Мазмұнға өту
Обложка сообщества Qaz

Қалтафонымдағы жеті қазына

Қазір екінің бірінде емес, бір адамның өзінде екі телефоннан бар. Содан бауырмашылығымыз артып, байланысымыз көбейіп жатыр деуге тағы келмейді. Әйтеуір, байланыс құралына иеміз, әйтеуір қолдан түспейді, алақанды жылытады, зарядкадан босамайды)

«Кезінде мына Айфоннан да қуаты аз құрылғымен адамды ғарышқа ұшырған еді, ал сендер, құрығырлар, онымен селфиге түсуден арыға жарамайсыңдар» деген сөз есіме түсіп кетті. Рас сөз. Менің 2000-шы жылдардың басында алған Intel Celeron компьютерімнің жадына 20 гб ақпарат сиятын. Ал қазір ұстап жүрген iPhone 5S-імнің 32 гб жадысы бар (оның өзін ауық-ауық толтырып тастаймын)... Дүние төңкерілді дегенге келе ме екен, осы? Жарайды, техникалық жағынан мінсіз телефонға иеміз. Енді оны расында қажетті, керекті, қызықты ететін қолданбалар (приложение) бар ма өзі? Бар екен! Көп екен! Бірақ, соның жетеуін ғана іріктеу өте қиын болды. Амал жоқ, достарыма жүгіндім..

№1 HERE maps

Картографиялық бағдарламалардан көп нәрсе жоқ өзі... Өте көп. Бірі бірінен асады. Бірақ, ұят та болса, айтайын, Nokia компаниясынан HERE maps ұнайды. Соны қолданамын. Себебі, бұл карта қаладағы ең ыңғайлы, оңтайлы бағыттарды, жолдарды сызып береді. Ал бұл картаның әлемдегі цифрлық карталар әзірлеуден жетекші деген Navtq компаниясының өнімдерін пайдаланатынын айта кетейік. Қазіргі уақытта HERE Maps 196 мемлекетті қамтыса, 96 ел бойынша навигация қызметін ұсынады. Тіпті, өзіңізге ұнаған орындарды топтап, сақтап, оларды here.com сайтында синхрондап отырсаңыз да болады.

HERE Maps беретін офлайн навигация оны Google Maps-қа кәтте бәсекелес қылды деп ойлаймын. Бұл дегенің интернетке қосылмай-ақ, жедел жол табуға мүмкіндік береді. Офлайнда трафик пен спутниктік карталар ғана жұмыс істемейді. Мүмкін, асыра мақтап отырған шығармын, бірақ Астанада осы картадан қолайлысын әлі көрмедім..

 

№2 – Surfinbird

Интернетте қоқыс көп. Ақпараттық қоқыс. Сіздің нені қалайтыныңызды, нені көріп, нені оқығыңыз келетінін ешбір іздеу сервері біле бермейді. Бірақ... бұл қолданба біраз досымның біраздан бері ермегіне айналыпты. Пайдалы ермек. Өзіңіздің қызығушылығыңызға, ермегіңізге, қалауыңызға қарай тақырыптарды басында бір таңдап аласыз, содан әрмен Surfinbird сізге күн сайын, сағат сайын қызықты жаңалықтар, фото, бейне, роликтер, мақалаларды ұсынып отыратын болады.

Surfinbird-тың тағы бір артықшылығы – мұнда сіз қызыққан мәлімет ешқайда жоғалып кетпейді. Яғни, коллекциялар ашып, соған фото, рецептілер немесе пайдалы мақалаларды қоса бересіз. Сосын сіз әр жаңалыққа лайк басу не баспау арқылы қолданба автоматты түрде ұнамаған жаңалықтарды көрсетпей, ұнамдыларын көбірек алға шығаратын болады. Қысқасы, уақытты пайдамен өлтіруге таптырмайтын қолданба.

 

№3 – SHAREit

Бұл Lenovo компаниясының тегін қолданбасы. Смартфондардың, планшеттердің және кәдімгі компьютерлердің арасында файлдар мен бумаларды әрлі-бері алмастыруға таптырмайды. Демек, WindowsAndroid және iOS жүйелерінде күй талғамай, жұмыс істей береді. Және бір қызығы, Андройд телефоныңыздан файлды Уиндоус компыңызға, болмаса сол компыңыздан суретті Айфонға жібере бересіз.

