Мазмұнға өту
Обложка сообщества Qaz

Аға достар арасында

Аға достар арасында

Қыс ортасынан былай Шоқан орыс тiлiндегi әдебиет кiтаптарын құныға оқитын болып алды. Бiрақ, ондай кiтаптар Шоқан қолына көп түсе бермейдi. Әсiресе корпус кiтапханасында әдебиет кiтаптары жоктың қасы. Ал аздаған кiтаптар рота балаларының қолынан босамайды. Кiтапханада корпус балаларына көбiрек ұсынылатын кiтаптар патша генералдарының өмiрiнен жазылған шығармалар болатын. Ондай кiтаптар Шоқан, Григорий сияқты ойшаң балаларды қызықтырмайды. Шоқанның, Григорийдiң қызығып оқыған кiтап-тары Палластың және Рычковтың жањанкез өмiрле-рiнен жазылған күнделiктерi болды. Оның өзiн де кезек күтiп әрең дегенде қолдарына түсiрдi. Осы
кiтап-тардың әсерiнен болар, Шоқан мен Григорий екеуi Азияны аралап, жер сырын,
ел жайын бiлгiлерi келедi. Екеуi хиялдап көп әңгiмелеседi.

Шоқан мен Григорийдiң iзденгiш ойшыл мiнездерi өздерiнiң кластарындағы көп балаларға әсерiн тигiзiп, кiтап оқу, iлiм iздену балалар арасына жақсы өрiстедi. Соның арқасында Шоқан бастаған кластың балалары озық тәртiптi класқа, үлгiлi оқушылар атына ие бола бердi. Шоқанның суретшiл талабы сурет сабағының оқытушысы Померанцев деген жас офицерге қатты ұнайды. Ол Шоқанды ерекше сүйiп, қызыға үйретедi. Сол сияқты әдебиет сабағын жүргiзетiн оқытушы Гонсевский де Шоқанның алғыр, дүние тануға, әдебиет тануға сезiмдiлiгiн ерекше ұнатып, үлкен iлтипат етедi.

Сергей ағайының үйiне демалыста бiр келгенде
Шоқан өзiне сурет сабағын беретiн Померанцевқа кездестi. Сергей Сотников Шоқанды
Померанцевқа айырықша таныстырып, оның суретшiлiк өнерiн сөз еттi. Сонан Сергей
бiр әредiкте қазақ елiнiң таланты жайынан сөз қозғап кеттi.

– Мең қазақ елiнiң ауыз әдебиетi жайынан Костылецкийден естiгенiм
бар. Бұл халық сондай ақын хиялы қанатты халық көрiнедi ғой, – дедi Померанцев.

– Мен сiзге бiр кiшкене қазақ баласының өнерiн көрсетейiн, – деп
Сергей Померанцевқа Шоқаннан алған Мысықтың балшықтан жасаған түйесiнiң мүсiнiн
көрсеттi.

– Мынаны жасаған қай жастағы адам? – деген Померанцевтiң сұрағына
Шоқан:

– Ол кiшкене бала, менен де кiшi, – дедi.

– Ол кiшкене бала. Өзi бiр кедей жалшының баласы екен, – деп Сотников
Мысық жайындағы естiгенiн айтып бердi.

– Мына баланы, шiркiн, ана интернатқа әкелiп берер ме едi. Мынау
мүсiншi болатын бала ғой, – деген сөз Померанцевтiң аузынан шыққанда, Шоқан:

– Ол қандай интернат? – деп мұғалiмiнен әдеппен сұрады.

– Ол қазыналық мектеп, онда өз бетiмен оқуға қаржысы жоқ кедейлердiң
балалары оқиды. Барлық өнерге үйретедi. Бiр жағынан жұмыс iстейдi, бiр жағынан оқу
оқиды, қандай өнерге бейiмi бар, соны үйренедi, – деп Померанцев толық түсiнiк айтты.

– Ол мектепке Мысықты ала ма? – деп сұрады Шоқан тағы да мұғалiмiнен.

– Оған Шыңғыс Уәлиханович сияқты беделдi адам ұсынса алады. Ал
жай балаларды ала бермейдi.

– Сiз ол мектептiң бастығын бiлесiз бе? – деген Шоқан сұрағына,
Померанцевтан бұрын Сергей:

– Сол мектепте де бұл кiсi сабақ бередi.

– Онда мен жаз елге барғанда Мысықты алып келем, оны сол мектепке
сiз алғызасыз ба? – деп Шоқан аса қуана да, асыға да тiлек айтты.

– Егер Шыңғыс Уәлиханович қатынас жазып өтiнсе, алдыруға болады,
– дедi Померанцев алдыңғы сөзiн қайталап. Шоқан қуанып кеттi.

Шоқанның бұл қыстағы бiр ренжiген жайы Сергей ағайдың Омбы қаласынан

ерiксiз түрде жер ауып кет-кенi болды. Оның не себептi жер ауғанын Шоқан талдап
бiлген жоқ-ты. Жалғыз-ақ, Сергей ағай көптен көрiнбей жүрiп бiр демалыс күнi корпус
үйiне келiп, Шоқанды корпустан сұрап алып үйiне апарған. Сол күнi Сергей ағайдың
үйiнде Померанцев та болды. Сергей Сотников Померанцевқа Шоқанды айырықша тапсырып:

– Мен бұл қаладан кететiн болдым. Мына Шоқанды үйiңе апарып демалыстарда
бойын сергiт, жақсы кiтаптар тауып бер. Қалғанын өздерiң ұғыныса жатарсыңдар, –
деген.

