Алқызыл желкендер
III
ТАҢ АТҚАНДА
Грэйдің «Құпия» кемесінің артында бұрқырап, көпіршіп қалып жатқан ақ жолақ ізі мұхитты белуарынан тіліп отырып, Лисстің кешкі оттарының жарығына жеткенде ғайып болды. Кеме маякқа таяу келіп рейдке тұрды.
«Құпия» он күн ұдайы чесуча жібегін, кофе мен шай түсірді. Он бірінші күні команда жағаға демалысқа шығып, шаршап буына бөгіп жатты, он екінші күні не екенін өзі де білмейді, Грэй әлденені аңсап, жабығып мазасы кетті.
Таң сәріден көзін ашар-ашпастан ол күннің қарайып шығып келе жатқанын сезді. Ол тұнжырап жүріп киінді, селқос отырып таңғы асын ішті, газет оқуды ұмытып та кетті, әлдеқалай бір мағынасыз-мәнсіз ойға беріліп, темекісін ұзақ тартты. Көңіліне келіп-кетіп жатқан көмескі бұлдыр сөздер ішінде бір бұйығы тілек пен ашылмаған сырлар да бар сияқты, бірақ олар өзара арпалысып, таласып-тартысып жоғалып жатыр. Нақа болмағасын ол жұмыспен шұғылданды.
Боцманды ертіп алып Грэй кемені түгел қарап шықты, «ванттарды тартып, штуртросты босатыңдар, клюзді тазалап, кливтерді ауыстырыңдар, палубаны нұмдап, компасты тазалап, трюмді ашып, сыпырып, ішін желдетіп алыңдар» деген жарлық берді. Бірақ жұмыстан да жаны жай таппады. Көңілсіз күннен әлденені күткендей елеңдеп, күні ұзақ беймаза күйде, мұңайып жүрді: біреу өзін шақырғандай, бірақ кім, қай жаққа шақырғанын ұмытып қалған тәрізді.
Кешкілік ол каютасын жауып, кітап оқыды, оның шетіне кереғар ойларын жазып, авторға ұдайы қарсы дау айтып ұзақ отырды. Осы ойынға, көрде жатып жердегімен ерегіскен автормен айтысам деп ол біраз уақытын өткізді. Сосын ол трубкасын тартып, көк түтінге көміліп, сол сейілмелі селдір мұнар арасынан алуан-алуан суреттер көрді.
Дүниеде темекіден құдіретті ештеңе жоқ, атқылаған асау толқынға май құйғанда оның құтырынуы қалай тез басылатын болса, темекі де сол сияқты, ытырынған сезімді сылап-сипап сабасына түсіреді, сонда ол бірі қоңыржай, жаймашуақ күй табады. Сол себепті де, үш трубкадан кейін Грэйдің өрікпіген көңілі басылып, бір ұзақ сонар ойлы күйге көшкендей еді. Ол осылай манаурап бір сағаттай отырды, көңіліндегі бұлдыр тұман сейілген кезде, Грэй селт етіп оянып, сергіп қайтпаққа палубаға шықты. Жеті түн, борт сыртындағы қап-қара су үстінде жұлдыздар мен мачта шамдарының оттары қалғып-мүлгиді. Иман жүзді кісідей жып-жылы ауадан теңіз иісі аңқиды. Грэй шалқайып алыс жұлдыздың алтын мүйісіне сығырая қарады. Со заман кісі қиялы жетпес қашықтан көзінің қарашығына алыс планетаның отты инесі келіп қадалды. Соның шығанақ түкпірінен түнгі қаланың сарыны естіледі. Кейде жағадағы сөзді жел қағып алып, саққұлақ су үстімен осында жеткізеді және өзі тап бір палубада айтылғандай-ақ ап-анық естіледі де, кеменің арқан-жіптерінің, қайыс әбзелдерінің сықырынан өшіп қалады, балкадан сырт етіп шырпы жанды да, әлдекімнің қолын, дөп-дөңгелек көзі мен мұртын көрсетті. Грэй ысқырып қалды, трубканың оты қозғалып, өзіне карай қалқыды, сәлден кейін капитан қараңғыдан вахтадағы кезекшінің қолы мен бет-аузын көрді.
– Летикаға айтыңызшы, менімен бір жерге бармақ еді. Қармақтарды ала жүрсін, – деді Грэй.
