Ақын алдында
С. Бегалин
Ақын алдында
Мысықты шығарып салып Шоқан үйге келгенде, әкесi Шыңғыс киiмiн шешiнiп, жеңiлденiп, ат үстiнен түскен шаң-тозаңнан жуынып, дастарқан басына келген-дi. Қанипа әкелiп жайған торғын дастарқанға Сыздық көтерiп әкелiп күмiс құлақты сары тегененi қойды. Күмiстеген ожаумен қою сары қымыздың қыш-қылтым иiсiн бұрқырата, сары бәйбiшенiң өзi сапырды.
– Шоқанжан, ана бiр балшықтарың не? – деп әкесi қалыпты мейiрбан лебiзiмен Шоқанға тiл қатты. Шоқан жаңағы Мысықтан қалап алған сиырдың, қойдың балшық мүсiнiн қызықтай қолына ұстап әкесiнiң қасына алып келдi. Тобарсып кеуiп тұрған кiшкене балшық мүсiн, оншалықты көз тартарлық бұйым емес. Ал, Шоқан оны сондай бiр жаңа ойыншық, қолдан Мысық жасаған жанды дүниедей көрiп қызықтай ұстайды.
– Атеке, әлгi бала бар ғой, өзi шебер. Қараңызшы, мына сиыры аумаған Қалиман жеңгенiң қоңыр сиыры емес пе? Бала қиялын қызықтай, қолөнерiне әуестiгi, iшкi сезiмнiң әсерi деп ұғатын ойлы Шыңғыс:
– Иә, дәл өзi. Бiрақ мына қойының құлағы тым үл-кен екен, – деуi-ақ мұң екен, апасының ық жағында отырған Жақып:
– Түк те қойға келмейдi, пәлi, құйрығын қара, тап иттiң құйрығы, – деп сықылықтады. Тентек iнiсiнiң Мысыққа еркiн қол жұмсай алмай iшiнен өштесiп отырғанын сезген Шоқан:
– Сен iстей ғой, ондай шебер болсаң! – дедi қабағын шытып.
– Қой, Шоқан, бұл есердi желiктiрме, балшыққа түсiп әуре болады. Жақып ондай жаман балшықты ұстамайды, – деп апасы тентек баласын ерегiстiрмей тыйым салды.
– Немене, әкелген құстарың қайда? – деп жымиды сары бәйбiше Шыңғысқа әзiлдей қарап.
– Көп құс кездеспедi, бiр-екi үйрек алдырып ек. Ебе-кең ауылының ақсақалдары кездесiп, соларға байланды.
Әңгiме аяқталмай сырттан кiрген Бейсен: – Хан аға, ақын келiп тұр, кiргiзуге бола ма? – дедi.
– Ә, Арыстан ақын шығар, кiргiз, – деген сөзiн Шыңғыс жұмсақ қонақшыл кейiпте айтты.
– Ассалаумағалайкүм алдияр, – деп үйге енген Арыстан ақын, екi қолын кеудесiне ұстап, әдеп ишарасын көрсеттi.
– Уағалайкүмассәлем, жоғарылатыңыз, – деп Шың-ғыс өзiнiң оң жағындағы төрдi меңзедi. Әкесiнiң сырттан келген ұзын бойлы, селдiр сақалды, сары-сұр кiсiнi құрмет тұта сәлемiн қабылдап «жоғарылатыңыз» деп өзiнiң қасын меңзегенiне ойлана қалған Шоқан Әубәкiр молданың үйретуiнен дағдыланған үлкен кiсiге сәлем беру әдетiн iстедi. Ұяла, «ассалаумағалайкүм» деген әдептi балаға, жаңағы ұзын бойлы кiсi, күлiмдей қызықтап «әлейкүмүссәлем, төре бала», деп сүйсiнген ықыласын көрсеттi. Бейсеннiң «ақын келiп тұр» деген сөзiнен мына келген кiсiнiң өзгеше қасиеттi қыры бар жан деп ұғынған Шоқан, Арыстан ақыннан көз алмай, әрбiр қозғалысына байымдай қарауда. Ақынның қасындағы екi жолдасы төменгi жақта, тiзерлей отырып қалды. Ал, ақын еркiндей басып Шыңғыс төренiң қасына жайлана отырды.
– Хан ордасы аман ба? Қарашысы түгел ме? Ханым саулығы қалпында ма? – деп ақын, айрықша тақпақ тәрiздендiре мағыналы сөйледi. Мына сөздер де Шоқанға жаңадан естiлген мәндi лебiз болып ұғылды.
– Ақын, қалай, ел-жұртың, ел жұртыңыз, – деп Шыңғыс асыға қайталап айтатын әдетiмен ақыннан ел жайын сұрады.
