Перейти к содержимому
Обложка сообщества Разное

Зымыран зарары

Ерте есейген балалық


Шамамен 1998-1999 жылдар болатын. Жасымыз 12-13-те. Нағыз күнкөрістің қиындап тұрған шағы. Үйдің жалғыз ғана асыраушысы әкем таңертеңнен кешке дейін жұмыста. Басшылық қызметте болса да, мардымсыз жалақысын кешіктіру кейде айларға созылатын. Расымен, айлығы аз-тын. Қаржы болған күннің өзінде бірінші жұмысшыларға беретін. Басқа амал жоқ. Еңбек күшінен айрылуға тағы болмайды. Ал, анам біздің тәрбиеміз бен үй шаруасында еді.

Сонымен не керек, финанстан қиындық басталып кетті. Жыл санап қысты. Қара нанды айтпағанда, қанттың өзін шоколад кәмпиттен артық көретінді шығардық. Тиын-тебеннің басы құралса, «қант, қант алайық» десіп қалатынбыз. Бұл жағдайлар барлық отбасының басынан өткен шығар. Мәселенің шешу жолдарын тек әкелер емес, балалар да ойластыра бастады. Заман соған тіреді. Өзімнен бір жас үлкен ағам екеуміз аллюминий теруге шығайық деп бел будық. Әлі есімде, сол кездері бұл металлдың келісі 13 теңге еді. Жазғы демалыс бойы металл жинап, бір жағынан отын мен тезек теріп жүретінбіз. Тамақты қазан-ошаққа, нанды мылқау пешке пісіреміз. Барқын деген отынымыз бен тезегіміз сол үшін. Әйтеуір ақша үнемдеудің амалы. Газ баллонының өзі қымбат еді. Ұмытпасам 400 теңге тұрады. Көршіміз газ заводының пропанын таситын көліктің шопыры болатын. Ол да бір баллонды екіншісіне құйып, ұрлық ететін. Өйтпеске оның да амалы жоқ еді. Шиеттей бала-шағасын асырау қажет. Елдің барлығы ұрлық-қарлыққа көшті. Біреулер электр тоғын есептегіш құралынсыз тікелей қосты. Оны әшкере қылған электриктер қоқанлоқы жасап, олардан ақша өндірді. Халық енді елді тонады. Кісі-кісіні аяп қалмады.

Тағы да аллюминий

Айтпақшы, аллюминийден латун, ал латуннан мыс қымбат болатын. Мыс тапсаң бақыттысың. Жыртылмайтын қаптан тігілген қалта мен қолға кішкене күрек аламыз да, дала кезіп кететінбіз. Ас пен сусыз тағы да болмайды. Күн шекеден шақшиған кезде, шыдамсыздық танытып әлгі суымызды басымызға құйып-ақ тауысатынбыз. Айдалада қайдан көлеңке болсын? Биіктеу жыңғылдардың көлеңкесіне тығылғандай боламыз, бірақ жыланнан да қауіп жоқ емес еді. Сол отырған бойы, қолымыздың ластығына қарамай нанды да соғып аламыз. Оқтын-оқтын құмды жел бұрқ ете қалатын. Тіс шықырлап, бет құрғайды.

Бұдан да кішкене күнімізде осы даладан кесіртке қуалап, өлтіріп жүретінбіз. Енді сол кесірткелер бізді мазақ еткендей, дәл алдымыздан зыр-зыр етіп, ізін тастап кетіп жататын. Оған тас шөкелеп, қуалайтындай балалық мінезден айрылып қалғанбыз. Сананы тұрмыс билеген. Бізде қабақ қатулы. Ал қабақтың ашылуы жиналған темір терсектің көлеміне байланысты.