Ол он шақты минуттан кейін Летика әзірлеп қойған қайыққа кеп түсті, осы бір қуақы жылпос жігіт борттан тарсылдатып ескектерді алып, Грэйге берді, сосын өзі төмен түсіп, ескектерді білегіне қондырып, азық-түлік салынған себетті қайықтың тұмсық жағына тыға салды. Грэй рульге отырды.
– Қалай қарай есейік, капитан? – деді Летика, оң ескегімен қайықты бұрып жатып.
Капитан үндемеді. Матрос бұл үнсіздікті сөзбен бұзуға болмайтынын біледі, сол себепті де, ләм демей қайықты есе берді.
Грэй әуелі ашық теңізге қарай бет алды да, сосын сол жағалауды жиектей жүрді. Оған қазір қалай жүзсе де бәрібір. Руль бәсең сырылдайды, ескек сықырлап, шалпылдайды; қалған әлем – теңіз бен тамылжыған тыныштық.
Ұзақты күн кісі өз кеудесіне қисапсыз көп ойлар мен әсерлерді, сөздер мен сөйлемдерді сіңіріп жинайды, егер соның бәрінің басын қосса, талай-талай кітап шығар еді. Әр күннің ерекше кескін-кейпі болады, бірақ, Грэй бүгін со күннің бет-бейнесін айыра алмай әуре, оның көмескі, күңгірт жүзінде мың сан сезімнің біреуінің табы бар екені рас, қапелімде олардың атын қайдан табарсың. Олар, әдетте, хош иіс сияқты, сөз бен ұғымнан аулақ жатады, сосын оған ат қою да қиын. Грэй тап осындай сезімнің билігінде еді, рас, ол бұл сезімі жайлы «мен бірдеңені тосып жүрмін, ұзамай оны білемін де» дей алар еді, бірақ мұның өзі тұтас архитектуралық ойдың жеке бір бөлшегінің сызығы сияқты. Бұ сезімде әлі де алабұртқан ақ көңілдің серпіні бар-ды.
Бұлар жүзіп келе жатқан жердің сол жағынан қарауытып адырлы жиек көрінеді. Жарық терезелерден, жоғарыдағы мұржалардан түтінмен бірге шашырап ұшқын шығып жатыр, бұл Каперна еді. Грэй дабырласып ұрысқан дауысты, иттің үргенін есітті. Деревня оттары шұрқ тесікті кақпағынан отыны лаулап жанып жатқан пешті еске түсірді. Оң жақтан ұйқыдағы алыптай мұхит аунайды. Капернадан өткесін Грэй жиекке қарай бұрылды. Бұл жерде су жағаны бәсең ғана шылп-шылп жалап жатыр. Фонарымен жарық қып, ол жарлауыт жиекті, оның төбеден түксие төніп тұрған қабағын көрді, бұл ара оның көңіліне қона кетті.
– Осы жерден балық аулаймыз, – деді Грэй қайықшыны иығынан қағып.
Матрос түсініксіз бір тамсанып қойды. «Мұндай капитанмен бірінші рет жүзіп жүрмін, – деді ол күбірлеп. – Іскер капитан, бірақ өзгелерге ұқсамайды. Құпия бірдеңесі бар капитан. Дегенмен, өзін жақсы көрем».
Ескекті ұйыққа қазық етіп қағып, оған қайықты байлады, сосын екеуі бұдыр тасты жармен өрмелеп жоғары шықты. Жар басынан әрі қарай ну тоғай басталады екен. Қураған ағашты шапқан балта үні шықты, ағашты құлатқасын Летика жар басына от жақты. Су бетіне ебедейсіз көлбеңдеген көлеңке түсті, жалтырап жалын шағылысты, түнек түріліп, шөптер мен бұтақтар көрінді; алау үстінде түтінмен араласқан ауа бозарып қалқып тұрды.
Грэй от басына отырды:
– Кәне, Летика дос, күллі ішпейтіндердің денсаулығына бағыштап бір тартып жіберші, – деді ол шыныны ұсынып. – Сен хина арағын емес, имбирь арағын алыпсың.
– Кешіріңіз, капитан, – деді матрос, тыныс алып жатып.