– Алдияр сұлтан, халқыңыз аман, ел шаруасы жайлы. Хан ауылы жайлаудан күзекке келдi деп естiп, ордаға сәлем берiп, дидар көрсетейiн деп келдiм, – дедi ақын.
– Ақын, жақсы келдiңiз. Сiздi көптен бiр тыңдармын деген ойым болған едi, – дегенде, тосыннан айтылған сұлтан сөзiн түсiне алмаған Арыстан қыпылықтап:
– Не жайлы едi, алдияр?.. – дедi жұлып алғандай.
– Сiз Қозы Көрпеш – Баян жырын аса жақсы айтады деп естiген едiм. Соны өз аузыңыздан тыңдасам.
– Алдияр, бар қолқа сол болса, ақын тiлiне тоқтау бар ма, – дедi де, ерiп келген жолдасының бiреуiне қарап, – менiң қобызымды әкелшi, – дедi алдындағы дастарқанның шетiн қайырып.
– Қобызыңыз мiнеки, – деп арықтау ақсары жiгiт, желбегей салған шекпенiнiң қойнынан суырып қолына бердi. Сыртқы шапанын жеңiлтектеп, жүкке таяна жайлана отырып, қобызын аяғының қоршауына ала, құлақ күйiне сарнатып, жанарлы үлкен көзiн төңкере айналаны шарлай бiр қарап, ә дегенде жарықшақтау күрiлдеп басталатын дауыспен:
Ассалаумағалейкүм алтын орда,
Ат қағып келдiм аңсап алыс жолда,
Алдында жас сұлтанның сөз сөйлейiн,
Аруақ ата-бабам жар боп қолда, –
деп аңырата бiр толғап алып, ақын дастанды бастарда ойланғандай шаңыраққа бiр қарап, қобыздың аңыраған қоңыр үнiне қосылып:
Түйеден нар туады молтақ өркеш,
Жыр еттiм бұл дастанды ертелi-кеш,
Кешегi Ноғайлының заманында
Баянға ғашық болған Қозы Көрпеш, –
деп жөнелдi.
Үй iшiндегi адамдардың бәрi ұйи тыңдап қалған, Ақыннан көзiн алмай, әрбiр сөзiн ойына тоқи аңырап қалған, Шоқан алғашқы бiр ауыз өлеңдi iшiнен қайталап қойды. Шешесiнiң аржағында отырған Жақып ақын болып көзiн жұмып, екi аяғын қомдап қобыз қылып, бiр шыбықшаны ысқылап отырғанын көрiп Шоқан жымиып қойды. Шоқанның жымиғанын көрiп Жақып онан сайын екiлене бұлғақтады. Шоқан қабағын түйiп, қой деген ишарат етсе де, ол аузын қиқақтатып ажуалап отыр.
Ақын ұзақ жырлап келiп бiр жерде:
Қарабай Сарыбаймен аңға шықты,
Екi бай аттанды деп даңға шықты,
Екi бай қатар жортып келе жатса,
Алдынан буаз марал аң қашыпты, –
деп, екi байдың құдалық ежеқабылы1 басталған жердi жырлады. Осы араға келгенде, буаз аңға мейiрiмдiлiк еткен екi бай Шоқанға мейiрбан адамдар болып елес-тедi.
Бiр сәт үзiлiс iстелiп, ақын да, үйдегi үлкендер де сыртқа шықты. Бұрынғы отырған жұртшылық үстiне тағы да бiрен-сарандаған адамдар қосылды. Қайта келiп кiсiлер орынға отырғанда, шай жасалып, дастарқан жайылды. Ыстықтан пысынап, қымыздың бойға тепкен қызуынан балбырап отырған жұртқа қозы күрең ыстық шай дәл кезiнде келдi. Шоқанның әлi де ақын лебiзiне құштарлығы тарқамай, оның шай iшкен қимылына қадағалай қарайды. Осынша үлкен жыр қай жерiне сыйып тұр екен дегендей өне бойын да үңiле шолиды. Әсiресе ақынның ойнақы үлкен көзi, селдiрлеу ұзын сақалы ұзын жағын көсiлте түскендей, сiрә, бар өнердiң ұясы осы-ау дегендей болады.
Шай iшiлiп болып, жұрт дастарқаннан кейiн сер-пiлдi.
– Ал, ақын, сiздiң Безверховтармен Ұлытаудан Қарақұмға дейiн барғандағы жырлаған Қозы Көрпе-шiңiз осы ғой, – дедi Шыңғыс.
