Мазмұнға өту
Обложка сообщества Qaz

Аңсаған ауылға оралғанда

Аңсаған ауылға оралғанда

Оқу аяқталған кезде ауылдан ат алып келген Бей-сендi Шоқан Васил
ағайдың үйiнде жолықтырды. Қыстай қала iшiнде iшi пысып ерiгiп қалған бала, далаға
қарай қанат сермеген түз құсындай ынтықты. Корпус оқуына қыс ортасына дейiн жаттыға
алмай келген Шоқан оқу жылының аяғындағы сынауда алдыңғы балалар қатарында болды.
Алыстағы қыр қазағы ауылдан келiп, алдыңғы қатарға талпынған сергек Шоқанның ерекше
алғырлығы оқытушыларын аса разыландырып едi. Ауылға қайтарында рұқсат ала барған
Шоқанға мектеп директоры:

– Қымбатты Уалиханов, ауылыңды қимай оқудан қалып қойма! – дедi.

– Келуiме, кешiкпеуiме сенiңiз, – дедi Шоқан ширақ жауап қататын
әдетiмен.

Шоқан аулына келгенде, жайлауға көтерiлер өлке бойына көшiп қонған
ел басын қоса, жаз қызығына кiрiсе бастаған едi. Алдынан жүгiрiп шыққан тентек Жақып,
Әлiбай, тағы бiрнеше балаларға Шоқан арбадан түсiп құшақтасып амандасты. Алдынан
құшақ жая күткен апасы:

– Келшi, Шоқаным, келшi, құлыным, – деген сөздi даусы дiрiлдеп,
көзiне жас алып айтты. Апасының көз жасын көрген Шоқан өзi де анасының құшағына
кiре қатты құшақтады. Үйге кiрiп аз дем алғаннан кейiн:

– Әжеңе бар, сәлем бер. Атекең де ертеңдер келiп қалар, ел арасындағы
бiр жұмысқа шақырып кеткен, – деп апасы Шоқанды әжесiне жұмсады. Өзi де әжесiне
баруға құмар бала, ерттеп қойған былтырғы нағашы аулынан келген боз жорғаға мiндi.
Жақып, Әлiбай бiрге жүрдi. Ауыл аралары мал жайымен бiраз алшақтай қонған едi. Екi
орта белес-белес жазық болатын. Ауылдан шыға бере-ақ Жақып:

– Ал, кеттiк, Шоқан, – деп жарап алған ұшқыр қарагер құнанмен
жүгiрте жөнеле берiп Шоқанның боз жорғасын сауырынан қамшымен сипай соғып өттi.
Семiзден жаңа ұсталып мiнiлген боз жорға бестi қамшы тиiсiмен Шоқанды ала жөнелдi.
Әлiбай да құла төбел құнанымен бұлардан қалмай тұра шапты. Жақыпты желiктiрiп ым
қағып жiберген жеңiлтек Жәпекбай өзi де қиқуды салып бiрге жүгiртiп келедi. Ә, дегенде
құйындай ұшып жөнелген Жақыптың қарагер құнаны бiр белестен асып, келесi қайқаңға
көтерiлгенде тырбақтап жайыла бердi. Алғашқыда тығыла тұтқырлау жүгiрген боз жорға
тоқтығынан көп шаппай, өзiнiң жатық жорғасымен
сыдыртты. Алға шыққан бетiнде бас-қа-көзге төпелеп құнанын барлықтырып алған Жақып,
Әлiбайдың құла төбел құнанынан да қалып, текпiленiп келедi. Астындағы жарау жирен
биенiң басын тартып Жәпекбай Жақыптың құнанын тақымға салып тартып ұрандап даланы
басына көтердi. Жәпекбай мен Жақыптың даңғойлығына Шоқан қарық болып:

– Е, екi даңғой, бiрiңдi бiрiң сүйреп жығылғанша мүдiрмеңдер,
– деп боз жорғасымен сыдыртып жүре бердi. Алдыңғы қабақтың астында отырған ханым
аулының қарасы көрiне бастағанда аттарының басын iркiп, балалар жай жүрiске салды.

– Мен сенi үйдегi балалардың үлкенi болып есейген
екен десем, есерлiгiң елегiзе түскен екен, – деп Шоқан әлгiнде ғана сағынып көрген
iнiсiне, байсалды, мектеп көрген баланың сөзiн айтты. Жақып жаңа ғана сағынып көрген
Шоқанға сөз қайырған жоқ. Шоқанның корпус формасын кигенiн алғаш көрген Жәпекбай
көз алмай бiресе фуражкесiне, бiресе кемзал-шалбарына қарап әуестенiп келедi.