– Мынадан бір қарбытайын... – Ол қуырылған балапанға құшырлана тісін басып, жартысын жұлып түсті де, оның бір қанатын аузынан алып, сөзін сабақтады: – мен сіздің хина арағын ұнататыныңызды білем. Қараңғыда асығып жүріп байқамаппын. Білесіз бе, имбирь кісіні ширықтырады, Мен төбелесерде ылғи имбирь арағын ішем.
Капитан ішіп-жеп жатқанда матрос оған қырындай қарап отырды да, шыдамай кетті білем:
– Капитан, осы сізді бір текті тұқымнан шықты деген рас па? – деп сұрады.
– Соны қайтерсің, Летика, қаласаң, қармақты ал да балық аула.
– Сіз ше?
– Мен бе? Білмеймін. Бәлкім, аулармын да. Бірақ... кейін...
Сосын ол өлеңдете сөйлеп, қармақтың бауын жазды; оның бұл өнеріне күллі команда таң қалатын.
– Солқылдаған шыбыққа шұбатылған бау тағып, қармағымды ілдім де, қатты ысқырдым шаттанып. – Сосын саусағын шырт еткізіп, жауын құрты салынған құтыны алды.
– Жер астында қыбырсыз, жауын құрт қарап жата ма, қармаққа енді іліндің, бұйырарсың лақаға. – Ақырында ол өлеңдетіп теңізге қарай кетті: – Маужырайды мына түн, арақ қандай тамаша: шорши берме, бекіре, ақ сүгенім, секірме. Жар басынан Летика, қармақ салды оңаша!
Грэй суға шағылысқан отқа қарап, алау қасына жантайып жата кетті. Манаурап марғау ойлайды. Сол бейжай күйі төңірегін шолады, көмескі бірдеңелер бұлдырап көзге түскені болмаса, көңілде қалмайды. Ойы – қалың нөпірді қақ жарып біреуді қағып-соғып, біреуді басып, бірде қатты, бірде жай шауып келе жатқан ат сияқты; бірде еркін зуласа, бірде әбігерге түсіп, кібіртіктеп қалады. Ол барша ғалам заттарының жан сырларын аралап кетеді; айқын тебіреністен тылсым нышандарға ауысады; жер мен аспанды шырқ айналып, қиялынан туған кісілермен сырласады, қайдағы жоқты еске түсіріп, шырадай жандырып, табанда өшіреді. Осы бір жөңкіле кешкен бұлт тәрізді ой тасқыны бірде жан бітіп ап-анык боп көрінсе, бірде берекесіз сандырақ сияқты үздік-создық ыдырап кетеді. Міне, осылай жаймашуақ тынығып жатқан жан әлсін-әлсін езу тартып, жымияды, өйткені тірлік-тағдыр жайлы ой толғанып жатқанда, кенет, ойламаған жерден, күтпеген қонақ ретінде қайдағы бір жоқ бейне кеп киіп кетеді: бұдан екі жыл бұрын сынған шыбық сидиып көз алдына келеді. От басында жатып, Грэй осындай бір ойға батты, бірақ өзі мұнда емес, «әлдеқайда» жүр.
Басын сүйеген шынтағынан баяғыда-ақ сыз өтіп, ұйып қалыпты. Жұлдыздар бозарып әзер көрінеді; таң таяу қалғасын қараңғылық қоюлана түскен. Капитан ұйықтап бара жатқанын өзі де сезбеді. Оның арақ ішкісі келді, түсінде дорбаға қолын созып, аузын шеше бастады. Сосын ол түс көруін қойды. Қалған екі сағат Грэйге екі-үш секундтай ғана болып көрінді, ол шынтағына сүйенген күйі қатты ұйықтап кеткен-ді. Осы уақыт ішінде Летика от басына екі рет келіп, темекі тартты, ішінде не бар екен деп ұстаған балығының аузына үңіле қарады. Әрине, одан ештеңе көре алмады.
Ұйқыдан оянғасын, Грэй ә дегенде бұ жерге қалай келгеніне түсінбей қалды. Ол жарқырап атқан таңның жадыраңқы қабағына, жап-жасыл ағаш арасынан көрінген жарлауыт жиекке, алаулаған көк айдынға таңырқай қарады; төңірегінде де, өз аяғының үстінен де жаңғақ тоғайының жапырағы жамырай төніп тұр. Төменде, жар астында – Грэйге ол ту сыртында, аяғының астында жатқандай сезілді, теңіз шымырлап, шыпылдап жатты. Жапырақтан шық тамшысы жылт етіп аунап түсіп, ұйқылы-ояу жатқан жігіт бетіне мұп-мұздай боп тамшы ағып кетті. Ол орнынан тұрды. Дүние жарқырап жайнап тұр екен. Сөнген оттың шаласы бықсып жатыр. Оның ащы иісі жасыл орман ауасымен тыныстаған жан рақатын күшейте түскендей.