– Иә, алдияр, осылай басталады, әлi жыр өзегiне кiргемiз жоқ қой, – деп, Арыстан қобызын аңыратып жырлай жөнелдi. Ақын кейде баяулата, кейде көтерiле соқтырып, әрбiр оқиға тұсына келгенде өлең ырғағына тербетiлгендей дөңгеленедi. Қозының Баянды iздеп тазша бала болып келетiн жерiне жеткенде, ақын Баян болып қой алдынан шыққан бiр жерiн сондай бiр нәзiк дыбыспен жан сезiмiне берiле, жар аңсаған сұлудың төлге деген мейiрiмiн сыбызғы үнiнен өзгеше дыбыспен аңыратты.
Осы бiр жерiне келгенде Шоқан, ақын әуенiне ерiп, өзi де жырлап кеткендей ыңылдап қойды.
– Пәлi, иә, сен де ақын болдың ба? – деген Жақыптың даусын естiгенде, Шоқан өзiн ендi аңғарып, селк ете түстi.
– Ет пiстi дейдi, ақын осы жерден тоқтатса, – деген сары бәйбiшенiң хабарын Шыңғыстан бұрын естiп қалған Шоқан:
– Апеке, айта түссiншi, қызық екен, – дедi.
– Асықпа, жырын аяғына дейiн айтқызбай, ақынды аттандырмаймыз, – деп бәйбiше Шоқанды жұбатып қойды.
– Иә, ас дайын болса, ақын қалғанын кейiн айтар, – дедi Шыңғыс та.
– Иә, түн ұзақ қой, – деп Арыстан ақын қобызын жүкке сүйеп қойып, жайлана отырды.
Ет желiнiп, қол жуылып, жұрт далаға шығып бой көтерiстi. Күн де еңкейiп, көлеңке ұзара бастаған кез. Шыңғыс бастап бiр топ адам ауылды сырттай бердi. Шоқан бүгiн ойын әдетiн ұмытып, әке айналасы, ақын қасынан ұзаған жоқ. Оның құмары дастанды аяғына дейiн тыңдау. Қорғансыз жас Қозы Көрпештiң алдағы күнi не болмақ?..
Дөң басына келiп жайлана отырысты. Сөздi Шыңғыс бастады:
– Ақын, сiздiң әкеңiз Толыбай би болған кiсi дейдi. Сiрә, ол кiсi де ақын болған ба?..
– Алдияр тақсыр, әкемiз ақындық өнерiн құнттамапты. Бiрақ қапелiмде сөз табатын, өткiр тiлдi, өз әлiнше әдiл болған дейдi. – Арыстан осыны айтып, әке жайын есiне түсiргендей аз кiдiрiп қалды.
– Толыбай бидiң қандай әдiлдiгi болған екен? – деп Шыңғыс қазақ ғұрпындағы әдiл деп танылған билiк түрi қандай екен деген оймен сынай да, үлгiсiн аңғарғысы келiп сұрады.
– Алдияр, әкемнiң билiгiн мен айтсам, өз әкемдi мақтаған боламын ғой. Мына жiгiт те аздаған ескi сөзге үйiрлiгi бар едi. Осы айтсын, – деп, Арыстан қасына ерiп келген жолдасының үлкенiне сөз кезегiн ұсынды. Сұлтан алдында, сұлтанды қоршаған тәртiптi топтың алдында сөйлеу қиын да болса, ақынның әдейi сөйлет-кiсi келiп ұсынғанын аңғарған сөзуар жiгiт:
– Иә, алдияр, естiгенiм бар едi. Рұқсат болса айтып көрейiн, – деп жүгiне отырып әңгiме бастады.
– Әкем марқұм: «Би болса Төлекемдей болсын. Ол кiсi қара қылды қақ жаратын әдiл едi ғой», – дейтiн. Ертерек кез болар, Төлекенiң жас кезi екен, бiр жиын-ға кездесiптi. Ел екi жарыла отырып айтысып жатыр екен. Сырттан келiп тыңдаса, бұл бiр үш рудың үш таған болып сайысқан ұлан асыр дауы екен. Даудың өзегi Қыпшақ руының бiр топ ұрысы Бағаналы елiнен барып жылқы алады. Ұрылар жылқы алған елден қашықтап келiп, бiр бүйрек тауға бекiнедi. Тазымен аң қуып жүрген Жаппас руының бiр топ адамдары ұрылардың үстiнен түсiп, екi жақ соғысып, бiр ат, бiр биенi Жаппас аңшылары айырып қалады.