– Мен сенiмен оқуға барсам, маған да мынадай
киiм бере ме? – дедi Жақып атының басын жайлана тартып ақырын жорғалатқан Шоқанға
жете берiп.

– Жынданбай дұрыстап оқысаң саған да бередi.
Жақып «жынданбай дұрыстап оқысаң» деген Шоқан сөзiне жасаңсып, көзiн жыпылықтатып
тоқталып қалды. Бағанадан үндемей келе жатқан Әлiбай:

– Шоқа, онда қазақ балалары бар ма? – дедi.

– Қазақ балалары жоқ. Ноғай баласы бар.

– Ана молдакеңнiң туысқандары ма? – деп Әлiбай
өзi бiлетiн ноғай молданы айтты. Шоқан күлiп:

– Саған ноғай болса-ақ бiздiң молданың туысы
болады ғой дейсiң бе. Ноғай көп қой.

– Ноғайлар көп бола ма? Мына бiздiң молдакең
жалғыз ғой, – деп Әлiбай әлi де дүние тануға шорқақтығын көрсеттi. Бұл кезде балалар
әже аулына да келiп жеткен едi. Ханым үйiне таяна бергенде алдынан шыққан Қанғожа
ағасы:

– Шоқанжан, келiп қалдың ба? Аман-саумысың,
– деп Шоқанның сәлемiн алып ханым үйiне ертiп кiрдi.

– Құлыным, Шоқаным, қызығым, – деген Айғаным
үнi елжiреген бiр үлкен үнмен айтылды. Әжесiнiң бауырына кiре Шоқан да мауқын баса
бiраз отырып қалды. Тентек Жақып та келiп әжесiне сәлемдесiп маңдайынан иiскеттi.
Үйiне түсе салып сәлем беруге шауып келген Шоқанына Айғаным аналық үлкен ықыласын
айтып, аса разы болды.

– Аға, қыстай сiздiң қобызыңыздың үнiн сағындым, – деп Шоқан
Қанғожа атасына күй тартқызып, кешкетұрым ауылдарына қайтты. Қанғожа өзi де ағасының
аулына келдi. Шоқанның тұңғыш қала қыстап оқудан оралған күнi аса бiр қызықты болды.
Ауылды сағын-ған, ауыл ойынын сағынған Шоқан таң атқанша ұйықтамай Әлiбай, Жақып,
Мұқандармен ойын салды. «Ақсүйек», «Қара бие», «Тоқтышақ» ойындарының бәрiн де ойнады.

Ат қызығы, ауыл қызығының бiрiнен бiрiне алданып Шоқан қаладан
әдейi ала келген добын да кiтап жәшiгiнiң iшiнен алмай ұмытып кеттi. Атекесi келгеннен
кейiн аға сұлтан ауылы келген-кеткен кiсiмен абыр-сабыры көбейiп, ойынға да орын
болмай қалды. Шоқан бiр әредiкте Мысықты есiне түсiрiп, Бейсеннен:

– Бейсен аға, Мысықтардың үйi қайда? – деп
сұрады.

– Мысықтың үйiнiң қайда екенiн кiм бiлсiн. Есiтпеп пе едiң, оның
шешесi өлген, әкесi мен екеуi ауылдарына көшiп кетiп қалған, – дедi.

– Олардың ауылы атамдармен бiрге емес пе?

– Жоқ, ол атаңдарға қарашы, малшы, күзетшi болып отырған ғой,
– деп Бейсен жай үйреншiктi елеусiз етiп айта салды. «Қарашы, күзетшi, малшы» деген
сөздер жайына Шоқан ойлана қарап өз әкесiнiң ауылында мал бағып, бие сауып, жылқы
бағып, үй жұмысын iстеп жүрген толып жатқан адамдарды көз алдына келтiрдi. Олар
жалаң аяқ жар кешiп жұмыс iстейдi. Әуе айналып жерге түсетiн ыстықта ана Жұлдызбай
ернi тобарсып қой бағады. Майбас бие сауады. Сол қымыздан өз бетiмен бiр аяқ қымыз
құйып iшпейдi. Ана Жайлыбек, Жазықбайлар жазы, қысы жылқы бағады. Бiрақ малға да
ие емес, өз бастарында да еркi жоқ. Ол неге олай?..