Сергей ағайдың осы сөзi Померанцев пен Шоқан арасына достық iлгегiн
қадағандай болды. Содан былай Померанцев Шоқанды демалыстарда үйiне алып барады.
Шоқаннан ауыл жайларын сұрап, сурет салу жайынан ұғыныстар беретiн болды. Әсiресе,
өзiнiң үйiндегi көрнектi суретшiлердiң шығармаларын көрсетiп, көптеген түсiнiктер
айтып отырады.

Бiр күнi Померанцев Сергей Сотников туралы сөз қозғап, одан хат
алғанын айтты. Ол мұндағы жолдастарын қатты өгейсидi. Саған сәлем айтыпты. Сергейдiң
өзi де тентек қой. Ол өшiккен, жек көрген адамына тура мылтық атып, қол жұмсайды.
Мынау уақыт оны көтере ме, – дедi. Сотниковтың қандай қылмыспен Омбыдан айдалғанын
бiлмейтiн Шоқан Померанцевтан Сергей ағайының не себептi жер ауғанын сұрады.

– Сен оны бiлген жоқ па едiң? Онда тыңда. Сотников осындағы бiр
полковникпен бiр жерде ерегiсiп қалады. Шенi үлкен ұлық Сотниковке жаза бергiзедi.
Сотников ондайды көтере алмайтын өр мiнездi адам.

Полковниктен кек алуды ойлап бiр күнi өшiккен адамының қонақта
болған хабарын бiлiп, оны жолда аңдиды. Аңдығанда Сотников өзiңе таныс қыр қазағының
атын сұрап мiнiп, оның барлық сыртқы киiмiн киiп, жуан қамшысын алып тосып тұрады.
Полковник жолдастарынан бөлiнiп пәтер үйiне бұрыла бергенде, аттың сауырына алып,
қамшының астына алады. Полковник айқайлап қашып, оның дауысынан көшедегi адамдар
көрiне бастағанда, Сотников құйғытып жөнеледi. Сонан бұл iс тексерiлiп, Сотниковтың
iстегенi мойнына қойылып, сонан сотталған. Ол қазiр жазалы адам ретiн-де жер ауып
кеткен, – дедi.

Шоқан мынаны естiгенде Сергей ағайының мiнезiне қайран қалды.
Қандай өжеттiк деп ойлады.

– Бiрақ, ол айласыз. Тура қамалға қарсы шабады. Ондайды бiлдiртпей
iстеу керек. Қазiр өзi жазаға душар болды, – дедi сөзiн аяқтап Померанцев.

Күн ұзап, оқу жылы аяқтауға таянған мезгiл. Шоқанның өте сүймейтiн
сабағы – есеп. Ол есепке қандай ескерту болса да тiптi көңiл қоймайды. Оны оқытушылардың
бәрi де бiледi. Бiр күнi корпустың аға оқытушысы Ждан-Пушкиннiң өзi есеп сабағын
жүргiздi. Сабақ жүрiп жатқанда Шоқан үйдiң төбесiне қарап есеппен жұмысы жоқ отыра
бердi. Ждан-Пушкин Шоқанның отырысына көзi түсiп, қасына келiп:

– Шоқан Уалиханов, сен неге есебiңдi шығармай отырсың? – дедi.
Шоқан бөгелместен:

– Мен алты ай қыстай есеп сабағын жақсы бiлме-генде, бүгiнгi бiр
сабақта бәрiн бiлем дейiн бе. Онан да басым дем алсын деп отырғаным, – дедi.

Ждан-Пушкин Шоқанды кластан ертiп алып кеттi. Балалар, әсiресе
дос балалары Шоқанды жазалайды деп қорықты. Бiрақ, оқытушы оны жазаламады. Оны
өзiнiң отыратын бөлмесiне апарып, «Современник» журналының жаңа номерiн қолына берiп,
соны оқытып қойды. Сабақ артынан балалар Шоқаннан:

– Саған қандай жаза көрсеттi? – деп сұрағанда.

– Немене, мен жазалайтын кәмпит саудасын iстеп-пiн бе? – деп жауап
бердi. Оған жолдастары мәз болып күлiсiп қалды. Шоқанды сол екiншi жылдың өзiнде
корпус оқытушылары баласындай, болашағы бар деген айырықша ұғымда меңзеп, оның зерек
алғырлығын, алған бетiнен қайтпайтын қайсар тапқырлығын қадыр тұтатын болған-ды.
Әсiресе, Костылецкий деген оқытушы Шоқанға ерекше назар аударды. Оның себебi Костылецкий
арабша, фарсыша, сол кездегi Азия елдерiнiң тiлiнде шығатын әдебиеттердi оқи бiлетiн
адам екен. Ол қазақ жерлерiнде болып, қазақ ертегi, жырларын да жинаған, дала сырынан
хабардар адам екен. Ол кей сабақтарында халықтың ауыз әдебиетiне көшiп, қазақ дастандарының
жайын айтып, балаларға түсiнiк беретiн. Ондай сабақ жүргiзгендегi Костылецкийдiң
көмекшi серiгi Шоқан болады. Ол кейде Шоқанға қазақтың ертегi, жырларын айтқызып
басқа балаларға өзi орысшалап мазмұнын айтып бередi. Бiр күнгi сабақта әңгiме Қозы
Көрпеш – Баян жырына арналып, Шоқанның Арыстан ақыннан естiген түрiн айтқызып, Костылецкий
өзi де құмарта тыңдады. Бiр әредiкте:

– Сен Қозы Көрпеш боласың, – дедi Шоқанның қасына келiп Костылецкий.

– Ол батыр ғой, – дедi Шоқан.

– Несi бар, сен де батыр боласың. Батырлық бiлекте, күште емес,
ойға алғанын орындайтын қайыспас қа-жырда.

0
0
3222

Осы тақырып бойынша