Бағаналының қуғыншылары мал алған ұрылардың өкше-iзiне түсiп, шолғыншы сала отырып Жаппас аңшыларына кездесiп, ат пен биенi таниды. «Тапқан қуанады, таныған алады. Ағайын, алдырған малдың көзiн көрiп тұрмыз, айырғандарыңа рақмет, малдың көзiн өзiмiзге бер», – дейдi. Оған Жаппас аңшылары: «Қан төгiп, жаудан түсiрген қанды ат, бермеймiз. Бiзге малыңды бақтырып қойып па едiң?» деп бермейдi. Сонан екi жақ жанжалдасып, Жаппастың бiр аңшысының көзiне найза тиедi. Бағаналы елiнiң адамдары Қыпшақ ұрыларын қуып барып, малын табады. Бiрақ жолда болған жанжалды айтпайды. Арада бiраз өткен соң Жаппас елiнiң адамдары Бағаналыға барып, ерiнiң көзiне құн сұрайды. Осыдан үлкен дау қозғалып, үш ру ел бiтiмге келе алмай, кереғар даумен керкiлдесiп отыр екен.
Топ үстiне кездесiп, ортасына келген Төлекеңе үш рудың сөз ұстаған билерi:
– Шырағым, көлденеңдi көк атты, ара ағайынсың. «Бiтер iстiң басына, бiлiмдi келер қасына», деген едi. Атасы билiк айтқан Атығайдың баласы екенсiң, осы даудың төрелiгiн айтшы, – дейдi.
– Айтқызып аяқсыз қалдыратын төрелiкке ие бол-маймын. «Бұқа қарап жүрiп, жасауылға тұрыпты», дегендей, жолаушы жүрiп билiк айтып, атақ байланып ажуа болармын. Ал, шын берсеңiз тәңiрi атын күзетiң-дер. Жығылғаның ауырламайтын, жыққаның мақтанбайтын болсаңдар ғана төрелiгiмдi айтам, – дептi. Сонда, үш рулы елдiң сөз ұстаған билерi:
– Шырағым, сөзiңде нәр бар екен. «Әдiлдiк аласы жоқ ауыздан шығады», деген едi. Бұл ортаға бөгде ара ағайын көрiнесiң, именбей-ақ айта бер, – десiптi.
– Онда басынан байыпты ауыздан дау жобасын тыңдалық, – деп билерге дауларын айтқызыпты. Алдымен сөздi Жаппас даугерi бастапты:
– Ағайын, жау алған малына шаптым. Қан төгiп, малыңды айырдым. Айырған малымды күшпен алмақ болдың. Ара түскен азаматымның көзiн шығардың. Қол қолды табады. Мен ерiмнiң көзiн, Бағаналы, сенен сұраймын, – дептi.
– Ағайын-ау, аттанып аулыңа келдiм бе, қосыңа кiрiп қомдыңа құрық салдым ба? Алдырған малымды астыңнан таныдым. Ағайынсың, алдырған елмiз, айғақ болар малымның көзiн бер, деп сауға сұрадық, бермедiң. Адал малымыз үшiн найза сермеп, қол көтергенiм рас. Қатеден найза тидi, қастықпен емес. Көз жазым болды. Қыпшақ ұрысы қосымды қопарып, жылқымды алмаса, сенiң аңшыңда менiң нем бар. Найзам үйiме сүйеулi, атым кермеде байлаулы, азаматым аулымда жатыр емес пе едi? – дейдi Бағаналы даугерi.
– Сонда, сенiң қосыңа мен кiрдiм бе, аулыңа барып асыр салдым ба? Тиген найза сенiкi, мен қанды қол сенi бiлем, көзiмнiң құнын, Бағаналы, сенен сұраймын, – дейдi сөзiн толықтырып Жаппас даугерi.
– Кеден болды, кеден неден болды. Қыпшақ ұзыннан өштiгiң жоқ, қысқадан қарымтың жоқ, қосыма кiрiп, қорамды шаптың, мал ашуы, жан ашуы, арадағы ағайынмен арандатқан сенiң қанды жорығың. Құнды, Қыпшақ, сен тартасың. Бұзық жосығына сен жауап-керсiң, – дептi Бағаналы даугерi.
– Апыр-ау, алсам, ертеден қол жетпей жүрген есем үшiн Бағаналыдан жылқы алдым. Өз қорасы, қосы аман, көлденеңнен килiгiп, олжа iздеп шауып, қан төгiп жыл-қы айыратын Жаппастың қай қанының қызғаны. Ал, ұры десiн, менен жылқы айырсын. Малын таныған саған, өз малыңды бермей жанжал шығарғаны қай бұзақылығы? Көзi шықса, көкiректегеннен тартқан сазайы емес пе. Қол қолды тапса, мен Бағаналының малына жауаптымын. Жаппастың көзiне менiң қатынасым жоқ. Тиген найза Бағаналынiкi, шыққан көз Жаппастiкi, екi арада мен неге жығынды болам, бiр тойда екi жар жоқ, – деп Қыпшак даугерi көз құнын маңына дарытпайды.