Летика көрінбейді, ол бар дүниені ұмытқан: маңдайы тершіп, құмарпаз ойыншы сияқты, балық аулау қызығына түсіп алған. Грэй тоғайдан шығып, еңіске шашырай біткен бұта арасына келді, өсімдік біткен буланып, алаулап тұр, ылғал гүлдер еріксіз суық сумен жуылған баладай бал-бұл жайнайды. Жасыл әлем иненің жасуындай мың сан аузымен тыныстап, киіздей боп қаулай өсіп, жамырай-жадырасып, Грэйдің етегінен тартады. Капитан әр алуан шөп өскен бір ашық алаңнан келіп шықты, сосын осы арадан балбырап ұйықтап жатқан жас қызды көрді.
Ол жас бұтақты қолымен абайлай ашып, қатерлі бір олжаның үстінен түскендей аңырап тұрып қалды. Өзінен бес қадамдай жерде бүрісіп, бір аяғын бүгіп, екінші аяғын созып жіберіп, қолын жайлы жастанып, әбден шаршаған Ассоль жатыр еді. Шашы қобырап бір жағына жиналыпты, алқымындағы түймесі ағытылып, одан аппақ болып мойнының шұқыры көрінеді; юбкасының етегі сәл түріліп, тізесін ашып тастапты, ұзын кірпіктері ұяң жүзінде, самай шашының көлеңкесінде алаңсыз мүлгиді, басына жастанған оң қолының шынашағы мойнына қарай майыса түскен. Грэй жүресінен отырып, өзінің Арнольд Беклиннің картинасындағы Фавнға ұқсап кеткенін сезбей, төменнен қыз жүзіне телміре қарады.
Бәлкім, басқа бір кез, басқа бір жағдай болса, ол бұ қызды тек көзімен ғана көрер еді, ал енді оны осы арада басқаша көріп отыр, Оның жаны жадырап, түлеп, тұла бойы шымырлайды. Әрине, ол бұ қыздың өзін де, атын да, жағалауда неге ұйықтап жатқанын да білмейді, бірақ сонысына қатты ырза. Ол түсініктемесі жоқ суреттерді жақсы көреді. Ондай суреттің әсері әлдеқайда күшті болады, сөзден тәуелсіз тұрған суреттің мән-мағынасының шеті мен шегі болмайды, ол жүйрік ойдың бар болжамы мен жорамалына жауап беріп жатады.
Жапырақтардың көлеңкесі қысқарып, түбіне қарай жақындай түсті, Ал Грэй болса ыңғайсыз жүрелеген күйі әлі отыр. Қызды тәтті ұйқы жеңген: оның қара шашы да, көйлегі де, тіпті көйлегінің қатпарларына дейін ұйықтап жатыр; оны анталап қоршап алған шөптердің өзі қызға қарап елжіреп, маужырап мүлгіп кеткен сияқты. Осы бір қыздан алған әсері кеудесіне сыймай, бір жылы толқын сияқты лықсып келіп, ала жөнелгенде жігітіміз тербеліп кете барды. Летика манадан бері: «Капитан, қайда жүрсіз?» деп айқайлай-айқайлай жағы талып еді, бірақ капитан оны естімеді.
Ақырында, ол отырған жерінен тұрған кезде, өзгеше бір ғажайып оқиғаларға ынтызар көңілі ашуланған әйелде ғана болатын өжет тапқырлықпен мұны жағадан ала түсті. Со бір ынтызар көңілінің ырқына ойлана тұрып көнген Грэй саусағынан аса қымбат асыл тасты сақинасын алды, бәлкім, осы бір әрекетімен тірлікке жазу-сызу сияқты мәнді бірдеңе қосармын деп толғанды ол со замат, оның бұл ойы тегін емес-ті. Ол қарақұсының астынан ағарып көрініп жатқан қыз шынашағына сақинаны абайлап кигізе қойды. Шынашак ақ шабақтай бір шоршып, тыныштала қалды. Албырап жатқан қыз жүзіне тағы бір қарап, бұрыла бергенде Грэй қасын керіп аңырып тұрған матросты көрді. Летика капитанының мына ісіне аузын ашып, таңырқай қарап тұр екен, бір кезде, шамасы, Иона да өзінің атша ерттеп мініп алған жайынының аузына тап осылай таңырқай қараған-ақ шығар.
