«Қазақфильм» киностудиясының басшысы Азамат Сатыбалды не бүлдіріп жүр?
Алматыда Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының аумағында соңғы кездері қытайлық көліктердың қаптап тұрғаны журналистердің назарын аударып отыр.

Бұл туралы әлеуметтік желіде бірінші болып киностудияның қызметкері, актер Қуандық Дүйсенбаев жазған. Оның айтуынша, мекеме аумағы автосалонға айналып барады. Расымен де бір маркалы қытай көліктері қаланың қақ ортасындағы «Қазақфильмнің» аумағында қаздай тізіліп тұр. Оған киностудия басшысы Азамат Сатыбалды рұқсат берген. Қуандық Дүйсенбаев осыған налып отыр. «Ер жігіт ер жігітті даттамайды, күндемейді. Мен Азамат Сатыбалдының артына түсіп алған азамат емеспін. Өзім осы киностудияда 12 жылдай қызмет етемін. Қазіргі киностудияның жағдайы мүшкіл болып тұр. Оған тікелей басшы кінәлі болады. Павильонның бағасын 250 пайызға көтеріп жіберді. 200 мың теңге болатын. Қазір 750 мың теңге болды. Ал жалға алуда шаршы метрін 100 пайызға көтерді», – дейді ол. Инстаграмында 700 мың оқырманы бар Сатыбалды қытай көліктерін сатып алуға қатысты соңғы уақытта жиі сторис салып, пост жариялап жүр. Осыдан кейін «Қазақфильмге» үш күн бұрын 100-ге жуық көліктің топ ете қалуын кездейсоқтық дей алмайсың. «Білдей басшы. Мен елестете алмаймын, мысалы, кезіндегі басшылардан алып көрсек, үлкен басшы автокөлік жарнамалап жүр. Ал киностудияның штаттағы азаматтардың 20-30 пайызын ақысыз демалысқа жіберді. Себебі ақша жоқ дейді. Себеп неде? Киноға қатысы жоқ, өндірісте жұмыс істемеген азаматтарды өзінің командасына алып келді. Қазір вице-президент Назым Есенбековна деген кісі отыр. Кинода бір минут та жұмыс істемеген. Бұл кісінің саясаты, жалпы өсірмеу ғой деймін, киностудияны өшіру», – дейді Қуандық Дүйсенбаев. «Қазақфильм» АҚ президенті Азамат Сатыбалды бұл сол ақша жоқтықтан жасалған шара деп, бос тұрған ғимаратты жалға бергенін айтты. Алайда «ол көліктер сатылмайды, таксопаркке тиесілі» деп әңгімені қысқа қайырды. Мұндай қадамға баруына қарамағындағы 178 адамның жалақысын төлеуі керектігі түрткі дейді. «Қазақфильмнің» президенті ретінде менің басты міндетім — 178 адамның айлығын тауып беру. Жалға берем бе, өзімді сатам ба, жоқ әлде басқа да жұмыс істеймін бе, жалпы менің міндетім. Сондықтан да, мен барынша осындай жұмыстар арқылы, кинодан да басқа жұмыстар арқылы 178 адамның айлығын тауып беруім керек. Бұл кәдімгі таксопарк. Ешқандай да, бұл жерде машина сатылмайды. Бұл автосалон емес», – дейді Азамат Сатыбалды. «Амалсыз жалға бердік» деген Азамат Сатыбалды келісім-шартқа отырған компаниядан «Қазақфильм» бюджетіне қанша ақша түсетіні жөніндегі сауалды жауапсыз қалдырған.
КТК телеарнасы