Үш рудың дау ұстаған билерiнiң сөзiн тыңдап болып Төлекең:
– Иә, би ағалар, дау жобасы сiздер айтқан болса, билiк жобасын да өздерiңiз айтып отырсыздар ғой, – деп бастапты. – Бағаналы даугерi дұрыс айтып отыр ғой. Жорықты кiм бастаса, жосыққа сол жауапты ғой. Қып-шақ ұрысы Бағаналыдан жылқы алмаса, Жаппастың аңшысы кiмнен жылқы айырады? Бағаналы жылқысын алдырмаса, жай жатқан Жаппаспен жанжалдасар ма едi. Пәленi кiм бастаса, барлық ауыртпалыққа сол жауапты. Ердiң құны жүз түйе, көздiң құны елу тайлақ. Қастандық емес, қатеден тиген найза, жартысы жазым тигенi үшiн кешiледi. Жаппастың көзiнiң құны жиырма бес тайлақ. Тiрiдей көзiне құн алу арыңа ауыр болар, құдалықпен құдай атын айтсын, сүйек болсын. Қыпшақ қыз берiп күнде бау сүйек болсын, – дептi. Билiк жайын айтқан жiгiт сөзiн аяқтай бергенде, аузын аша, аңыра тыңдаған Шоқан, ер құны, ел дауы деген бiр үлкен сүрелi әңгiменi тыңдап, мына жiгiттiң айтқыштығына разы болып, әкесiнiң аузына қарады.
– Немене, сол билiкке бәрi фәтуа етiп пе? – деп сұрады Шыңғыс.
– Иә, «айтқаным – айтқан, билiк бiрлiктi меңзейдi, шырағым, бұрын ағайын едiк, ендi құда болатын болдық», – деп бәрi алғыс айтыпты. Сонда отырған Жаппастың биi ақ сақалды адам екен:
– Шырағым, елiм кiшi жүз едi, аға баласы болсаң да батамды берейiн. Атыңа ат қосайын, бұдан былай атың би Толыбай болсын дептi. Сонан бiздiң Телекемдi ел би Толыбай атап кетiптi, – деп жiгiт әңгiмесiн аяқтады. Отырған жұрт «әдiл айтылған билiк, ағайынды ашындырмай, қандай есебiн тапқан», – дестi. Ұзын сүре даудың барлық егжей-тегжейiн жете ұқпағанымен, ел iшiнiң дау-шарының бiр сала жобасын аңғарған Шоқан әжесiне осы әңгiменi айтып, ол кiсiнiң де ойын тыңдамақ болды.
Қас қарая, Шыңғыс қонақтарын ертiп үйiне оралды. Бұл кезде қайтадан дастарқан жайылып, қымыз сапырылып, тағы мәжiлiс басталды.
– Ал, ақын, Қозы Көрпешiңдi аяқта, аяқта, – дедi Шыңғыс Арыстанға қарап.
– Иә, мына кiшкене төренiң құмары қансын. Аяқ-тап көрелiк, – деп Арыстан қобызын алып жырына кiрiстi. Дөң басындағы мәжiлiсте болмаған тентек Жақып Шоқанның қасына келiп отыра берiп:
– Өй, өзi бiр шаршамайды екен. Тағы жетiм баланы айта ма? – дедi.
– Иә, соны айтады. Тек отыр, құтырынбай, – деп Шоқан iнiсiне тыйым айтты.
Ақын бiраз кiбiртiктеп отырып көтерiле жырлап кеттi. Қозы мен Қодардың алғашқы күш сынасқан же-рiн Шоқан үнсiз тыңдап, жыр толқынына берiлгендей ақынның әр сөзiне ұйи аңыра қарайды. Түн жарымы болып қалды. Ақын да, тыңдаушылар да шаршауға айналды.
– Мәжiлiстi ертең аяқтармыз. Ақын шаршаған шығар. Бейсен, мына кiсiлердi апар, – дедi Шыңғыс қонақ жайғап жүрген жiгiтiне. Шоқан Жақыпты ертiп өздерiнiң үйiне кеттi.
Ауыл жайлаудан қайта көшкелi Шоқандардың оқуы тоқталып, сабақ қосы да тәртiпке келмеген едi. Құсмұрын алқабына келгелi Әбубәкiр молданың да шақырған жерлерге барып, қолы тимеген-дi. Кешегi ақын мәжiлiсiнде де Әбубәкiр молда жоқ едi. Ол кiсi таяу ауылда бiр дау болып сонда шақырылып кеткен. Осындай бiр бостандық, молда сабағы үзiлiс жасаған күндерде ақын мәжiлiсi болғаны Шоқанға сондай ұнаған-ды.
Үлкен кiсiлер шайын iшiп, қонақтар Шыңғысқа сәлем бере орда үйiне кiргенде, Шоқан мен Жақып енелерiнiң қасында едi.