Кетіңдер, әйтпесе өлтірем

Кеңес үкіметінің гүрілдеп тұрған шағында қаланың шетіне жүк көліктері келіп, қоқыс төгетін. Бұл машиналар «ЗИЛ» ғой қазір ойлап отырсам. Ол кезде атын білмейміз. Ағам: «елүн-елүн» келе жатыр, Еркааа»,-деп шапқылап келеді сонадайдан. Мен де жүгіріп шығамын. Біздің үй ауылдың ең шеткі көшесінде еді. Дыбысына қарай ағамның «елүн-елүн» атап кеткен әлгі жүк көлігін көзбен сонадайға дейін шығарып саламыз да, мұрынды көйлектің білегімен бір тартып, үйге қайта енеміз. Сосын ағам бар өнерін салып «Зил» болады. Тісі мен ернінің екі ортасына тиын салып,үрлегенде тиыннан дырылдаған дыбыс шығатын да, өзін «елүн-елүнмін» деп, еңбектейтін. Мені арқасына отырғызып, «құлағымнан бұрып отыр, мен жүріп отырамын»,-деп, мені шопыр қылатын. Енді сол балалықтан сәл ғана есейіп, елүн-елүннің жүрген ізімен аяңдап, металл іздеп жүргеніміз мынау.  Бірақ ол төгілген қоқыстардың қарасы енді азайған. Халық қойсын ба?

Қоқыс төбешіктерін көрсек  қуанғаннан жүгіреміз. Жақындай бергенде, бәзбіреулер қопарып тастағанын аңғарамыз да, көңіліміз пәс боп қалады. Тағы да шақырымдап жүреміз. Қазылмаған төбешік көреміз де, қазамыз кеп, қазамыз. Ешнәрсе таппаймыз. Үйдің ауласындағы жерді де көктемде өйтіп аудармаспыз. Ойыншықтар, темір сымдар, көрпе-төсектер, жұмсақ ойыншықтар. Біздің ең жек көретін дүниелер еді. Ашумен лақтырамыз. Бала да болсақ боқтап аламыз.

Бірде жасы елулерге тақаған кісі «свалка» қазып жатыр. Қоқыстарды өзімізше осылай орысша атаймыз. Бұл кәсіптен үйренген бір орысшамыз осы болды. Сол свалканы әлгі кісі қазған сайын, жанына біраз дүниелер жинап жатты. Алыстан аңғарып келеміз. Кенге қарқ болуда, былайша айтқанда. Латуны бар, мысы бар. Қуанып кетпесіміз бар ма? Жақындап кеп, кішкене күректерімізді шығарып жатсақ, көкеміздің мұрты едірейіп кетті. Ағам екеуміз аң-таң. «Кетіңдер, өлтірем»,-деп үшкір күрегін басына көтерді. «Бұл менің свалкам. Құрыңдар, көзіме көрінбей»,-деді. Бізде қарсыласуға  дәрмен жоқ. Күшікпіз ғой. Құнжыңдап алып бастық.

Сөйте жүріп, металл теретін жалғыз біз емес екенінімізді аңғардық. Әкемізден де үлкен кісілер аллюминий тереді екен. Ересектерді балаларға деген аяушылықтан күнкөрістің қиыншылығы айырып тастаған. Мұндайда бала не ересек деп бөлінуге болмайды. Тек жемге ортақтасқан ит деген ғана түсінік жүреді.

Басымыз салбырап жол үстінде келе жатырмыз. Жүк көліктері қатынайтын жол. Екі доңғалақтың салып кеткен ізі болмаса, жол деп атауға да келмейді. Ойылып қалған саздақ топырақ. Жаңбыр жауса миы шығады. Ағам аяңдап келе жатып, бірдеңе аңғарғандай болды. Қолындағы тяпкамен түртіп кеп жібергені сол еді, әлгіміз ақтарыла кетті. Сөйтсек, мыстан тоқылған көздері өте ұсақ тор екен. Жолды жалпағынан жапырып, торды жұлып алдық. Ой, бүйтіп қуанбаған шығармыз. Жүз теңгеден көп табатынымыз белгілі боп тұр ғой енді. Әкемізді қайдам, анамыздың қуанатыны нақты. Отырып алып, сол жолдың үстінде торды топырақтан тазаладық. Мыстың аты мыс қой, шіркін. Көңілдің көтерілмеске де амалы жоқ.

