Алғашқы жұмыс күнінде – Президенттен 10 тапсырма
Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді. Онда Мемлекет басшысы атқарушы биліктің өткен жылғы жұмысына баға беріп, алдағы міндеттерді атап өтті.

Сондай-ақ Тоқаев Үкіметке нақты 10 тапсырма берді. Біз соларды санамалап шықтық.
БІРІНШІ. Бюджет және салық саясатының тиімділігін барынша арттыру қажет. Соңғы бес жыл ішінде бюджет тапшылығы 11 триллион теңгеден асып кетті. Сондықтан бюджетті тиімді басқару және оның өлшемдерін неғұрлым дұрыс болжау Үкіметтің алдында тұрған басты міндет болып қала береді.
ЕКІНШІ. Жаңа инвестициялық кезеңді бастау керек. Өндіру саласындағы жобалардан түскен пайда қайтадан инвестиция ретінде экономикаға салынып жатыр. Тікелей шетел инвестициясы, негізінен, осы қаражаттың есебінен қамтамасыз етіліп отыр.
ҮШІНШІ. Мемлекеттік сатып алу, мемлекет пен жекеменшік серіктестігі, құрылыс саласын реттеу жүйесін реформалау қажет. Бұл жұмыс инвестиция тарту және бюджет қаражатын тиімді пайдалану ісіндегі реформалармен барынша үйлесіп, оны толықтыра түсуге тиіс.
ТӨРТІНШІ. Экономиканы кешенді түрде ырықтандыру үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет. Бұл – мемлекеттің экономикалық үдерістерге тым араласуынан біртіндеп бас тартуға мүмкіндік беретін өте маңызды реформа.
БЕСІНШІ. Еліміздегі өндірістің дамуына тың серпін беру қажет. Баршаға түсінікті және тиімді индустрия саясатын жүргізу үшін былтыр жеке министрлік құрылды. Содан бері біраз уақыт өтті, енді жұмыстың нәтижесін көрсету керек.
АЛТЫНШЫ мәселе. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту және су ресурстарын үнемдеп пайдалану өте маңызды.
ЖЕТІНШІ. Коммуналдық-энергетикалық секторды жаңғырту жұмыстарын жеделдету керек. Елді мекендердің тыныс-тіршілігіне қажетті барлық жүйе үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету маңызды. Бұл – Үкімет пен әкімдіктердің негізгі міндетінің бірі. Алайда, жыл сайын жылыту маусымында сол бір проблемалар қайталана береді.
СЕГІЗІНШІ. Еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін арттыру үшін белсенді жұмыс істеу қажет. Қазақстанды Еуразияның толыққанды көлік-логистикалық және транзиттік хабына айналдыру – алдымызда тұрған стратегиялық міндет. Осы міндетті іске асыру үшін Көлік министрлігі құрылды.
ТОҒЫЗЫНШЫ. Экономиканы цифрландыру ісін жалғастыру және жасанды интеллект технологиясын кеңінен қолдану аса маңызды. Біз мемлекеттік және қаржы қызметтерін цифрландыру ісінде айтарлықтай табысқа қол жеткіздік.
ОНЫНШЫ. Әлеуметтік салаға айрықша назар аударған жөн. Реформа жүргізген кезде әлеуметтік көмектің кімге және қалай берілетінін түгел қайта қарау қажет. Яғни, бөлінген қаржыны барынша тиімді жұмсап, оны шын мәнінде көмекке мұқтаж адамға беру керек.
