ru
Default banner
Разное
426 450 жазбалар45 тіркелуші
Всяко-разно
1

Аружан САИН, тележүргізуші, актриса, продюсер: Абайдың қарасөздерін қайта-қайта оқи бергім келеді

- Сіз қазір еліміздегі белгілі адамдардың қатарына жатасыз. Қоғам қайраткері, тележүргізуші, актриса, продюсер, қайырымдылық қорының басшысы дегендей. «Көтере алмас шоқпарды белге бай­­лап алып» жүрген жоқсыз ба? Жалпы, алға қойған мақсатыңыз не еді?
- Бұл жерде ешқандай құпия жоқ. Ең бастысы - еңбекқорлық. Мені үйде солай тәрбиеледі. Ата-анам да, ата-әжем де «еңбек етсең емерсің» деп отыратын. Бәлкім, сол әсер еткен болар. Оқуда озат болуға тырыстым. Арланбайтынмын. Қазір де кез келген іске бел шешіп кірісіп кетемін. Бір басымда бірнеше жұмыс бар. Бірақ «үлгермей жатырмын, қиын екен» деп айтпаймын. Қолымнан келгенше дөңгелетіп отырмын. Оған ешкім кінә таға алмас. Әлі есімде, анам мені алты жасымнан балетке берді. Балерина болу оңай емес. Көп тер төгуге тура келді. Аптасына үш-төрт рет үйірмеге барып, билеп жүрдім. Сол кезде өзіммен жасты балалар аулада ойнап жүргенде соларға қатты қызығатынмын. Енді баламын ғой, мен де ойынды жақсы көрдім. Бірақ үйде тәрбие сәл өзгеше болды. Балет сыныбына алғашында жүзден астам қыз келді, арада біраз уақыт өткен соң олардың жартысы тастап кетті. Ал бірер жылдан кейін бөлімде бар-жоғы он шақты қыз болдық. Өйткені балерина болу үшін көп еңбек ету қажет. Үнемі қозғалыста болу керек. Адам алға мақсат қойып, соған жетемін деп тырысқанда ғана бір нәрсе шығады. Ал жүрдім-бардым деп қарасаң, онда уақытты бос өткізгенің. Бірақ меннен балерина шықпады. Оған өкінбеймін. Ең бастысы, алдыма дұрыс мақсат қоя білдім. Ол ата-ана сенімін ақтау, еліміздің өсіп-өркендеуіне кішкентай болса да үлес қосу. Абайша айтқанда: «Сенде бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та, бар қалан» демекші өмірде өзгеге көмегің тиетін азамат болып өсу. Қазір сол алға қойған мақсатыма аз да бола қол жеткізгендеймін.
- Сіз Сыр бойында, Қызылорда да дүниеге келдіңіз...
- Бәрі солай ойлайды. Рас, Қызылордада жарық дүниенің есігін аштым. Әке-шешем - алматылық. Анам төркініне қыдыра барған ғой. Сол жерде толғақ келіп, босанып қалыпты. Мерзімінен ек ай бұрын өмірге келдім. Әжем - неміс, атам - қазақ. Екеуі де репрессияға ұшырап, айдауда жүргенде танысқан ғой. Атам қазақтың ең алғаш білім алған, көзі ашық зиялы азаматтарының бірі болған. Батыс Қазақстанның тумасы. Елі - адай. Бірақ қуған-сүргінге ұшырап, жер аударылған. Сонда жүріп, айдауда жүрген немістің қызымен танысады емес пе?! Үйленген. Кейіннен оларды Қызылордаға жіберген. Өзге жаққа баруға рұқсат етпеген. Сол ата-анасына қыдыра барған шешем мені Сыр елінде дүниеге әкелген ғой. Әке-шешемнің мамандығы - физик-математик. КазГУ-де оқыған.
- Ана тілімізде бір сыдырғы тәуір сөйлейді екенсіз. Негізі, қалада өскен-оқыған балалар өз тілімізді менсіне бермейді емес пе?!