Былтыр күзде қалаға жүрерде Шоқан Мысықпен қоштасқанда, жыламсыраған
Мысықтың ойлы аяныш ұшқынын көрсетiп тұрған жанарын бүгiн көз алдына келтiрдi. Шоқанның
ауыл балаларына қаладан ала келген бiр жаңалығы резеңке допты ұрып ойнау болды.
Алдымен ол басқаларға қаладан көрген тәртiбiмен допты ойнау тәртiбiн үйреттi. Әсiресе
оларға қиын тигенi таяқпен ұрған допты қағып алу және қашқан баланы доппен көздеп
қалу қиын болды. Бiраздан кейiн бәрi де жаттығып, допты маңайласа қағып алады. Бiрақ
ұзаққа барған жоқ, жалғыз резеңке доп Мұқанның шоқпар бас таяқпен қатты ұрғанынан
жарылып, ойынға жарамай қалды.

Шоқан бұл жазда ара-тұра болмаса әкесiнiң қасына көп iлескен жоқ.
Оның бiр себебi әкесi осы жазда үйде отырмады. Ел арасында дау-шар және қалаға да
шақырылып ылғи түзде болды. Шоқанға бұл жазда кездескен бiр көңiлсiз жай өрескел
бiр үстемдiк болды. Ауыл жайлаудан қайта көшiп күзекке бет алды. Жайлауда алыстай
қонып, мал өрiсiнiң жайымен қоныс iргесiн кең сала отырған төре ауылдары Соналы
өзенiнiң бойына қанаттаса қонды. Бұл өлкенiң иесi кiм екенiн, оған жайлаудан қайтқан
елдiң неге жабыла қонып жайлап кететiнiн Шоқан бұрын ойлап көрмеген. Жылқы айдаған
жылқышы және ауыл жiгiттерiмен бiрге Шоқан да осы көштермен бiрге болды. Соналы
өлкесi онша кең де, көлемдi сала емес, жерi адырлау қалың бұйраттың ортасынан ағатын
шағын өзенсымақ. Осы өзенге сағалай салынған
анда-санда жалғыз-жарым қора көрiндi. Шыңғыс аулының жылқысымен қанаттаса Шеген
аулының жылқысы да өлкеге қаптай құлады. Қалың жылқылардың алдынан шығып айқай салып
екi атты кiсi қырға қарай жылқыны қуа бастады. Мұны көрген жылқышылар да айқайлап
тұра шапты. Шоқан да солармен iлесе жүгiртiп келедi. Жылқышылар келе
:

– Неге қайырасың жылқының бетiн?! – деп
ақырды.

– Неге қайырмаймын, шабындымды жапырып, аз ғана егiнiмiздi таптап
бұл қай қорлықтарың, – деп аласа бойлы, орта жастағы адам өршелене айқайлады. Жазықбай
жылқышы:

– Көзiңдi ашып қара, кiмнiң малының алдынан шығып тұрғаныңды бiлемiсiң.
Хан қосына қай сорың түртiп қолыңды көтерттi. Өшiр үнiңдi. Тоқтат ана жынды iнiңдi.
Жоны қышымаса қысқартсын, – деп зiлдендi.

– Хан қосы болса, қарашысын қанға бояп өрiстей ме? Құдайдың жерi
жетпегендей бiздiң жан сақтап отырған жаялықтай шабынды, уысты құлақ егiнiмiздi
таптай ма! – деп дауысы бәсеңдеп жалынышты сөйлегендей болды. Сонша болмады Шеген
жылқысының қалың тобын дүркiрете өзен бойынан үркiте айдаған жер қорушыға екi жылқышы
жабылып айқай-шу шықты. Мына жер қорушы да айқай сала солай шапты. Жазықбай да,
басқа жылқышылар да, Шоқан да солай шауып келедi. Бұлар келгенде жер қорушы жiгiттiң
басынан қан ағып, үстiндегi көйлегi өрiм-өрiм болып аттан түсiп отыр екен. Әлгiндегi
сақалды кiсi:

– Уа, төре аулының ұрда-жық малшылары, шалғы-нымды жапырып, егiнiмдi
таптап қорлағаныңмен қоймай, өзiмiздi қанға боядыңдар ма?! Сендерге де тыйым айтар
ұлық бар шығар. Кiсi өлiмi керек болмаса, мына малдарыңды өзен бойынан шығарыңдар.
Қазiр бiреу-iңнiң қаныңды iшем, не өз қанымды төгем, – деп Шеген жылқышыларына тұра
ұмтылып едi, олар тайсалмай:

