ru
Default banner
Разное
426 450 жазбалар45 тіркелуші
Всяко-разно
0

Арғын Аға

I. «АРҒЫН» ЕЛЕСІМІ МЕН «АРҒЫН» АТАУЫ ТУРАЛЫ

Шәкерім Құдайбердіұғлы «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресінде» Арғын атауының «қисындысы түрік орхонский надпистағы Ұлығ Ерген деген сөз сықылды көрінеді», Аристовқа сүйене отыра «қара қытайдың алғашқы ханы Амбахан тұсында Байергун, яғни Арғын айтылады» дейді.

Парсы ғұламасы, Шыңғыс ханның ең шынайы, деректі тарихын жазған Рашид ад-дин Фазлуллах Хамадани өзінің «Жамиғ ат-тауарихында» «Шың сөзді түркі тарихшыларының айтуы бойынша мұғұлдың барлық рулары Ергене қонға кеткен екі кісінің нәсілінен тарайды» деп көрсетеді.

(Шыңғыстанудың бірегей ғұламасы Шыңғыс ханның жұртын дәл осылай атайды – muğul, «мұғұл»).

«Ергене қонда жетпіс ошаққа от жаққандар» - «жаудан қашып адам бара алмайтын қиын жерге бір кішкене әрі жүріп өтуі өте қиын соқпақпен таудың ортасында қалың нулы шөп өскен жайлауға» – Иргана кун (Ергене қонға) қонған екі обасынан тарайды» деп жазады Рашид-ад дин. Оның айтуынша мұғұл-түркілер қытайлар таратқан аңыздағы аяқ-қолы жоқ қасқырдың қаншығы асырап алған баладан емес, аяқ-қолдары сау екі адамнан тараған ұлық ұлыс. Бұл «екі кісінің аттары – Нукуз (Нүкүз) бен Қийан (Қиян)». «Бұрынғыны (Ергене қонға дейінгі дәуірде болған оқиғаларды) нақты мәлім болмағандықтан еске алудың қажеті жоқ. Ал Ергене қоннан кейінгі дәуірдегі олардан тараған, осылар (қазір) мұғұл деп аталатын рулар, тармақтар мен ұрпақтар».

Шәкерім Қажы: «Менің ойымша біздің осы орта жүздегі Арғынның атасы Әбілғазы ханның шежіресінде айтылатұғын Ойрат Арғын деген кісінің нәсілі болса керек. Бұрынырақ байырғы жерін (осы күнгі Моңғол елің, Е.М.) қимай отырып қалғандар, қалмақ ойрат атанғандықтан Арғын аға сондағы қалмақ атанып, қалған елдің ішінде Байергун яки Үлұғ Ерғын атанған арғыннан болса керек» - дей келе, айтқанын толықтыра былай жалғастырады: «Шыңғыс ханның кенже баласы Толу үлкен хақан болған кезде, Ойрат атанған елден Арғын Аға деген кісіні Хорасан деген жерге хан қойған. Сол мұсылманша 440 жылы, орысша 1262 жылы еді. Он жылдан сон Арғын аға өлген сон Толудың баласы Мәңгу хақан оның орнына өз інісі Һәләку (Хулагу), яғни қазақша Әлеке ханды жіберген».

Rachid al-Din - Rachid al-Din, Djami al-Tawarikh, 14th century. Reproduction in Genghis Khan et l’Empire Mongol by Jean-Paul Roux, collection “Découvertes Gallimard” (nº 422), série Histoire. Abaqa On Horse, Arghun Standing, Ghazan As A Child

Шәкерімнің ойынша «Арғын» (Арғын аға) антропонимі (адам есімі) «арғын» этнонимімен (елесіммен) тікелей байланыста.

