Мазмұнға өту
Обложка сообщества Qogam

Қарағандыда үш автобус толы оқушыларды ажалдан арашалап, өзі қаза тапқан полицейді еске алу рәсімі өтті

Оқиға осыдан 16 жыл бұрын болған.


2008 жылдың 20 мамырында 130 бала мінген үш автобус Астанадан Қарағандыға бет алған еді. Олардың қауіпсіздігі жол полициясының инспекторлары Қайрат Жұмабеков пен Дмитрий Пугачқа тапсырылған.

"Барлығы қас қағым сәтте болды. Астана – Қарағанды тасжолында жүк көлігі алдында келе жатқан жеңіл көлікті басып озып, біз жетегімізге алып келе жатқан автобустарға қарай қарсы бағытқа шықты. Қайрат тез арада шешім қабылдап, жүк көлігі автобусқа соғылмау үшін өзіміз мінген қызметтік автокөлікпен тосқауыл қойды. Одан кейінгісі есімде жоқ. Мен жансақтау бөліміне түсіп, ол жерде төрт күн жаттым. Ол өзінің қызметіне адал беріліп, тапсырманы антына сәйкес соңына дейін орындады. Егер олай жасамағанда автобустағы балалар қаза табатын еді", – деп өткенді есіне алды Дмитрий Пугач.

Полиция қызметкерінің ерлігі ел есінде. 16 жыл бұрынғы жол апатынан аман қалған жастардың көбі еске алу кешіне келіп, даңқты полицейдің рухына тік тұрып құрмет көрсетті.

Қайрат Жұмабековтің артында 2 баласы қалған еді. Тұңғыш ұлы әке жолын қуып, бүгінде полицияда жұмыс істейді.

0
0
191

Осы тақырып бойынша