- «Ана тілің - арың бұл, Ұятың боп тұр бетте, Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте» дейді ғой Қадыр ағамыз өлеңінде. Өз жерімізде, өз Отанымызда тұрып жатып, өз тілімізде сөйлей білмеу - ұят дүние. Мен 5-сыныпқа дейін орысша оқыдым. Бір күні көшеде келе жатқанмын. Қарт кісі тоқтатып, бір көшені сұрады. Әрине, қазақ тілінде. Мен түсінбедім. Өзге бір жүргінші ол кісіге жөн сілтеді. Сол жерде қатты ұялдым. Үйге келген бойда кешкілік ас үстінде, «Мен қазақша оқимын. Қазақ бөліміне ауыстырыңдар» деп әке-шешеме өтініш жасадым. Олар қарсы болмады. Сол өзім оқитын №51 мектептің ішіндегі қазақ бөліміне ауыстым. Әрине, алғашында өте қиын болды. Бірақ талаптанған адам жеңіске жететіні белгілі. Өз дегеніме жеттім. Бұл жерде әкемнің рөлі үлкен. Қолынан келгенше қазақша тез үйренуіме көмек берді. Бірақ КазГУ-ге түскенде орыс бөліміне баруға тура келді. Өйткені мен түскен география факультетінің экология бөлімі тек орыс тілінде екен. Қайтадан орыс тілімен қауыштым. Сабақ үстінде қол көтеріп: «апай, апай мен айтайыншы» деймін ғой, мектептегідей қазақшалап. Ұстаздар орысшалап: «олай айтпа, Бәленбайгүл Беленбайовна деп айт» деп түзетеді. Біраз уақыт көндіге алмай жүрдім. Қазір қай жерде болмасын, реті келіп тұрған жерде қазақша сөйлеуге тырысамын. Әрине, қазақ тілінде көркем сөйлей алмаспын, бірақ ана тілімнің жанашырымын ғой деп ойлаймын.
- Қайырымдылық қорын құруға не себепкер болды?
- Жалпы, қайырымдылық қорын құрамын деген ой еш уақытта болған жоқ. Бірақ өмірдің өзі және айналадағы жағдай осыған алып келді. Студент кезімде пионер лагерінде жетекші болып қызмет атқардым. Жанымызда балалар үйінен келген бүлдіршіндер демалды. Жетім балалар ғой. Қолымыздан келгенше соларды ойнаттық, көмектестік. Бауыр басып кеттік. Біз студентпіз ғой, қолымызда еш нәрсе жоқ. Тек жылы сөзімізді ая­мадық. Енді жарым көңіл баланың бір сәт болса да күліп, өз мұңын ұмытқанына не жетсін?! Содан теледидардағы «Еркем-ай» деп аталатын балалар бағдарламасына келген соң да балалар үйіне қолдан келгенше көмек аямадық. Біздің демеушіміз «Кока-кола» компаниясы еді. Солар берген сыйлықтарды балалар үйіне апарып жүрдік. Әрине, мұның бәрі ұсақ-түйек. Кейіннен егіз қызды дүниеге әкелген соң, артық жаялық, арба, т.б дүниелерді сол жаққа тасып жүрдім. Бірақ балаларға үлкен сыйлық жасау үшін сәл өзгеше тірлік жасау керек болды. Өйткені қайырымдылық шараларын тек балалар үйімен ғана шектемей, ауру, дімкәс бөбектерге де көмек беруді ойладық. Демеушілерге шыға бастадық. Жағдайды тү­сініп, қол ұшын беруге келіскен банктер: «арнайы қор құрыңдар, сонда ғана ақша аударамыз» деді. Өйткені олардың айтқаны дұрыс. Бәрі заңды болуы қажет. Сосын «Билайн» және Kcell ұялы телефон компаниялары кө­мек берді. Олар арнайы нөмірлер ұсынды, оған жетім, ауру балаларға көмек бергісі келген азаматтар хабарласып, СМС жіберіп, ақшаларын аударып отырды. Сөйтіп 2006 жылдан бастап «Милосердие» ерікті қоғам қайырымдылық қоры жұмыс істей бастады. Әрине, қор қазақстандық «Центр Тяжести» форумының қатысушыларының қатысуымен құрылды. Содан бері 2,5 миллион доллар жинап, 360 балаға көмек бердік. Өйткені олардың сырқаты ауыр еді. Оларға отаны шетелде және Ресейде ғана жасайды. Негізі, жүрек аурулары. Олардың құны 7-8 мың доллардан бас­тап, одан жоғары. Құдайға шүкір, биыл ғана елімізде жүрекке ота жасайтын Алматыда және Астанада арнайы клиника ашылды ғой. Бұған дейін дімкәс балалар негізінен Ресейге баратын.
