Аягөз өңірінде сенбілікке 6 мың адам қатысты
Абай облысының Аягөз ауданында 6 мың адамның қатысуымен сенбілік өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтіп жатқаны мәлім. Акция басталғаннан бері аудан тұрғындары күн сайын өзі тұратын көше бойындағы арықтарды, жол жиектерін қоқыстан тазартып жатыр. Ал жалпыаудандық сенбілікте 120 техниканың көмегімен жиналған қоқыс шығарылды.
Аягөз аудандық мәслихатының депутаты Гүлнар Әбутәліпованың айтуынша, «Жасыл аймақ» апталығы ағаш егуге арналды. Соның аясында аудан орталығында 500 түп көшет отырғызылған.

"Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауданымызда, тазалық жұмыстарынан бөлек, көгалдандыруды, жасыл аймақ құруды бастадық. Мысалы, бір ғана Аягөз қаласын көгалдандыру үшін 500 ағаш отырғызылды. Біз осы бағытта жұмыс істей береміз", - дейді Гүлнар Әбутәліпова.
Аудандық мәслихат депутаты Айдар Нәдірбай да тұрғындардың, мекеме өкілдерінің тазалық акциясындағы белсенділігін ерекше атап өтіп, 6 мыңға жуық адамның сенбілікке қатысуы экологиялық сауатты қоғамның белгісі деген пікір білдірді.