– Ә, бұл сенбісің, Летика! – деді Грэй. – Ана қызға қарашы. Қалай, жақсы ма?
– Ғажайып көркем полотно! – деді кітаби сөзді жақсы көретін матрос самбырлай айқайлап. – Жай-жағдаятты ойластырып қарасақ, кісіні тартатын бірдеңесі бар екен. Мен төрт мурена мен тағы бір қуық сияқты жұп-жұмыр балық ұстадым.
– Тыныш, Летика. Кеттік бұл арадан.
Олар бұта ішіне кіріп кетті. Енді қайыққа қарай жүруі керек, бірақ Грэй кідірістеп, жасыл ағаш пен аққайраң үстінен Каперна мұржаларының тағы түтіні шүйкедей созылып жатқан алыстағы жайпауыт жағаға жаутаңдап қарай берді. Түтін арасынан ол тағы да со қызды көрді.
Сосын ол жалт бұрылып, еңіспен төмен түсе бастады. Матрос не болғанын сұрамай соңынан ерді; ол үнсіздік сағаты қайта соққанын сезді; қыстақтың бірінші үйін жанап өте берген кезде Грэй оқыстан:
– Летика, өзіңнің жіті көзіңмен бір қарап, трактир қайда екенін тапшы, – деді ол.
– Әне, бір қара шатырлы үй болар, – деді Летика, – кім білген, ол болмауы да ғажап емес.
– О шатырдың не өзгешелігі бар?
– Соны өзім де білмеймін, капитан. Тек жүректің түйсінуі ғой.
Олар сол үйге тақау келді; бұл расында да Меннерстің трактирі екен. Ашық терезеден үстел үстінде тұрған шыны көрінеді, оның қасында біреу күйе-күйе қолымен бурыл мұртын сауып отыр.
Уақыт әлі ерте болса да, трактиршінің үлкен залына үш адам жайғасып алыпты. Терезе алдында әлгіде өзіміз байқаған мас мұрттың иесі көмірші отыр, буфет пен залдың ішкі есігінің аралығында екі балықшы жұмыртқа, құймақ пен сыра алдырып ішкелі жатыр, Меннерс, секпіл бетті ұзын бойлы жас жігіт, жалпы саудагерлерге тән алаяқ жылпостықпен сығыр көзі жылтылдап, стойка ішінде ыдыс-аяқ сүртіп тұр. Лас еденге лақтыра салған кітап мұқабасы сияқтанып терезеден күн сәулесі түседі.
Грэй көлбей түскен мұнарлы жарық жолағын кеп басқанда, мұның алдынан қошеметтей иіліп Меннерс шыға келді. Ол Грэйдің нағыз капитан екенін бірден сезді, мұндай қонақты ол сирек көретін. Грэй ром сұрады. Үстел үстіне жуа-жуа сарғайып кеткен дастарқан жауып, Меннерс бір шыны әкеп қойды, әуелі оның этикеткасын бір жалап, жапсыра салды. Сосын ол стойка ішіне кірді де, бірде Грэйге қараса, бірде алдындағы тәрелкенің түбіндегі бірдеңені тырнап қырып тастау үшін соған қарайды.
Летика стаканды қос қолдап ұстап, сонымен бірдеңе деп сыбырласып отырғанда, Грэй терезеге бір қарап, Меннерсті шақырды. Хин бұған әлдеқандай болып, қоқиланып кеп орындықтың шетіне отырды, Грэйдің саусағын қимылдатып шақырғанының өзіне мәз.
– Сіз, әрине, осы араның адамдарын тегіс білесіз ғой, – деді Грэй салмақпен. – Мен басына шаршы салған, үстіне қызыл гүлді көйлек киген, он жеті-жиырмалар шамасындағы қолаң шашты, орта бойлы бір қыздың атын білгім келеді. Мен оны осы араға жақын бір жерден көрдім. Оның аты кім?