Ассалаумағалейкүм аға сұлтан,
Жақсы күн, жарқын өмiр, қайырлы таң, –
Болғайды хан ордаға қасиеттi
Туғызар елге бақыт, халқына қам, –
деп жырлай кiрген Арыстанға Шыңғыс оң жақ қасын меңзедi. Басқа қонақтар күндегi орындарына хан ишаратынан кейiн жайлана отырысты.
– Ақын тiлi алыстан шолиды-ау. Сәлемiнiң iшiнде арызы қабаттаса жүредi. Адам тiлiнiң айтпайтын сөзi, ашпайтын сыры жоқ-ау. Тек бүкпелемей, ақ ниетпен сөйлесе, – деп Шыңғыс бұл жерде бiраз бiлiмдi аңғарғыш, оқу сезiмi мол адамның ойын айтып тастады.
– Алдияр, сiзден рұқсат болса, бiз ханымға сәлем берсек, кешеден берi бармағанымыз да ағаттық болған тәрiздi, – деген ойын Арыстан ақын Шыңғысқа өтiне айтты.
– Иә, иә, ол дұрыс, анамызға сәлем берелiк. Қозы Көрпештiң де аяғын сонда жырларсыз, – деп Шыңғыс ақын сөзiн құптады. – Онда ат қамдалсын.
– Құп, алдияр, қазiр дайын болады, – деп Бейсен есiкке беттей бергенде, Шоқан:
– Атеке, мен де барам, – дедi.
– Мен де барайын, – деп Жақып та қосарлана кеттi.
– Бiз де барамыз, жырдың аяғын тыңдаймыз. Апама сәлем беремiз. Балалар бiздiң пәуескеге мiнер, – дедi сары бәйбiше.
– Алақай, онда тiптi жақсы болды, – деп Жақып Шоқанның мойнына асыла кеттi. Шоқанның ойына Мысық түстi. Оған бүгiн келемiн деген уәдесi де бар едi.
– Кешегi менiң ойыншықтарым қайда? – деген Шоқанның сөзiн ести сала Жақып апасының аржағына барып жоқ болды. Кешегi қойған жерiнен iздегенде, тек сиыр мүсiн балшықтың бiр сынығы ғана жатыр, өзгесi жоқ.
– Мынаны талқандап сындырған сен ғой, бүлiк, – деп Шоқан Жақыпқа қарай бет алып едi, апасы:
– Шоқанжан, оны мен бағана шығартып тастадым. Қайтесiң жаман балшықты қызықтап, өзi үгiлiп кiлемдi топырақ қылып тастапты, – дедi.
– Апеке, ол жай балшық емес, ол мүсiн ғой. Өнер ғой, – деп Шоқан қабағын түйiп тұрып қалды. Ол мүсiн-дердi сындырған Жақып екенiн бiле тұрса да, апасы ара түскен нәрсеге әдептiлiк iстеп, iшiнен тынды да қойды.
– Атеке, мен пәуескеге мiнбеймiн, құнаныма мiнем, – деп Шоқан далаға шығып, Шыңғыстарға ат ерттеп жүрген Бейсенге:
– Бейсен аға, менiң де құнанымды ерттеңiз, мен салт мiнем, – дедi.
– Иә, Бейсен аға, менiң де құнанымды ерттетiп берiңiз, мен де Шоқанмен бiрге жүрем, – деп Жақып та жетiп келдi.
– Жөнел, жаның барда. Менiмен бiрге жүрмейсiң. Апекеңнiң жанына пәуескеге мiн, – деп қатты зеки сөйледi Шоқан оған. Жақып тайқып шыға бердi.
Салт атпен жүрген Шыңғыстар тобы, Арыстан ақын бар, ханым ауылына қарай баратын төте тепсеңнен бұрыла үлкен көл сағасына қарай ойыса бет алды. Әкелерiмен қабаттаса атқа мiнген Шоқан, кешегi Мысыққа айтқан уәдесi бойынша кiсiлерден бөлiне құдық басына тартты. Әңгiмемен алданып абайламай қалған Шыңғыс баласының жалғыз кетiп бара жатқанын көрiп шақырып алды.
– Се-сен жалғыз қайда бара жатырсың? – деп баласының бөлiне жүру себебiн сұрады.
– Атеке, кеше Мысыққа – әлгi мүсiншi балаға келем деп уәде бергем, соған барам.
– Кейiн-ақ бармайсың ба, немене, ол бiр жаққа кетiп қалар деп пе едiң? – деген әке сөзiне:
– Уәде берiп, артынан алдасам, ұят емес пе? Бұдан былай ол менiң сөзiме сенбейдi ғой, – дедi.
Шыңғыс Шоқанға ойлана қарады да:
– Ә, жарайды, бара ғой, екi айтпаған жақсы, – дедi. Шыңғыстың өңiнде баласына iштей ризалық ажар бар едi.