- Әңгіме ауанын сәл өзгертсек. Бірнеше мәрте киноға түстіңіз? Өзге де ұсыныстар болды ма?
- Жоқ. Болмады. Рас, төрт-бес фильмге түстім. Бірақ онда басты кейіпкерлер емес, қосалқы рөлдерде. Сондықтан болар өзімді ак­трисамын деп ойламаймын. Әрине, жұрт сүйсініп көретін қызықты киноларға түскенге не жетсін?! Әсіресе, балалар өміріне арналған фильмдерге шақырса, қуана барар едім.
- «Келіңіз, ән айтып көріңіз» деп «Екі жұлдыз» не болмаса «Саз әлемі» сияқты телешоулардан шақыру болды ма?
- «Екі жұлдызға» бірнеше рет шақырды. Бірақ менің жұмысым өте көп. Сондықтан телешоуға қатысуға, соның шаруасымен жүруге уақыт болмады. Бұл - бір. Екіншіден, олардың қойған талабы маған ұнамады. Өйткені үстіңе киер киімнің бәрін өзің алуың керек. Үшіншіден, сахнадағы декорацияны өз ақшаңа жасау қажет. Үлкен қаржы шығаратындай мен бай адамдардың қатарына жатпаймын. Ал «халыққа танымал боласың» дегенге келсек, халық мені ән айтпасам да таниды. Өйткені мен қаншама жыл теледидарда жұмыс істеп келемін. Қаншама бағдарламаның продю­серімін. Балаларға қайырымдылық шаралар жасаудамын. Сондықтан маған «Екі жұлдыз» арқылы елге танымал болу шарт емес.
- Продюсерлік қызмет деп қалдыңыз. Кеңірек тоқтала кетсеңіз.
-1993 жылдан бері Хабар телеарнасындағы күнделікті «Разминка» бағдарламасын жүргіземін. Өз уақытында «Тез және тәтті», ары қарай «Жұлдызды меню» кулинарлық бағдарламаларын жүргізгенімді білесіз. Оған «Еркем-ай» бүлдіршіндер бағдарламасын қосыңыз. 2006 жылдан бері «Ел арнада» «Ана мектебі» танымдық бағдарламасы, «Сабырлық, тек сабырлық» ток-шоу, былтырдан бері «Бүлдіршіндерге өмір сыйла» деген бағдарламам бар. Бір басқа жұмыс жетеді. «Разминка» бағдар­ламасына келесі жылы 20 жыл толмақ. Мен тек телеарналарға арналған бағдарламалардың продюсерімін. Алдағы маусымда 7-телеарна көрер­мендеріне арнап өте қызық тосынсый жасамақпыз. Тамаша бір телехикая түсірдік. Соны көрсетпекпіз. Ол алдағы қазан айынан басталмақ.
- Өмірде өкінетін, ренжитін сәттер болып тұра ма?
- Жалпы, мен көңілді жүретін адамдардың қатарына жатамын. Қабақ түйіп, тұнжырап жүру маған жат. Рас, кей кездері ренжитін, ашуланатын сәттерім де болып тұрады. Адамдардың жауапсыздығын, өтірікті шындай соғатындығын, арамдығын, әділетсіздігін көргенде жаман болып қаламын.
- Қолыңыз қалт ете қалғанда газет-журнал не болмаса көркем әдебиет оқисыз ба?
- Иә. Ара-тұра. Булгаковты, Ефримді сүйіп оқимын. Әсіресе, Абайдың қарасөздерін қайта-қайта оқи бергім келеді. Онда көкейтесті мәселелер қозғалған. XIX ғасырдың соңы, XX ғасырдың басында ұлы данамыз өз ой­ларын қағазға түсіргенімен, оның айтқандары дәл бүгінгі күні де құнын жойған жоқ. Жалпы, мен кез келген қандасыма Абайдың қарасөздерін жиі-жиі оқып тұрыңдар дегім келеді. Өмірдің мән-мағынасы сол қарасөздерде жатқандай көрінеді де тұрады.
- «Адамның бір қызығы бала деген» демекші, үнемі шапқылап жүресіз, бала тәрбиесі қалай болуда?
- Егіз қызым бар. 2-сыныпқа барады. Балетке қатысады, музыкамен шұғылданады, шахматты жақсы ойнайды. Қолдан келгенше жақсы тәрбие беруге тырысудамын. Өйткені ертең маған сөз келмегені жөн ғой...
- Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