Арыстанбек Мұхамедиұлы бір мектепті иемденіп алмақ болған - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бұрынғы мәдениет және спорт министрі әрі Ұлттық музейдің экс-басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты жаңа деректі жариялады.

Фото: tengrinews.kz
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Арман Тілеукенов өткен жылы жазда Мұхамедиұлына қатысты 221 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша сот үкімі шыққанын еске салды. Экс-министр 8 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.
"Қазіргі уақытта бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқыру және жоғары спорт шеберлігі мектебін заңсыз жекешелендіру бойынша қосымша эпизодтар бар. Келесі эпизод – "Дипломат" қонақ үйін рейдерлік жолмен басып алу және пара беру әрекеті. Бұл істердің барлығы қазір сотта қаралып жатыр", - деді Арман Тілеукенов.
Айта кетейік, Арыстанбек Мұхамедиұлы 2023 жылдың аяғына қарай басқа қылмыстық іс бойынша сот алдына қайта келген болатын. Бұл жолы аталған жаңа деректерге қатысты іс қаралып жатыр.
