Бұрынғы премьер-министр жаңа қызметке тағайындалды
Экс-премьер Әлихан Смайылов Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы болып тағайындалды.

Фото: gov.kz
"Мемлекет басшысының Жарлығымен Әлихан Асханұлы Смайылов Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы лауазымына тағайындалды", деп жазды t.me/aqorda_resmi.
Бұған дейін Жоғары аудиторлық палатаның төрайымы лауазымын Наталья Годунова атқарған еді. Ол бүгін осы қызметінен босатылды.
Әлихан Смайылов 1972 жылы дүниеге келген.
1994 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін "қолданбалы математика" мамандығы бойынша тәмамдаған.
1996 жылы ҚР президенті жанындағы Қазақстан менеджмент, экономика және болжамдау институтының мемлекеттік басқару магистрі дәрежесіне ие болды.
Еңбек жолын 1993 жылы "А-Инвест" инвестициялық-жекешелендіру қорының бас маманы қызметінен бастады.
1999 жылға дейін қордың бөлім басшысының орынбасары, Ұлттық статистика агенттігінің басқарма басшысы, Статистикалық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің Статистика және талдау комитеті төрағасының орынбасары, бас сарапшы, экономика секторының меңгерушісі, президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы қызметін атқарды.
1999-2003 жылдары – Статистика агенттігінің төрағасы, 2003-2006 жылдары сыртқы істер вице-министрі, "Экспорттық несиелер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру компаниясы" АҚ басқарма төрағасы, 2006-2009 жылдары – қаржы вице-министрі, "ҚазАгро" ҰХ президенті, 2009-2014 жылдары – Статистика агенттігінің төрағасы, 2014–2015 жылдары – Ұлттық экономика министрлігінің Статистика жөніндегі комитетінің төрағасы, 2015 жылдың желтоқсанында президенттің көмекшісі болып тағайындалды.
2018-2022 жылдары Қаржы министрі, премьер-министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі лауазымын атқарды.
2022 жылдың 11 қаңтарынан 2024 жылдың 5 ақпанына дейін Премьер-министр болды.
