Астана ПД қызметкерлері ІІМ чемпионатында жүлделі орындарға ие болды
Талдықорған қаласында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ұйымдастыруымен жауынгерлік қарудан ату бойынша екі күндік республикалық чемпионат өтті.
Дәстүрлі жарысқа еліміздің барлық өңірінен келген 28 құрама команда мен 100-ге жуық полиция қызметкері қатысып, тапанша және автоматтан ату бойынша өзара мықтыны анықтады.
Чемпионаттың мақсаты – полиция қызметкерлерінің жауынгерлік және атыс даярлығын жетілдіру, кәсіби шеберлігін шыңдау және үздік мергендерді анықтау.
Жарыс барысында қатысушылар дәлдік, шапшаңдық, төзімділік пен психологиялық тұрақтылықты талап ететін бірнеше жаттығу түрі бойынша сынға түсті. Нәтижесінде тәртіп сақшыларының кәсіби даярлығы мен жоғары дайындық деңгейі тағы бір мәрте айқын көрінді.
Чемпионат қорытындысы бойынша Астана қаласы полиция департаментінің қызметкерлері жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды.
Атап айтқанда, жедел басқару орталығының кезекші инспекторы Әлфия Рахметова ПМ-5 жаттығуы бойынша барлық қарсыласынан озып, І орынды иеленді. Ал оқу-жаттығу ротасының аға инспекторы Нұрсұлтан Дауренбеков АК-3 жаттығуында үздік нәтиже көрсетіп, чемпион атанды.
Жалпыкомандалық есепте Астана қаласы полиция департаментінің құрама командасы ІІ орынды жеңіп алды.
Бұл жетістік елордалық полицейлердің жауынгерлік даярлыққа жүйелі түрде мән беріп, кәсіби шеберлігін тұрақты жетілдіріп келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар нәтиже олардың қарумен жұмыс істеудегі жоғары дайындығын, қызметтік міндеттерді жауапкершілікпен атқаруын және командалық бірлігінің беріктігін айғақтайды.