Қажының Шежіресіндегі Арғын Аға Шыңғысханның кенже ұлы Төленің замандасы. Рашид ад-дин бойынша Төленің шөбересі, Хұлағу ханның немересі Абақа ханның ұлының аты да Арғын болған. «Арғын» есімі «мұғулдар» үшін киелі болу керек, өйткені ол олардың ата жұрты Ергене қонмен байланысты. Тағы да бір көңіл аударатын жәйіт: Рашид ад-дин бойынша Арғынның ұлының аты (Улжайту) Олжайту сұлтан, қыздарының аттары Олжатай мен Олжайтемір. Олжай есімі кейінгі Арғын-Тобықтылардың ішінде де кеңінен тараған («Үш Олжай», тағысын тағы). Байырғы дәстүрдің жалғасы болар.

II. ҚАЗАҚ АРҒЫННАН ТУҒАН ҚОДАН ТАЙШЫ ЖӨНІНДЕ.

Қазақ хандығының алдындағы Әбілхайыр ханның әкесі Даулетшайых - Толошықұланның оң қолы қазақ шежіресіндегі Арғынның ұлы Қодан тайшы болған.

Қодан тайшы (Қадан тайшы) атты тұлға Рашид ад-диннің «Тарихтар жинағында» да кездеседі. Ергене коңға мұғұлдарды (Muğul) бастап әкелген екі тұлғаның бірі Қийанның, оның ұрпағы (Бурта Чина) Бөрте Шынаның кіндігінен тараған Шыңғыс ханның үшінші атасы Қабыл ханның төртінші ұлының аты да - Қадан тайшы. Қабыл хан Қытайдын императоры Алтан ханды сақалынан сүйреген баһадүр болған. Рашид ад-дин Қадан тайшыны батыл, онымен қоса байсалды және ақылды жаугер ретінде суреттейді. «Жау келіп (біздің) есік алдымызда тұрғанша, (біз) жаудың есік алдында барып тұруымыз керек». Соғысқа, ұрысқа байланысты айтқан оның басқа да максималары бар: «Жау әлсіз болсада шайқасқа кірерде бөспе сөздердің айтудың қажеті жоқ, әрі өз дәрежеңнен жоғары тұруда жарамайды» («Жамиғ ат-тауарих», Астана, 2018, 249 б.).

Арғынның ұлы қазақтың Қодан тайшысы да осындай кемеңгер болған болар, болмаса Әбілқайырдың әкесі Толошықұлан ханның оң қолы болар ма еді...

Қодан Тайшы ("Қазақ хандығы" фильмнен)

Қазақ антропонимикасы (есімдерді зеттейтін ілім) үшін Қодан Тайшы «жұмбақ» есім. Көп жерлерде (Сәбит Мұқанов, т.б.) «тайшы» "ақын" дегенді білдіреді дейді. Бұл жансақ пікір. Шыңғыс ханнан бергі заманда Тайшы (монғ. ᠲᠠᠢᠢᠵᠢ, ᠲᠠᠢᠢᠽᠢ тайж; қытайша 太子 taizi) атадан балаға берілетін мансұқ ретінде көрсетіледі. Төлені ұлы Құбылай хан қытай жерінде құрған Юань империясында билеуші мұғұлдардың ұрпақтары тумасынан «тайшы» аталған. Юань құлағаннан кейін ата жұртқа оралған Құбылайдың кез келген ұрпағы тайжы, билікке ілінгендер «қонтайжы» аталған. XVII ғасырда мемлекет құрған моңғол тілді жоңғар билеушілері үшін «тайжы» лауазымға айналды. Шыңғыс ханның ұрпағы болмасанда соған жақын. Ал қазақ лұғатында «тайшы» сөзі байырғыдан бар. «Бес жүз бес сөз» деген жинақта (Алматы, «Рауан», 1994 ж.) «Тайшы атағымыз болмаса да, қойшы атағымыз бар» деген мақал келтіріледі.