Ұшақтың қанаты

Ағамның сыныптасының қорасында ұшақтың бір қанаты жататын. Аллюминийден, әрине. Үш теңгенің уақытында әкесі пысықсынып, «қымбаттаған соң өткіземіз»,-деп жүретін. Аллюминий құны бес теңгеге көтерілгенде, бұдан артық көтерілмес деді ме, өткізіп жіберді. Кейін он үш теңгеге көтерілгенде қалай ашуланғанын көрсеңіз. Ай, заман-ай! Ай, қанағатсыздық-ай!

Үлкен бизнес

Байқоңырдан ұшқан зымыранның бөлшектері Жезқазғанға құлайтынын біз бала күннен білетінбіз. Көршілер Жезқазғанға екі-үш камазбен аттанатын. Апталап кеткен сапарларынан ракетаның сынықтарын алып келеді. Оны үйлерінің артына төгіп, кейін сұрыптайды.

Дала кезгеннен гөрі, жақын жерден пайдаға кім кенелгісі келмесін? Біздің құрдастар шаңқай түсте Жезқазғаннан әкелінген металлдарға ұрлыққа шығатын. Металл әкелген кісінің үйі түскі ұйқыға кеткенде, біздікілерде қауырт іс басталып кетеді. Қағылездері «атаста» тұрып, қоңдылаулары  ракетаның анау-мынау кішігіріп бөлшектерін сүйрететін. Кейде әлдері келген жерге дейін ғана сүйретіп, білек күштері жетпеген соң тастап кете беретін. Бұл бөлшектердің  денсаулыққа зиян екенін балалар жақсы білді. Бірақ ақша да керек.

Ауру шықты

Әдетте байлардың балалары қарындары былшиып, беттері табақтай болып жүретіні бар емес пе. Мен айтып отырған ракета сынықтарын таситын көршінің баласы сондай еді. Балалар оны ойынға қоспайтын. Сондықтан болар ол шарбағынан шықпайды. Бір күні соның ауруға шалдыққанын естідік. Қан құрамы бұзылған екен. Қалай дейсіз ғой? Әкесі әкелген зымыран сынықтарының ішінде құбырға ұқсас, бірақ ортасынан ұзыннан жарылған металлдар жататын. Ішінде өте майда, қылшықтай ғана жіңішке мыстан өрілген катушкалары  бар. Оны ұстауға балалар қорқатын. Қайдан естігендерін білмеймін, әйтеуір «мынаған жолаушы болмаңдар, ауру боласыңдар»,- деп жүретін. Сол ұстауға болмайды дегенді мына үйдің баласы ұстапты деседі. Құбырды зымыран, ал өзін ғарышкер сезінгісі келген бе қайдам, осының ішінде күнде жатады екен. Ақыры ауру болды да қалды. Ол бала қазір есейді. Бірақ, әлі дұрыс емес. Қанын да талай мәрте ауыстырды. Қыруар пайдаға кенелем деген әкесі, сол тапқан қаржысынан да көп ақшасын емге жұмсаған шығар.

P.S: Бұл оқиғаларда еске түсірген бесінші қараша күнгі Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Қожабақы елді мекенінен табылған ғарыш кемесінің қалдықтары еді. «Қоршаған орта мен адам денсаулығына зиянсыз» деген тоқтамға келген сарапшылар шешімі, ақпарат ретінде ғана қуантады. Лайым, зарары болмасын дейік! Біз сендік. Сенбесек те, ештеңе өзгермесі тағы бар. Тек, Аллаһ өзі жар болсын елімізге. Бізден дұға осы!

Еркебұлан ЕРЛЕН

 
0
0
778

Еще по теме

Зымыран зарары - Yvision.kz