Бағдат Мусин қызметінен кеткеніне байланысты мәлімдеме жасады
Мусин әлеуметтік желіге жариялаған жазбасында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қызметінен өзі кеткенін мәлімдепті.

«Менің отставкаға кеткенім туралы соңғы жаңалықты бәріңіз естіген шығарсыздар.
Ең алдымен Мемлекет басшысына маған көрсеткен сенімі және еліміздегі цифрландыруды негізгі блоктардың бірі ретінде басқаруға мүмкіндік бергені үшін алғыс айтқым келеді.
2020 жылдан бері көп нәрсе жасалды. Атқаратын шаруа әлі де көп. Қазір Қазақстанды әлемдегі цифрлық дамыған елдердің бірі деп айтуға хақымыз бар.
Бұл – бірге жетілген, қиындықтарды да, ірі жеңістерді де бірге бөліскен үлкен кәсіпқой ұжымның еңбегі.
Цифрлық қызметтерді енгізу мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігін дамытуға атсалысып, қолдау көрсеткендеріңіз үшін әрқайсыңызға алғыс білдіремін.
Қарапайым қазақстандықтардың өмірін жеңілдетіп, қолайлырақ еткен жетістіктерімізді мақтан тұтамын. Бұл жерде цифрлық мемлекеттік қызметтер туралы айтып отырмын.
Сонымен қатар, инновациялық цифрлық өнімдеріміз халықаралық деңгейде танылды және бізге елімізді әлемдегі цифрлық көшбасшылармен қатар көрсетуге мүмкіндік берді», – деп жазған Бағдат Мусин.
