Бұл туралы, бүгін, 2016 жылғы жұмыс қорытындысы мен 2017 жылғы жоспарларға арналған ҚР ЕХӘҚМ алқасының кеңейтілген отырысында, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеді. Жиынға ҚР Президенті Әкімшілігі, Премьер-министр кеңсесі, орталық мемлекеттік органдар өкілдері, Парламент депутаттары және облыс әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Баяндама басында, ведомство жетекшісі, Мемлекет басшысы өзінің халыққа соңғы Жолдауында үшінші жаңғырту кезеңіне көшу қажеттігін жариялағанын атап өтті. Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 ел қатарына кіруін қамтамасыз етуді көздеген бұл қадам, әлеуметттік-еңбек саласындағы бірқатар міндеттерді шешуге де септігін тигізбек.
Министр, өткен жылы, жұмыс берушілер ұсынған 26 мыңнан астам бос жұмыс орны сол күйі жабылмай қалғанын еске салды. Аталған орындарға, білімі тек мектеп деңгейінде болғаннан кейін, экономикалық белсенді санаттағы 26 пайыз жас азаматтар қол жеткізе алмаған. Ал жоғары және орта арнайы оқу орындары түлектерінің басым бөлігінің мамандығына еңбек нарығында сұраныс байқалмаған немесе біліктіліктері жұмыс берушілердің талаптарына сай келмеген.
«Тиісті түйткілді күрделендірмей, еңбек ресурстарының біліктілігін көтеру үшін, Елбасы тапсырмасы аясында жаңа Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы (әрі қарай – Бағдарлама) жасалып шықты. Басты мақсат – отандастарымызды еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптерге немесе кәсіпкерлік негіздеріне жаппай оқытуды ұйымдастыру.
Осыған байланысты, бізге, жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, бастапқы сәтте құрылатын жұмыс орындарының санын анықтау қажет. Бұл жұмыс басталып кетті және алдын ала есептеулер бойынша, мемлекеттік, салалық және өңірлік даму бағдарламаларын жүзеге асыру аясында құрылатын жұмыс орындарының жалпы көлемі 154 мыңға жуықтайтын болады. Сонымен қатар, азаматтарға, еңбек нарығында зәрулік сезілетін кәсіптер тізімін яки кәсіпкерліктің басым бағыттарын ұсынған абзал. Тізім, жергілікті атқарушы органдар қалыптастыратын кешенді жоспарға және жұмыс берушілер жұмыспен қамту орталықтары мен электрондық ресурстарға жолдайтын бос орындарға қатысты жасақталады. Тағы бір маңызды жайт, азаматтарға алғашқы ретте техникалық және кәсіби білім беру (әрі қарай – ТжКБ) орындарында тегін білім алуын және де келесі кәсіпті игеруде қысқамерзімді курстарды қамтамасыз еткен ләзім. Осы орайда, мемлекет, оқуға кететін шығындарды толық жауып, шәкіртақы төлейтін болады. Жол мен тұру қаражаты да өтеліп, ТжКБ нысандарында оқитындарға бір реттік ыстық ас беріледі», - деді Тамара Дүйсенова.
Қысқамерзімді курстардың тиімділігін қамтамасыз ету үшін, жергілікті атқарушы органдармен тізе қосқан райда, төмендегідей арнайы жобалар атқарылмақ:
- үй ішінен шағын балабақшалар ашуға мүмкіндік бере отырып, зейнеталды жастағы әйелдерді өнімді еңбекпен қамту мақсатында, мектепке дейінгі жастағы балаларға тәрбиелеушілер мен кәсіби бала бағушылар дайындау;
- арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж тұлғаларға қызмет көрсету үшін әлеуметтік жұмыс жөніндегі кеңесшілер даярлау және аталған азаматтар санатына шағын сыйымдылықтағы үйлер ашуға жағдай жасау;
- «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы іске асырып жатқан «Бастау-Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне үйрету;
- еңбек нарығына қажет немесе жұмыс берушілер сұраныс білдірген кәсіптерге оқыту;
- жаппай компьютерлік сауаттылыққа оқыту.
Алыс ауылдық жерлерде тұратын азаматтарға сабақтардың қолжетімді болуы үшін, мобильді оқу орталықтары ұйымдастырылмақ: Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау және Қостанай облыстарында арнайы дәрісханалары бар жылжымалы кешендер түрінде; шалғай ауылдық жерлерде аз сыйымдылықтағы мектептер ауқымында; жұмыс берушілер мүмкіндігін пайдаланған сипатта.
«Оқу сабақтары аяқталған соң, әр Бағдарлама қатысушысының білімі мен шеберлігі, меңгерген дағдылары тәуелсіз бағалаудан өтіп, оның нәтижесінде оларға сертификаттар тарту етіледі. Сертификат алған адамдар өздігімен жұмысқа орналаса алады және бос жұмыс орындарына, әлеуметтік жұмыс орындарына, жастар тәжірибесіне жіберіледі. Сондай-ақ, несие алып, дербес іс ашуға мүмкіндік туады», - деп бөлісті министр.
Тамара Дүйсенова, Бағдарлама қатысушыларына несие, қалалық жерлерде «Даму» қоры арқылы, ауылдарда және шағын қалаларда Ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау қоры мен Аграрлық несие корпорациясы арқылы берілетінін хабарлады. Несие сомасы 8 мың айлық есептік көрсеткішке дейін өскен (18 млн теңгеге дейін) және мерзімі 5 жылға дейін (мал маруашылығы мен ауылшаруашылық кооперативтеріне – 7 жылға дейін). Жылдық мөлшерлемесі – 6% шамасында. Осымен бірге, Аграрлық несие корпорациясы арқылы берілетін несиелерді кепілдендіру тетігі енгізілген: бастауыш кәсіпкерлерге 85% және кәсібі қызмет етіп тұрған бизнес иелеріне 50% маңайында.
Осы жылы Бағдарламаны жүзеге асыруға 85,3 млрд теңге бюджет қаржысы қарастырылған.