"ЖҰМЫРТҚА ПІС, АУЗЫМА ТҮС!"
Қызық болды. Бүгін өзімше кешкі асымды даладан ішпек болып, көшеге шыққам. Көше бойы қаз-қатар тізілген кафелерді жағалап келемін, әдеттегідей бәрі аузы-мұрнынан толып отыр. Біреуіне кіре салайын десем, батылым бармайды. Құдды бір менің шетелдік екенім түрімде жазылып тұрғандай-ақ даладан қорқып, кіре қалсам бәрі маған тесіле қарайтындай көрінеді. Сонсоң, жалғыз өзім қалай отырмақпын қаптаған корейдің арасында? Қой, одан да дүкеннен бірдеңе сатып алып, үйден пісіріп жейін деген ойға бекідім. Мұнда бір жаманы, біздегідей пирожки, беляши секілді нан өнімдерін өлсең де таппайсың. Ал макарон, картоп пісіре салайын десең, оған қосатын ет, пияз секілді қосымшалары тағы жоқ. Не істесем екен? Осы кезде ойыма жақсы бір идеяның сарт ете қалғаны. Ең оңай әрі ең жылдам пісетін тамақ жұмыртқа емес пе?…