Енді осы SHAREit арқылы файл жіберемін десеңіз, жай ғана «Достарды шақыру» деген жерге басасыз, ары қарай сілтемесі салынған хатты жібере саласыз. Ал файлдарды жіберудің жылдамдығы Блютуздан 40 есе жылдам.

 

№4 – Scanner Pro

Бұрын қағаз құжатты электрондық нұсқасына айналдыру үшін кәдімгі сканер керек болатын.. Оны іздейсің, көп жерде жоқ тағы ол. Сканерлеген соң, файлды поштаға тиеу керек дегендей... Бірақ, енді Scanner Pro бар. Өз басым бір жылдан бері қолданып келемін, айтар мінім жоқ.

Scanner Pro қалай жұмыс істейді? Өте қарапайым. Ол сіздің iPhone камераңызды  сканер ретінде қолданады — сіз құжатты суретке түсіресіз, ары қарай бағдарлама оны ақ-қара түсті құжатқа айналдырады да, дереу поштамен немесе факспен жіберуге, әлде Dropbox, Evernote, Google Drive және iCloud жүйелеріне сақтауға болады. Керемет емес пе?

 

№5 – Tele2 Kazakhstan

Ұялы байланысқа кететін шығындарды бақылап отыру үшін Tele2 Kazakhstan қолданбасы өте ыңғайлы. Былтырғы жылдың қараша айында  айфонтақылеттестерге қолжетімді болғаны бар. Қолданбада жеке кабинеттің барлық дерлік функциялары бар және есепшот, қызметтерді тез басқара аласыз.

Бұл қолданба арқылы не істей аласыз? Балансты тексеру, келген есептің майда-шүйдесіне дейін детализация жасауы, тарифтік жоспарларды басқарудың ыңғайлы механизмдері, анықтама. Былайша айтқанда, «Жеке кабинет» бөлімінің қалыпты міндеттері. Қолданбаға тіркелу үшін телефон нөміріңізді және «Жеке кабинетіңізден» құпиясөзді енгізесіз. Болмаса SMS арқылы құпиясөз сұрасаңыз, тіркелу автоматты түрде жүреді.

 

№6 – Jet Lovers

Басты рөлде Джордж Клуни ойнаған Up in the Air фильмін көріп пе едіңіз? Көрмесеңіз, бір әуежайдан екінші әуежайға ұшып, ұшақтан бір түспейтін адам жайында... Қысқасы, көп саяхаттайсыз ба? Әсіресе, ұшақпен. Онда сізге Jet Lovers қолданбасын орнатып алу қажет.

Бұл әлеуметтік сервис. Сізден талап етілері әуежайдан ұшар не қонар кезде белгіленіп (чекин) отырсаңыз болды. Ол белгілеуді Foursquare сервисі арқылы жасаған ыңғайлырақ. Қалған шаруаны (ұшу-қону статистикасы, картасы, деңгейіңіз) Jet Lovers өзі-ақ қатырады. Иә, бұл секілді бағдарламалар көп. Бірақ, олардың көбісінде мәліметтерді өзіңіз қолмен толтырасыз. Ал мұнда бәрі автоматты түрде, қарапайым және тегін.

 

№7 – Жұлдызды аңыз-ертегілер

«Қазіргі балдар екі жасында телефонды блоктан шығарып алып, энгри бёдс ойнай береді. Біз олардың жасында топырақ жеп, смола шайнап отырушы едік». Осындай әзіл бар) Рас, қазір бала біткен ертеден соткаға жабысады. Жарайды, жабыса берсін! Себебі, енді телефонда «Жұлдызды аңыз-ертегілер» деген қолданба бар.

Бұл астаналық Aray Media Group студиясының танымал өнер шеберлерінің қатысуымен дайындаған қазақ халық ертегілері мен аңыздарының бірегей аудио-нұсқасы. Танымал әнші, журналист, актер-актрисалардың бала кезінде естіген, оқыған 29 таңдаулы ертегісі осы мобильдік қосымшада тұр. Қазақ тіліндегі осындай сапалы қолданбалардың көбейгеніне қуанамыз, әрине!

 

P.S. Назар аударғаныңызға рахмет!

Туиттерде мені торып жүріңіз: @orkenegro

7
1
1463

Осы тақырып бойынша