– Мына төбеттiң де жоны қышыған екен, – деп қамшы сiлтей бергенде
Шоқан iлгерi ұмтылып:

– Тоқтаңдар, не деген сотқарлық, адамшылық емес қой, – деп ара
түстi. Шоқанның дауысын естiген жер қорушы:

– Шырағым, төре бала, әкеңе арыз айтқанда куә бол. Мына қодар
құлдардың бiзге iстейтiнi осы, әттең аға сұлтанның өзi таяуда емес, – деп Шоқан
сөзiн арқаланып, жылқыны өлкеден айдай бастады. Шоқанның жаңағы сөзi жылқышылардың бәрiне де тыйым салған-дай
болды. Олар ожарланған өктемдiгiн қойып, жыл-қыны өзен шалғынынан қабаққа серпiп
қонатын жерге беттеттi. Таяқ жеп, қанға боялған жiгiт атына мiнiп, сөлбiрейiп өзен
бойына тартты. Мынау қандай өктемдiк дегендей Шоқан жалтаңдай әлгi жiгiттi аяп
қарай бердi.

Өлкенi қабақтай ел жайланып қонғаннан кейiн,
кешке жақын Шыңғыс бiр жақтан аулына келдi. Кешкi салқынмен ойынға шыққан Шоқан,
тобылғыдан садақ иiп алып торғай атып жүрген Жақып пен Мұқанға жолықты. Ол кезде
Әлiбай Мұқан мен Жақыптың қолындағысын көре салып, таяудағы сайдан тобылғы жұлып
алып келе жатыр едi.

– Мына тобылғыдан iстеген садақ арқар атуға да
жарайды, – деп Жақыптарға балғындау тобылғыны көрсеттi.

Сол тобылғыны Шоқан қолына алып көрiп тұрғанда,
Жақып жүгiрiп келiп ала кеп қашты. Әлiбай қуайын деп едi, Мұқан оны ұстай алды.

– Әй, жынды, тоқта! – деп айқайлады Шоқан, Жақып
оған бөгелместен тұра үйге қарай жөнелдi. Шоқан үнсiз тұрып қалды. Оның iнiсiне
ыза болып қалғанын байқаған Әлiбай:

– Мына тобылғым одан да мықты, – деп тағы бiр
балғын тобылғыны қолына алды. Қолындағысын тартып алады, қарсылық етер қайрат жоқ.
Бағанағы көргенi әлi ойында сақталып қалған Шоқан, балалардың қасынан бөлiнiп ауылға
келдi. Әлгiнде өзiн еркелетiп, қасына отырғызып мейiрбандық еткен әкесiнiң қасына
қайта келiп, қабағы түсiңкi бiр оймен:

– Атеке! – дедi.

– Ә-ә, Шоқанжаң, – деп Шыңғыс баласына бұрылды.

– Бүгiн бар ғой, бiз жылқы айдап келе жатқанда,
атам аулының жылқышылары, бiр жер қорушыны жаман сабады, басын қанатты, – дедi.

– Ол кiм, кiм? – деп Шыңғыс дыбырлаңқырап Шо-қаннан
талдап сұрай бастап едi, ол:

– Атеке, Жазықбай ағадан сұраңыз, айтады, – дедi.

Шыңғыс шақыртып алып, Жазықбайдан бәрiн ұғынды
да, Бейсенге:

– Се-сен барып ана егiн иесiн ертiп кел. Және
бiр жiгiт жiберiп, Шекеннiң жылқышыларын осында шақырт. Бiздiң абыройымызға ит
қосатын осылар. Ана на-шарлардың шаруасын бүлдiрген ғой, – деп бұйырды.

Аға сұлтан айтты, бөгет бар ма. Бiразда жер иесi екi кедей, шеткi
бiр қарашы үйге түсiп, орда үйiне көздерiн тiгiп отырды. Шегеннiң жылқышыларын шақыра
барған жiгiт көп кешiгiп келдi. Жылқышыларын аулына қалдырып Шегеннiң өзi келдi.
Шегенге Шыңғыс түрегелiп сәлем берiп, құрмет көрсеттi. Шоқан да әкесiнiң қасында
бiрге болып әдеттегi сәлемiн берiп, ата қолын алды.