– Төре баланың мына қылығы қандай жақсы тәртiп. Өтiрiк айтып алдасам, ендiгiде сенбейдi дейдi, – деп Арыстан бөлiне жөнелген Шоқанға сыртынан сүйсiне ықылас бiлдiрдi.
Шоқан құйғыта шауып құдық басына келгенде, Мысық алдынан қарсы шықты. Ол қолына ұстаған жаңа мүсiндерiн жоғары көтере:
– Мә, Шоқан, iстеп қойдым. Мен сенi келмей қалар деп ем!..
– Жоқ, мен айттым ғой келемiн деп, неге келмейiн. Уәде етпеу керек, уәде еттiң, орында, – деп Шоқан өзiнiң уәдеге бекем екенiн айтып, жаңа танысқан досына өзiнiң әдетiн түсiндiрдi. Мысықтың бұл мүсiндерi Шоқан айтқан түйе емес, құстың – қаршығаның тұлғасын бейнелептi. Және пәуеске арбаның бейнесiн жасапты. Жаңа нәрсенi тез танығыш Мысықтың зеректiгi Шоқанға сондай ұнады. Мысықтың мына жасаған мүсiндерi әлi тобарсымаған босаңдау екен. Қолына алып ұстап көрдi де:
– Сен мына мүсiндердi күн көзiне қойып кептiр, қазiр алуға әлi жас екен. Мен саған ертең келем, – деп, Шоқан үйден Мысыққа деп алып шыққан қант, бауырсақтарын бердi.
– Жарайды, тағы да көп қылып iстеп қоям, – деп. Мысық бауырсақтың бiр-екеуiн аузына тоғытып жiбе-рiп, жымыңдап қойды.
Шоқан құнанына мiне салып, Айғаным аулына қарай құйғыта жөнелдi. Ендiгi ойы Қозы Көрпеш жырының аяғын тыңдаудан кешiкпеу едi. Шоқан келiп жеткенде, ханым үйiнiң айналасы абыржыған адамдар. Апасы да пәуескеден жаңа ғана түсiп жатыр екен. «Кешiкпеген екенмiн» деп ойлады ол iшiнен. Шыңғыстар тобының аттары кермеде, қатарласа байланып, олар үйге кiрiп жайланып қалғаны байқалды. Жалғыз кiрiп баруға ретсiздеу көргендей ол апасының үйге кiруiн кү-тiп пәуеске қасында тұрып қалды.
– Ә, бәрiбiр бiзден бұрын келген жоқсың, – деп Жақып апасына iлесе Шоқанға қыр көрсетiп, бағанағы тастап кеткен кегiн қайырмақшы болды.
Әжесi Шоқанның бетiнен иiскегенде, Жақып та еттiлеу томпақ бетiн төседi.
– Өй, тентек, – деп ханым оны қолынан тартып, маңдайынан сипап қасына отырғызды. Ханым алдында тағзыммен отырған жұрт әлi мәжiлiске кiрiскен жоқ едi. Үнсiз отырысты Айғаным өзi жандандырды. Күтушi жiгiтке:
– Дастарқан жайғыз, қымыз әкелгiз. Мал қамдатыңдар. Ақынды кеше келдi деп едi, жас сұлтанда арыздары болған шығар. Заман осылардiкi ғой, – деп ескер-туiн де жасады.
– Иә, алдияр апеке, бiз тоқталып қалдық. Ақында кiнә жоқ. Мына балаларыңыз жыр айтқызып босатпады, – деп Шыңғыс Шоқан мен Жақыпты алдына сала, жыр аяғының айтылуына ескерту жасай сөйледi.
– О не қылған жыр, балаларды таңсық еткен, – деп өзiмшiл өр мiнездi ханым бiзге жаңалық болған қандай жыр дегендей бiр жайқап өттi.
– Апеке, бұл Арыстан ақын айтқан Қозы Көрпеш, Безверховтар тобы дәрiптеген өте бiр қызықты түрi. Бұл Орынбайдың айтуынан бөлегiрек, – дедi Шыңғыс, жыр жөнiндегi өз болжауын түсiндiрiп.
– Иә, Арыстан ақын ұзақ қызықты жыр айтыпты, соған разы болып бiр орыс төресi үлкен сыйлық бердi дегендi айтып жүр ғой ел. Онда дұрыс екен, балалардың естiгенi жақсы болған. Айтсын, тыңдалық, – деген кеңшiлiгiн бiлдiрдi.
