Бәрімізге бала күнімізден таныс мына бір тақпақтың соңғы жағын өзгертіп кеп жіберсек... Бүгінгі балаларға да жарап тұр.
Мен тәртіпті баламын,
Айтқан тілді аламын.
Анам нанға кеткенде,
Үйде ойнап қаламын.
Шкафтарды ашпаймын,
Кітаптарды шашпаймын. Просто, планшетті беріп кетсе болды.
Иә, дәл солай. Пленшетін беріп кетсеңіз және ол бәлеңіз интернетке қосылған болса болды. Құда да тыныш, құдағи да тыныш. Балаңыз өзімен-өзі. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарының соңында туған ұрпақтың балалық шағын соғыс ұрласа, біздің балаларымыздың балалық шағын осы бір төрт бұрыш неме тонауда. Әрине, көпке топырақ шашпаймыз. Қазақ тіліндегі үш жақпен айтсақ, менің балам ондай емес, сенің балаң ондай емес (сіздің балаңыз ондай емес), оның баласы ше, олардың баласы ше? Басымен кіріп кетіп, шыға алмай жүрген бүлдіршіндерді көп кездестірдік. Біздің балаларымыздың деп отырғанымыз да сол. Ол балаларға біздің балалық шағымыздың қалай өткені ертегідей елестер.
Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде, тулары қызыл екен, ұстағышы ұзын екен, әр үйдің үпір-шүпір балалары көшеге шығып атыспақ, жасырынбақ, жармақ, асық ойнайды екен. Ертегі кәдімгі.
Замандастарымыздың мұңы сол – баламызды көшеге шығара алмаймыз, бізді үйге кіргізе алмаушы еді...
Біздің балалар әйтеуір көшеге шығып, аз-кем ойнайды. Сабақтарына да қарайды. Күніне бір сағат, жарым сағат планшетпен де ойнайды.
Балаларды қоя тұрып, енді өзімізге келсек. Сол балаларға қажетінше көңіл бөле алып жүрміз бе? Қайдам. Өйтсек-ау, бүйтсек-ау дейміз. Бірақ, уақыт жете бермейді. Баладан безіп, даланы кезіп жүрген ешкім жоқ. Сіз де, ол да сол. Үлгере алмаймыз. Әсіресе, көшесі көлікке кептелген үлкен қалаларда. Бәрінің асыл жар, қамқор әке болғысы келеді. Осындайда Жарасқанның өлеңі еске түседі.
«Боламын деу оңай ғой, болу қиын,
Болмайын деп біздерді жүр дейсің бе?»
Қадари қалімізше әжептәуір ұйып отырған отбасымыздан таңғы астың кезінде ыдыс-аяқтың сылдыры шықты. Күтпеген жерден. Шай іш десе, азар да безер болатын басым ішкім келгендіктен емес, ішу керек болғандықтан, бір кесе шайды екі ұрттап, үшінші рет ұрттамаққа қолымды жоғары көтере берген сәтте қарсы алдымда отырған кіші ұлымы (үш ұлы бар адам құсап кіші ұлыма деппін ғой, енді үйдегі ең кіші болғасын айтқан болуым керек) көзім түсіп кетті. Қамсыз-мұңсыз ойнап отыр. Күннің суықтығынынан үйде қамалып отырып қалғанына жаным ашыса керек:
- Жаздың күні жарты күнің далада өтуші еді, ішің пысып жүрген шығар, ә,-дедім.
- Жаздың күні жарытып далаға шығарғандай айттың-ау,-деді.
Шешесі. Болмайтын әңгіме. Осыдан-ақ бастала салды. Кеседегі шайды сырбазданып сызданып ұрттамай, басыма төікере салған күйі қашып шықтым. Басым жуылмады, шашым таралмады, темекім үстелдің үстінде қалды. Әйтеуір соткам мен зарядкамды алып үлгердім. ҒТР-дың (ғылыми техникалық ревалюцияның) жемісі.
Бағана біз осылай сөзге келіп қалып қалғанда, менің даусым қаттырақ шығып кетті. Жанымызда әкем отырған. Әкем не ойлады екен? Жұмысқа келе жатып Дулат Исабековтың «Шалдар» деген әңгімесі есіме түсті. Сол әңгіме баласы мен келіні ұрсысып қалған шалдың күйзелісімен басталатын еді ғой. Былай:
«Ақымақтар-ай, тентектер-ай түге! О, жарым естер-ай десеңші!Бойына сыймаған күйініш пен өкініш, Қарекеңнің жан түбінен осы бір сөздерді лақтырып тастады. "Не жетпейді, опыр-ау не жетпейді екен бұларға. Ел тыныш, қой үстіне бозторғай жүмыртқалап, ақ түйенің қарны ақтарылып жатысы мынау. Белі сырқырап жұмыс істеп жатқан да жоқ қой жүдә. Енді не жетпейді бұларға?»