– Аға сұлтан шақыртты деген соң келдiк. Сен алдымен әкiмшiлiгiңдi
бiзден бастайын дедiң бе? – деген сөзiн Шеген ентiге, долдана сөйледi.

– Шеке аға, ашуыңызды басыңыз, мен-мен сiздi шақыртқаным жоқ едi,
ана содырлы жылқышыңды шақыртып едiм. Сiздiң жылқыны бақтым деп олар қағусыз қан
төге бере ме, – деп Шыңғыс та ағасының алдын орай адамын кiнәлай сөйледi.

– Кiмнiң қанын төгiптi. Немене, менiң жылқым жердiң үстiмен жүрмей,
ұшып өтпек пе қонатын жерге. Қырық күн шiлдеде жер қорып желiгiп жүрген иттердiң
сөзiмен менi жазаламақсың ба? Менiң жылқышымды жазғырғаның, менi жазғырғаның емес
пе... – деп Шеген әлгiден гөрi де көтерiле салмақ сала сөйледi.

– Бiз тентектi тиямыз, патша әмiрiн орындаймыз деймiз. Сiздер
тентекке қорғаныш болып, ара түсiп ағалық сатасыздар. Жарайды, қойдық, – деп Шыңғыс
ағасының өңiне өкпелi пiшiнмен қарады, – Шақырт-қаның осы болса, мен кеттiм, – деп
Шеген ызғарлана үйден шыға жөнелдi.

– Кiсi өз қолын өзi кесе алмайды екен. Жаңағы кiсiге не айтармыз.
Әлгi егiншiлер қайда, шақыр, – деп Бейсенге Шыңғыс бұйрық еттi.

– Ол кiсiлер ана қойшының үйiнде отыр, қазiр шақырайын, – деп
Бейсен лып етiп барып екi егiншiнi ертiп келдi. «Алдияр аға сұлтандап» қорғана басып
әрең кiрген екi мүсапiр босаға жақтан отыра кеттi.

– Сiздер именбеңiздер, мына Шоқанжан сiздерге жаны ашып, Шекең
жылқышыларының тентектiгiн

айтқан соң шақыртып едiм. Шекең өзi келiп, сiздер түгiлi бiзге ағалығын iстеп кеттi.
Қазақта бiр қағида бар ғой, аға алдынан шықпайтын. Ұлық болсаң, кiшiк бол деп те,
бiзге екiнiң бiрi ескерту айтады. Ол кiсiнiң, арыны тоқтағанша айыбын бiз тартамыз.
Артынан сабасына түседi ғой, бiрақ сендер күйзелмей аттаныңдар. Егiн-дерiңiз көп
бүлiндi ме? – деп Шыңғыс жылы да, жұмсақ сөйледi.

– Егiн бүлiндi, бар күн көремiз деп отырған уысты құлақ едi.
Өзi де осындай бiр апатқа бола өссе керек, аса бiтiк шығып қуанып жүр едiк. Ең аз
болғанда бiр қырық-елу пұт астық алармыз деп ойлаушы едiк, алдияр, – деп сақалды
кiсi көзiнiң жасын қолымен сүрткендей болды.

– Сiз жасымаңыз, егiнiңiздiң шығынын мен өзiм берейiн. Мына Шоқанжанның
мейiрiмiнен садаға кетсiн. Бейсен, мына кiсiлерге ана сауыншыға айтып бiр бұзаулы
сиыр бергiз. Ана жiгiтке бiр тай берiңдер, ат қылып мiнсiн. Сонда Шеген жылқышыларымен
не айтар екен, – деп Шыңғыс долдана тоқтады.

– Алдияр тақсыр, мәртәбәңiз өсе берсiн. Төре баламның әмiсе жолы
болсын, тәңiрiсi пана болсын, – деп үлкен жер қорушы қолын жайып батасын бердi.

– Мен аты-жөнiңдi де сұрамаппын, өзiң мына уақсың ғой, – дедi
Шыңғыс.

– Иә, алдияр, дәл тауып отырсыз, мына жерден аз ғана уақ боламыз.
Атым Мүсәпiр, мына iнiмнiң аты Мұсағұл, – деп жеңiл айтты.

– Ал ендi, ана Бейсенмен барып айтқан малды алыңыз, – деген Шыңғыс
бұйрығын алып Мүсәпiр алғысын айта ордадан шықты.

0
0
1696

Осы тақырып бойынша