Алмагүл мен Нұргүл
Алмагүлдің байы нағыз шөпкетышар. Күйеуінің арқасында жырғап отырған Нұргүл ақкөңіл адам. Мақтансүйгіштігі де жоқ емес. Оның сол қылығын Алмагүл жақсы меңгеріп алған. Күнде таңертеңгісін осы үйге келеді. Өздерінің сауып ішер сиыры жоқ болғасын, осы үйден сүт сұрайды. Сүт сұрауға бала жүгіртіп жіберсе де болады ғой. Жоқ, Алмагүл өйтпейді. Шәшкесін көтеріп өзі келеді. Және бір уақытта келеді. Өйтетін себебі сүт сұрай келіп, шәйға отырады. Нұргүл сиырын сауып болып, есіктің алдында бұрқылдап қайнап тұрған самауырды үйіне көтеріп кіргенде, артыша Алмагүл де сап ете қалады. Әңгіме мен өсекті қатар өрбітіп, сүт қатқан күрең шайдан жібереді-ай кеп. Дастарханда не жоқ дейсің. Өріктің, шиенің варениесі дейсіз бе, май, маңыз дейсіз бе, бәрі бар. «Бысчый сорт» ұнның нанына жақ та жей бер. Алмагүл сөз арасында Нұргүлді мақтай отырады. -Жаным тәте, қайнағаның арқасында әйтеуір сіздердің жағдайларыңыз көптікінен көш ілгері ғой. Балаларыңыз да қалай күшті болып өсіп келе жатыр. Құдай да берекені еңбек еткен адамға береді екен ғой. Ана біздің үйдегі қайныңыз соны ұқпайды. Кейде соның бейқамдығына жыным келеді. Балалар ол өсіп келе жатыр. - Айналайын, сол балаларың аман болсын. Солар өскенде әлі-ақ жырғайсың. Осы тақілеттес әңгіме. Алмагүл Нұргүлге ұнайтын адамдарды мақтап, ол жақтырмайтындарды жамандай отырады. Қайткен күнде де Нұргүлдің көңілін табу керек. Екеуінің арасы тату болса, одан Алмагүл жамандық көрмейді. Нұргүл бұған ылғи қарайласып жүреді. Балаларының қысқарып қалған ескі киімдерін беріп тұрады. Ескі деген аты ғана. Әйтпесе, бәрі бүтін киімдер. Ұқыппен киілген. Енді осындай адамды мақтамағанда, осындай адамды жақтамағанда, осындай адамның көңілін таппағанда, кімнің көңілін табу керек. Әңгімесін «жаным тәте» деп бастап, «жаным тәте деп аяқтап жүре берсе болғаны ғой. Айтпақшы, Алмагүл осы қылығымен айналасына «жаным тәте» аталып кеткен. Нұргүлдің балалары да, Алмагүлді көрсе, «о, жаным тәте келе жатыр»,-дейді. Сол «жаным тәтені» бір күні түлен түртіпті. Көшенің бас жағындағы Пәтигүлдікіне (Пәтигүл де осы ауылдағы бақуат адамдардың бірі) бастаңғыға барып, сол үйде отырып, қызды-қыздымен: - Ол кісілердің (Нұргүлді меңгеп отыр) бай деген аты ғана. Құрсын, өкіметке белшеден қарыз. Ондай кредит алсақ, біз де жырғаймыз. Ертең осы кредитінің зардабын балалары тартады. Ана малдары да адал мал емес. Кезінде колхоз тарағанда басып-басып қалғандары ғой. Өйтіп арам малдың етін жегенше, адалынан аш өлгенім артық,-деп аспандап барып, бірақ тоқтаса керек. Жазған қатынның жүз грамм ішсе, өстіп желпілдейтіні бар. Енді не бетімен Нұргүлдікіне барып, қай бетімен сүт сұрайды. Қайқиған дастарханда жайқиып отырып шай ішетін күндер көзден бұлбұлдай ұшты-ай десеңші. Әйелдердің арасында әңгіме жатқанба. «Жаным тәтенің» жоғарыдағы әңгімесін Нұргүлге жеткізген ғой. Нұргүл бір-ақ сөз айтыпты. - Құдайдан жеткір, қайыршы.
Ақпарат көзі