Оқымағандар болса айта отырайық, шалды осындай күйзеліске түсіріп, келін мен бала неге ұрсысты дейсіздер ғой. Себебі былай:
«Олардың ажырасу себебін естігенде Қарекең күйініштен өртеніп, шоқ боп кетті.
"Ойбай-ай, ойбай ғана ақымақтар-ай! Не дерсің, недерсің бұларға
енді. Сол инедей нәрсе үшін...пай-пай-пай, тентектер-ай! Кісіні жерге тірідей көмесіңдер-ау! - деді ол ауыл сыртындағы төбеде отырып.
-"Бала тәрбиелеу жөнінде екеуінің пікірі қайшы кепті!" 0, тоба, бұл не бұл, осындай да жанжал, осындай да талас бола ма екен? Үлкен, ер қабырғасы қайысатын нәрсе болса бір сәрі-ау.
"Бала тәрбиелеу жөніндегі пікірлері қайшы келген! 0, сұмдық!- Қарекең мырс ете қалды.
-Ойбай ғана ақымақтар-ай, осыған да адам сүттей ұйып отырған тұрмысын бұза ма екен. Тіпті, ол жөнінде екеуінің жиналыста таласып
несі бар десеңші. Осынысы күйдіреді-ау бұлардың, осынысы. Мына Ерғабылда шайнам ми болса нағылдейсің. Мектепке барып несі бар-ай оның а? Істейтін жұмысы шашынан асып жатыр. Өз жөнімен жүрсе біреу ұра ма екен? Әй, бұны да жігіт болды, үй болды деп жүрміз-ау!"
"Ал мейлі, ұрыса қойсын, таласа қойсын жүдә. Енді соған бола ажыраса ма екен әлде ғана құдай-ау десеңші!»
Міне, осылай. Бұлар Исабековтың кейіпкерлері. Біз Құдайдың пендесіміз. Біздің тағдырымыз сол кейіпкерлерге ұқсап кете жаздады. Әрине, біз ажырасқан жоқпыз. Даже ажыраса жаздаған жоқпыз. Бірақ, бала тәрбиесіне бола гу ете қалдық. Көзқарасымыз бір жерден шықпай. Өр, өрме деген сияқты семейный прикол.
Содан жұмысқа келіп алып отырмын. Бір кезде Фейсбукқа «жеттің бе?» деп жазып жіберіпті. «Иә» деп жауап қайырдым. Әңгіме сонымен үзілді. Ол кезде сағат оннан бір кеткен. Содан бері кіріп-шығып жүрдім. МинЗдрав шексең өлесің деп ескертіп жататын темекінің бірнешеуін будақтаттық. Содан ішіме сыймай кеткесін сыртқа шығарып отырғанмын. Жазып. Фейсбукқа жазуды қойғалы көп болған. Мына сырыммен бөліссем ыңғайсыз болмас па екен деп тағы бір ойладым. Содан не керек, бір кезде осы Дәурен Айманбетов досым осы фейсбуктың бетінде біресе ажырасып, біресе қосылып жатушы еді ғой, онда тұрған не бар деген тағы бір ой келді. Сөйтіп отырғанда телефон шыр ете қалды. Фариза апамыз: «Телефон шыр етедi: Сонда менiң жүрегiм дiр етедi, Көйлегiмнiң желбреп гүл етегi жугiремiн»-деуші ме еді. Менің көйлегім де жоқ, шалбарымның желбірейтін гүл етегі де жоқ. Жүрегім де дір ете қалған жоқ. Дірілдеп болған жүрек қой. Қорқа, қорқа қоян да батыр болған. Иә, жүрегімді дір еткізбесе де телефон шыр етті. Ызбандап жатқан бағанағы сөзге келіп қалған әйелім екен. Оннан бір кеткенде ыңғай танытып еді, енді бірден он кеткенде звондап тұр.
Алдым.
- Не істеп жатсың?
- Жәй, отырмын.
- Тамақ іштің бе?
- Іштім.
- Кешке Магнумға барамыз ба?
- Иә.
- Жәрайды онда.
Магнумға барамыз ба дегені, әлі де бірге өмір сүреміз бе дегені-ау, со байғұстың. Сөйтіп татуласқандай болып отырмыз. Бақытжан Алдиярдың онша емес бір өлеңінің онша емес бір шумағы жатталып қалған екен.
Сенің «жырың» - ырыс-құт,
Менің «жырым» - тыныштық.
...Мұңсыз бала күлді де,
Үнсіз ғана ұғыстық...
Бірақ, полюбому мен правмын (деп ойлаймын)
461 жазбалар50 тіркелуші
0