Айғаным отырған орда мүлкi Шыңғыс үйiне қарағанда әлдеқайда асыл мүлiктерге толы едi. Бiр ғана жарым патшадай сыйлыққа келдi деген алтын жалатқан асыл шыны аяқ, шәйнек, күмiс поднос, самауырдың өзi бiр айтып жеткiсiз ғажайып асыл заттар болып көрiндi. Ақынның қасындағы жiгiттерге айтар арызынан да мына сияқты алтын дiңгек сарайға кiрiп, хан ордасының мәжiлiсiн көрудiң өзi бiр адам айтқысыз қызық күн болды. Сонау Толыбай бидiң шежiресiн айтқан тiлмәш жiгiт үшiн кешеден бергi мәжiлiс бiр ұзақ дастандай болып жатыр. Ол iшiнен қазақтың «өнер алды қызыл тiл» дегенi үлкен данышпандықпен айтылған-ау. Ел iшiнде Арыстан сияқты атқа мiнер адам аз ба. Мұны жүз орап алатын дәулет иелерi бар, солардың қайсысы төре үйiнiң төрiне шыға алады. Мынау құрметтiң бәрi Арыстанның аузынан шығып жатқан асыл жырдың сыбағасы-ау деп ойлады. Өзiнiң де өмiр бойы босағасынан аттамаған орданың дастарқанынан тағам татуы, осы Арыстанның арқасы. «Адам өледi, өнер өлмейдi» деген осы-ау деп бiр қойды.
Қымыз сапырылып, мәжiлiс кезегi келгендей жұрт-тың бәрi ханым лебiзiн яки рұхсатын күтiп отыр. Әже-сiнiң қасына отырған Шоқан атекесiне бiр нәрсенi сыбырлай айтқандай болып едi, Шыңғыс әжеңе айт дегендей болды. Шоқан еркелене әжесiне бұрылып:
– Әжеке, ақынға кешегi жырын айтқызшы, – дедi.
– Шоқанжан мүлде жырға құмартып алыпты ғой. Ал, ақын, жырыңды қозғап көр, – деп Айғаным ханым сабырлы қалыппен рұқсат лебiзiн бiлдiрдi. Жырды кешегi тоқтаған жерден бастай ма, жоқ тағы басынан ханымға қайталай ма, сол арасын шеше алмай қобызын алдырып Арыстан құлақ күймен күйбеңдеп бөгелiп қалды.
– Ақын, неге бөгелiп отырсың? Әлде, әлде қай жерiне тоқталғаның есiңе түспей отыр ма? – деп Шыңғыс ақын бөгелiсiн анықтағысы келiп сөз бастады.
– Иә, алдияр, сол тоқталған жерден айта берелiк пе? – деп Арыстан Шыңғысқа қарағанда.
– Апекем қалай дейдi. Басынан айтсын ба, жоқ қалған жағын айтсын ба? – деп Шыңғыс Айғаным ажарына қарады.
Бас жағын сендер тыңдапсыңдар ғой, аяғын-ақ тыңдалық, босқа тағы да аяқталмай, балаларды шаршатар, – деп Айғаным өз шешiмiн айтты.
Айбас құл олай шапты, бұлай шапты,
Бәрiн де тамам болдың оймен тапты.
Баянның қарқарасы түсiп қалып,
Қарқаралы қазилық сонан тапты, –
деген жерiн айтқанда Шоқан әкесiнен:
– Атеке, ол қай жер? – деп сұрады.
– Ол, ол нағашың аулының аржағында Қарқаралы деген тау бар, сол.
– Ол нағашымдар аулынан көрiне ме?
– Алыстан бұлдырап көрiнедi. Жарайды, өзiм кейiн ұғындырармын, жыр тыңдалық, – деп Шыңғыс Шоқанды тоқтатып тастады. Жұрт үнсiз жыр тыңдап, ақын аузына үңiле отырысты.
Жыр ұзақ айтылып, күн еңкейе ақын Қозы өлiп, Қодарды Баян алдап құдыққа түсiрiп өлтiрген жерiн айтқан кезде, үй iшiндегi бiраз жандар Баянды аяп көздерiне жас алды. Әсiресе Шоқан ойында әсер қалдырған жерi Баянның ақылымен сәудегер керуендерге бейiт салдырғаны болды. Сол бейiт қандай екен, соны көрсем деп iштей құмартып қойды. Жыр айтылып болсын деп күткен тамақ та әзiр болды. Жыр әсерiне мүлде берiлген Шоқан бiр әредiкте Арыстан ақынның қасына келiп:
– Ақын ата, Қозы Көрпеш–Баянның бейiтi сондай биiк пе екен? – деп сұрады.
– Мен көргенiм жоқ, бiрақ көргендер сондай биiк, етегiнен басына қараған кiсiнiң басынан тақиясы түседi дейдi. – Ақын осыны айтқанда Шоқан: «шiркiн-ай, барып көрер ме едi!» – дегендей ойланып қалды.