Ол бұ сөзін жалтарып-бұлтартпайтын үнмен нығарлап айтты. Хин Меннерс іштей шықылықтап, мырс етіп күліп те алды, бірақ сырттай жігіттің ыңғайына көшті. Обалы не керек, жауап бермес бұрын ол біраз үндемей қалды – сондағы құнарсыз ойы – қызды неге сұрағанын білу.
– Ім-м! – деді ол үй төбесіне қарап. – Ол, шамасы, әлгі «Кемеші Ассоль» болды, басқа кім дейсің?! Ол – бір жүрген жарымес бишара.
– Солай ма? – деді Грэй селқос, ромнан бір ұрттап. – Ол өзі қалай болып еді?
– Ендеше, тыңдаңдар.
Со жерде Хин Грэйге осыдан жеті жылдай бұрын титімдей қыздың теңіз жағасында ән-жыр жинаушы бір шалмен жолығып сөйлескенін айтты. Баяғыда тап осы трактирде отырып, тіленші айтқалы бері бұл әңгіме жұрттың гу-гу өсегіне олжа боп, сайқымазақ, дөрекі қалжыңға айналып кетсе де, негізгі мәні сары уыздай сақталып қалған-ды.
– Содан бері жұрт оны осылай атайды, – деді Меннерс, – иә, «Кемеші Ассоль» деп атап кетті.
Грэй еркінен тыс үндемей монтиып отырған Летикаға қарады, сосын көзі жылжып барып, трактирдің қасынан өтетін шаңдауыт жолға түсті, со замат оның төбесінен жай түскендей болды – со жолмен тура осыған қарай, әлгіде ғана Меннерс баяғы тәуіп сияқты ішек-қарнын ақтара айтып берген Кемеші Ассольдің тап өзі келе жатыр екен. Оның кереметтей сұлу жүзі, нұрлы көзі жаутаң қаққанда жан тебірентетін сырлы да қарапайым сөз сияқты сиқырлы көрінеді екен. Матрос пен Меннерс терезеге сыртын беріп отырған, осылар аңдамай артына бұрылып қарап қояр деген оймен Грэй әзер дегенде қыздан көзін жазып, Хиннің жирен көзіне тесіле қарады. Енді ол Ассольдің өз көзін көргеннен кейін, көңіліне Меннерс салған кірбіңнен бірден айықты. Ал ойында ештеңе жоқ Меннерс әңгімені гөйітіп отыр:
– Сізге тағы бір айтайын дегенім, оның әкесі барып тұрған жауыз. Ол менің әкемді кәдімгі мысықтай суға батырып жіберген. Құдай-ай, кешіре гөр... Ол...
Оның сөзін арт жағынан оқыс барқырай шыққан бір дарақы дауыс бұзып жіберді. Әлгіде ғана мас болып мүлгіп отырған көмірші кенет дүр сілкініп, ессіз көзі алақтап, барылдай жөнелгенде, жұрт шошып, состиысып қалды:
Әй, седепші, седепші, Қалтамызды қағып қал!
– Араққа тағы тойып алғансың ба, қақпас! – деді Меннерс бажылдап. – Кет, жоғал әрі!
Қолға түспей тұрғанда Аларыңды алып қал»!.. Қолға түссең құрыдың Үзіледі жұлының!..
Көмірші осылай барылдап барып, түк көрмегендей мұртын салбыратып стаканға мала берді.
Хин Меннерс ызаға булығып иығын қиқаң еткізді.
– Адам емес азғын ғой, – деді ол, кессе қан шықпас сараңның салтына басып. – Әрқашан өстіп әлекке түсесің де жатасың!
– Сіз тағы бірдеңе айтпайсыз ба? – деді Грэй.
– Мен бе? Әкесінің жауыз екенін жаңа өзіңізге айттым ғой. Соның кесірінен, сұлтаным, мен жетім қалдым және оның үстіне шиеттей бала-шағаны өлместің күні деп асырауым керек болды...
– Сен өтірік айтып отырсың! – деді көмірші кенет. – Өтірікті соққанда тіпті бет-аузың бүлк етпейді екен, сенің арсыздығыңнан менің мастығым да тарқап кетті.
