Ақтөбе облысының әкімі бейнежазба жариялады
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров әлеуметтік желісінде өңірдегі қазіргі қалыптасқан жағдай туралы бейнежазба жариялады.

8 ақпандағы жағдай бойынша 7 республикалық және 7 облыстық маңызы бар автожолдар жабық.
«Апаттық-құтқару жұмыстарына 46 полиция жасағы, төтенше жағдай, әскери бөлімдер мен жергілікті атқарушы органдардан 81 бірлік техника, 211 жеке құрам тартылды. Облыстың 8 ауданының орталығында, яғни Қарғалы, Қобда, Әйтеке би, Алға, Мұғалжар, Хромтау, Байғанин, Мәртөк аудандарында 11 жылыту пункті ашылды, онда 427 адам, оның ішінде 18 әйел және 20 бала орналастырылды. 8 автобус қар құрсауынан шығарылып, 157 адам, оның ішінде 17 бала эвакуацияланды және жақын жердегі жылыту пункттеріне жеткізілді. Полиция трассалардағы 50-ден астам автокөлікті құтқарды», - деді Асхат Шахаров.
Бейнежазба соңында өңір басшысы сын сағатта күндіз-түні қолдау көрсетіп, жолдағы азаматтарға барынша қол ұшын созып жатқан мейірімді жандарға, волонтерларға алғыс айтып, баршаны орын алған жағдайларға түсіністік танытып, сабыр сақтауға шақырды.
«Біз әрқашан біргеміз. Амандықта болайық», - деп сөзін түйіндеді Асхат Шахаров.
aqtobe_oblysy_akimdigi
