардың кітаптарындағы кейіпкер сияқтымыз. Жә, әңгіме бұл туралы емес еді ғой. Не айтып жатыр едім?
- Сен қызыңқырап қалдың... Басқа күні айтарсың.
- А-а-а. Қызыңқырап қалдың дейсің бе? Қой кетейін. Бірақ, басқа күні айтарсың дегенің қисынсыз. Мен енді келмеймін. Біз енді кездеспейміз. Бұл әңгіме басқа күн былай тұрсын, өмір бойы айтылмайды. Сөзімді бекер бөлдің. Жақсы сау бол.
- Сау бол.
Шер орнынан тұрды да кетпекке ыңғайланды. Тіпті алдыға бір-екі қадам аттады. Артынша бұрылып қарады. Жамал әлі де орнында тұр еді. Жамалдың со бойы қозғалыссыз тұрғанын көріп, бұған қайта келді. Келді де де:
- Ары бұрылшы, – деді.
Жамал ары бұрылды. Шернияз Жамалды ту сыртынан құшақтады. Құшақтаған күйі ұзақ тұрды. Шашынан, самайынан иіскеді. Онсыз да әрең тұрған буыны босап бара жатқандай болды. Жамал болса жағымсыз иістен тыжырынса да үнсіз тұра берді. Шер Жамалды құшақтап тұрған күйі:
- Енді бері бұрылшы, – деді.
Жамал бұған бұрылып тұрды. Шер оны құшағына қысып тұрды да:
- Бір ғана өтінішім бар, – деді.
- Айт.
- Енді көзіңді бір минутқа ғана жұм. Сосын, түк қарсыласпа.
- Жоқ, бұл орындалмайтын өтініш. Осыншама әдемі күндердің осымен біткені мен үшін өкінішті. Төмендемейікші.
- Мен де қатты қалап тұрған жоқпын. Тек...
Осымен тәмам болды. Шер әр қадамын аса сақтықпен басып, алыстап бара жатты. Тек кетпей, бір ғана сөзден тұратын, аяқталмаған сөйлемінің "тек.." деген жалғыз сөзімен тағы да жұмбақтап кетті.
Арада күндер өтті. Қанша жерден махаббат емес, достық қана еді, бір-біріне уәде беріп, серттескен жоқ, екеуі де баянсыздығын білді деген күннің өзінде, адамға адам үйренісіп қалады емес пе? Жамал да ара-тұра "не істеп жүр екен?" деп ойлап қоятын. Құрбысына келіп жүретін ана бір досынан сұраудың да еш реті жоқ. Сұрағанда не сұрасын? Өзі келді, өзі кетті. Аман болсын.
Бұны ғой аман болсын деді. Нұрболға сәламат болсын деген. Сонда бұның тағдырында кезіккен жандардың барлығы да өстіп бірі сәламат болып, енді бірі аман болып қала беруі керек пе? Қайда әлгі аңызға бергісіз махаббат. Қимай қоштасу, сағынысып көрісу, өбісіп тұру деген бұның маңдайына жазылмаған ба? Айтпақшы Нұрбол не істеп жүр екен? Шерниязды бұл қыз бағалады. Өзі кітапты көп оқығандықтан ба екен, ақын десе, жазушы десе, іші бұрып тұратын. Баяғыда небір кейіпкерлерді тудыратын сол жазушылардың өзі қандай болады екен деген таңсық сұрақтар да болады. Сөйтіп жүргенде осы Шер кезікті. Алып ұшқан, сағынысқан сезімдер болмаса да, екеуара кездесулері Нұрболды ұмыттырғандай болған. Бірақ, біржола ұмытты деуге де келмейді. Жүрегінің түбінде белгісіз бір сезімнің қалғаны анық.
Ақпарат көзі