Қодан-Қотан тайшының ақындығы туралы бергі қазақи дәуірде көп айтылады. Содықтан болар Сәбит Мұқанов «тайшыны» «ақын» деп түсіндіргені. Бір ретте Уақ Жарқын арғын Жанақ би ақынға «Атаңда ақын болган кім бар?» деп сұрағанда, Жанақ: «Алашта Арғын ата туған зерек, / Өзгеден сол кісінің жөні бөлек. / Арғынның түп атасы ақын Қотан, / Өлеңге бізден ұста болса керек»

Төменгі жолдар Жанақ бидің сөзің растайтын ел аузында сақталған тоқсанға таяғанда зарлаған Қадан тайшының айтқаны: "Қара Қыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлыным? / Сексен асып таянғанда тоқсанға, / Тұра алмастай үзілді ме, жұлыным... / Аққан бұлақ, жанған шырақ жалғыз күнде құрыдың...». Мұхтар Мағауиннің бағалауынша «бояуы қою, суреттері ашық» осы шумақтар «қазақ әдебиетіндегі ең көне жолдар», ал «Қодан – қазақ ақындарының ақсақалы». Қазақ «қазақ болып шыққан» дәуір ғой бұл кез. Ақжол Би, толғауда айтылғандай – «адасқанда жол салған бұл Ноғайдың ұлына» - өз өлімімен қазаққа жаңа дара, дербес жол салып кетті.

Қазақ ауызша историографиясында, тарихнамада, шежірелерде Қоданның ұлы Дайырқожа әке жолымен Толошықұланның ұлы Абылқайырдың кеңесшісі, биі болады. Әділдігі үшін Ақжол (би) атанған. Қазақтың (арғынның, найманның, қыпшақтың біразының) ҚАЗАҚ ШЫҒУЫНА (Әбілқайыр ұлысынан бөлінуіне) осы Ақжол Бидің өлімі бірегей себеп болған дейді Шәкерім Қажы.

Бұл жөнінде әлемдік тарихнамада теңдесі жоқ «Қазақтың түп атасы» поэзиялық тарихнамасында былай деп төгіледі: Билеген бергі шетті Әбілқайыр / 1450 жылдың шамасында. / Осы кез біздің «қазақ» атанғандық, / Түрікте бір әдет бар ескі заңдық – / Тамызып, қанын сүтке қосып ішіп, / «Анда» деп жасайды екен туысқандық... / Анда боп қан қосылған қарындасы. / «Ел болып, өз еркімен еркін жүрген» / деген сөз – қазақтықтың мағынасы. / Қазақтың Әз Жәнібек ханы болған, / Билеген сыртын ноғай заңы болған. / Арғынның арғы атасы Дайыр қожа, / Дейтұғын бір әділ би тағы болған. / Ол биді Әбілқайыр жақсы көрген, / «Ақжол» деп оң тізеден орын берген. / Қобыланды Қара қыпшақ батыр еді, / Намыс қып күндестікпен шайтанға ерген. / Өлтірген аңдып жүріп Ақжол биді, / Қазаққа осы жұмыс ауыр тиді. / Қысасқа Қобыландыны өлтірем деп, / Жар салып, Әз Жәнібек халқын жиды. / Жалынған «үш кісінің құнын ал» деп / Алмаған «бізге керек емес мал» деп. / Бермеген Әбілқайыр Қобыландыны, / «Мұны өлтірсең, қалған ел бұзылар» деп. / Сондықтан өкпе қылып қазақ көшкен... / Әскерін үшке бөлген Әз Жәнібек, / Ұлы жүз, Орта жүз бен Кіші жүз деп...»

Біз - Қазақ - Түрік-Мұғұл атанған ғаламат жұрттың ұрпағымыз. Жоғарыда айтылған – соған дәлел. Сеңбесеңіз, Қажымен қоса ғұлама Рашид ад-дин Фазлуллах Хамаданидің «Жамиғ ат-тауарих» (Тарихтар жинағын) оқыңыздар. (Халықаралық Түрік Академиясы, Астана, «Фолиант» баспасы, 2018 ж., Парсы тілінен аударғандар Оразхан Зәріпбай).

P.S. Посттағы есімдер мен топонимдер Шәкерімнің «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресінен» және Рашид ад-диннің шығармасынан бұзылмай алынған. Ешқандай «Аргун» мен «Толу» емес, қазіргі қазақ транскрипциясына жақын жазылған қазақи есімдер.

Бабаларымыздың есімдері...