Америкалықтар асырап алған 104 қазақстандық баланың тағдыры белгісіз - сенатор
Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі шетелдіктер асырап алған қазақстандық балалардың тағдырына алаңдаушылық білдірді. Ол өзінің осы тұрғыдағы депутаттық сауалын Бас прокурор мен премьер-министрге жолдады.

Сенатордың айтуынша, 2014 жылдың ақпанында Бас прокуратура арнайы тексеру жүргізуді және Жетім балалар мен оларды асырап алғысы келетін азаматтар туралы деректердің бірыңғай жүйесін құруды ұсынған.
"Осы тексерудің қорытындысы мен қабылданған шешімдердің орындалу барысы бізге беймәлім. Мысалы, Оңтүстік Африка, Кения, Филиппин, Мексика, Мальта, Аргентина, Гватемала сияқты елдерге әкетілген 120 бала бақылауға алынып, бірыңғай деректер жүйесі құрылған ба? 20 жыл бұрын елден әкетілген жетім балалар өсті. Енді осы мәселе қайтадан талқыланып жатыр. Көбі өздерінің туған әке-шешелерін тапқысы келеді", - деді Дархагн Қыдырәлі.
Ол сондай-ақ америкалықтар асырап алған 104, Оңтүстік Африка Республикасы мен Бельгияға әкетілген 30 және 113 жетім баланың тағдыры белгісіз екенін айтты.