Хин сөйлеймін дегенше, көмірші Грэйге қарап, айтар сөзін бастап та кетіп еді:
– Ол – өтірікші! Оның әкесі де өтірік айтатын, шешесі де өтірік айтатын. Бұлар тұқымымен солай. Қам жемей-ақ қойыңыз, ол қыз – сіз бенен біз сияқты дені сау, есі бүтін бала. Мен онымен талай рет әңгімелестім. Ол менің арбама сексен төрт рет пе, әлде одан азырақ па, әйтеуір, жиі-жиі отырды. Қыз қаладан жаяу қайтып келе жатса, ал мен көмірімді түгел сатып жіберсем, оны отырғызбағанда кімді отырғызам?.. Мейлі, отыра берсін. Мен оның ақыл-есі бүтін дедім ғой. Ол жұрттың бәріне де аян. Қыз мына сенімен, Хин Меннерс, сөйлесіп әуре болмайды. Бірақ мына мен, жайымен көмірімді сатып жүрсем де, өсек-аяң дегеніңнен жиіркеніп, бойымды аулақ сап жүрем. Оның сөзі ересек кісінің сөзі, бірақ біртүрлі қызық. Осылай тыңдап отырсаң – айтатыны мына сіз бен біздің сөзіміз, бірақ басқашарақ, қызығырақ. Бір күні қыздың кәсібі жайлы бір кеп басталып кетті. «Менің саған айтарым, – деді ол мұнараға қонған шыбындай иығымнан ұстап. – Біздің кәсібіміз кісіні жалықтырмайды, бірақ өзгеше бір нәрсені ойлап тапқың келеді. Мәселенки, менің қолымнан шыққан қайықтар өзі жүзіп кете беретін болса, ескекшілері шынымен-ақ есіп отырса деймін. Сосын олар жағаға келіп арқан тастайды да, тап бір тірі кісілер сияқты жиекке шығып, ауқаттануға отырады». Мен со жерде қарқылдап күліп жібердім, шыдамай кеткенім ғой. «Жарайды, Ассоль, өзіңнің кәсібің солай болғасын, сөзің де соған бейім ғой, жан-жағыңа қарашы, жұрт жұмыс істеп, жау қуғандай жанталасып жатады» деймін мен оған. «Жо-оқ, – дейді ол, – менің бір білетінім: балықшы ау салғанда ауыма бұрын ешкім ұстап көрмеген үлкен балық түссе екен дейді». «Мен не ойлаймын?» – «Сен бе, сен, – деді ол күліп, – себетіңе көмір салып жатып, бұл қазір гүлдеп, шешек жарса екен дейсің». Қыздың қандай сөз айтқанын көрдің бе! Несін жасырайын, со замат жалт бұрылып себетіме қарайын, қарасам, шыбықтар толысып бүршік түйді де, табанда жарылып, жапырақтары жамырап себетке жауғандай-ақ көзімнен ғайып болды. Тіпті мастығым да тарқап кеткендей болды! Ал мына Хин Меннерс кісіні ақшасыз-ақ алдай салады, оның жайын мен білем!
Әңгіме насырға шауып бара жатқасын, Меннерс орнынан тұрып, стойканың ішіне барып кірді, со жақтан оның:
– Тағы бірдеңе аласыз ба, қалай? – деп өлеусіреген үні естілді.
– Жоқ, біз кетеміз, – деді Грэй ақшасын шығарып жатып.
– Летика, сен осында қаласың, кешке келесің, бірақ дымың ішіңде болсын. Көрген-білгеніңнің бәрін өзіме ғана айтасың. Түсіндің бе?
– Қайырымды капитан, – деді ромнан біраз еркінсіп алған Летика, – мұны меңіреу ғана түсінбес.
– Дұрыс, ендеше! Бірақ мың жерден реті кеп жатса да, мен туралы ләм деп сөз айтпайсың, тіпті менің атымды да атамайсың. Қош!
Грэй шығып кетті. «Осы сәттен бастап, Бертольдтің оқ-дәрі толы келісіне түскен ұшқын сияқты, бір керемет жаңалық болады-ау осы» деген ой жігіттің есінен шықпай қойды, – иә, кісіде ұшқын атып от шығаратын осындай бір жан қопарылысы болады. Ол шыдамсызданып дереу бір қимыл-әрекетке кіріскісі келді. Тек қайыққа кеп отырғанда ғана есін жиып, ақыл қорыта бастады. Ол қуана күліп, алақанын аптапты күнге тосты, ілгердегі бала күнінде, шарап қоймасында ол қолын күнге тосқан еді, сосын қайығын жиектен лықсыта қозғалды да, гаваньға қарай тез-тез есе берді.
