«ЗИРАТТАҒЫ ОРЫН»
«ЗИРАТТАҒЫ ОРЫН»
І.
Ақ-Бұлақ ауылы биік жарқабақтың үстінде орналасқан. Жарқабақтан темір құбыр шығып тұр. Одан мөп-мөлдір, мұздай салқын бұлақ суы атқылап ағып жатады. Бұлақ суы төмен қарай жылжып, жылғамен қосылып, ну талдың арасымен ирелеңдей ағып жатқан көкшіл Есілге құяды.
Осы тұста Есіл екіге айырылып, жабайы қара шие өскен аралды айнала ағады. Өзенде балықтар ойнап, анда-санда күміс түсті бүйірін күнге жалт еткізіп көрсететін. Ал, өзен үстінен құтандар мен дегелектер қанаттарын үнсіз қағып, қалықтап өтетін.
Кейде ауыл адамдары болып, бірігіп балық аулайтын. Ер адамдар аралды айнала аумен жүріп өтсе, балалар улап-шулап, балықтарды ауға қарай айдайтын. Бір айналып өткеннің өзінде кем дегенде бір қап балық түсетін. Ұзын басты шортандар, жалпақ табан балықтар, жолақты мөңкелер мен тікенекті алабұғалардан түскен олжаны әр отбасыға тең бөліп беретін.
Ауылдың екінші жағында колхоздың бидайлы егістіктері көсілген кең дала жатты. Егістіктердің арасында аралдай болып қайың мен көктеректен құралған тоғайлар бой көтерген. Орман шетіндегі алаңқайларда биік шөп қаулап өсіп, сол қалың шөптің арасында орман бүлдіргені бой тасалап жататын.
Шеті-шегі жоқ, биік әрі мөп-мөлдір көк аспанның әлдебір биігінде бозторғайлар үні естіліп тұрды. Олар бір-біріне төменде бейтаныс біреудің бұталардың арасына жасырған ұялары мен балапандарының жанынан өтіп бара жатқанын ескерткендей, қайта-қайта шырылдайтын.
Жемтігін — саршұнақ, қосаяқ пен дала тышқандарын — аңдып, қаршығадай сұсты сұңқарлар төңіректі шүйіліп айналып ұшты.
Ауыл маңындағы ұлан-ғайыр далада тың игеру кезінде жыртылып, әлі де толықтай жойылып үлгермеген темір дәуіріне жататын қорғандар шашылып жатты. Олардың төбелеріне жер өлшеушілер биіктікті көрсететін темірден жасалған шағын пирамидалар орнатып қойған.
Халық жадында әлдеқашан ұмыт қалған ол заманның ізі де көмескіленген, бәрін де жоңғарлармен ғасырларға созылған соғыс өшіріп тастағандай. Ең үлкен қорған туралы қариялар маңызды кейіппен: «Бұл жерде жоңғарлармен шайқас болған. Олардың өліктері соншалық көп болыпты, бәрін бір жерге үйіп, үстін топырақпен көміп тастаған екен. Содан әлгі қорған пайда болыпты», — деп әңгімелейтін.
Ал басқа бір қариялар оған қарсы шығып: «Жоқ, ол жерде біздің рудан шыққан бай адам жерленген. Ал, қасында алтын теңгелер толтырылған самаурын жатыр!» — дейтін.
Орманның шетінде жабайы шие бұталары қалың өседі, ал орманның ішкері жағында солтүстіктің анарына ұқсайтын сүйекті жеміс — сүйелді шие өседі.
Ауылдан Есілге қарай жүретін бағытта, көп қашық емес жерде ата-бабадан қалған қорым бар. Қабірлер түзу қатар-қатар орналасқан, марқұмдардың жүздері Құбылаға қаратылып жерленген.
Ескі қабірлердің сырты жуан емес, қарайып кеткен бөренелерден жасалған ағаш шарбақпен қоршалған. Қабірдің басы мен аяғына қазық қағылған. Ешбірінде жазу жоқ, онда кімдердің жерленгенін қазір ешкім де есіне түсіре алмайды.
Ең ескі қабірлерде ағаш қоршаулардың бөренелері де шіріп кеткен, орнында көзге әрең шалынатын төмпешік қана қалған. Ал кейінгі жылдардағы қорымда славян графикасымен марқұмның тегі, аты, әкесінің аты, Атығай руы мен оның қай атасына жататыны жазылса, араб графикасымен Құраннан аят қашалған.
Ақбұлақтан шыққан ер адамның да, оның жұбайының да басқа жерде жерленген кезі болмаған. Ауылдастарының бірі олардың құлыптастарын көргенде, «бұл кім еді, қай әулеттен еді?» деп еске алсын дегендей, марқұмдардың бәрі осы жерде жерленетін.
Атығайлар бұл жерде сонау Абылай хан заманынан-ақ жер жыртып, егін салған. Бір кездері тұтқынға түскен қарақалпақтар осы өңірге тары сеуіп, дән еккен екен. Жері де құнарлы еді — тұтас қара топырақ. Қарақалпақтар қазақ ауылдарының қыздарына үйленіп, жергілікті қазақтармен араласып, біртұтас болып кеткен. Тек кейбір ұрпақтары туралы мысқылшыл қариялар: «Бұлардың арғы аталары — қалмақтар», — деп естеріне салып қоятын.
Ауылдың беделді басшысы Ақан Абылай ханның ұлы Уәлиді заңды хан деп мойындамай, онымен ашықтан-ашық қақтығысып жүрді. Сол тұста солтүстіктен бірнеше ондаған шақырым жерде орыстар қарулы орыс казактары қоныстанған "Горькая шебін" тартып, бекініс желісін құрды, ал Қазақ хандығы жойылды. Атығай жастары Кенесарыны қолдап, онымен бірге оңтүстікке аттанды. Туған жерін сағынып, алыста жүргенде олар мына әнді шығарды:
Қол үзіп, сағынамын туған жерді,
Кірім жуып, кіндігім кескен жерді.
Аман бол, көремін бе, көрмеймін бе,
Атығай, Қарауыл — қайран елім,
Ардақты асыл ел-жұртым менің !
ІI.
Ақ-Бұлақ ауылының шетінде, ауланың дәл ортасында Естай ойға шомып үнсіз тұрды. Арықша келген ұзын бойлы, сіңірлі денелі, әлі де қартайып үлгермеген оның қараторы, көндей қатпарланған бет терісін ұрттарын бойлай түскен терең әжімдер айқындай түсетін. Қыр мұрынды, мұрнының үстінде сәл ғана бүкірлігі бар.
Естай күрекке сүйенгендей айырдың сабына сүйеніп, үнсіз тұрды. Ауыл талай нәрсені көрген еді. Бірақ көрген-білгенін ешкімге айта алмайды. Өйткені ол — коммунист, әрі ауылдық кеңестің бұрынғы төрағасы.
Ресейдегі Азамат соғысы ауылды да ауыр сынақтарға салды. Алайда ауылдың аман қалуына бір жағдай себеп болды: ақтар да, коммунистер де кезек-кезек тәркілеп әкеткен малдан басқа, ауылда астық қоры бар еді.
Жұрт аңыз етіп, сыбырлап қана айтып жүретін: Естай ағай тәркілеу басталардан бір түн бұрын қораға қос қабырғалы жасырын қамба жасап, арасына астық толтырып тастаған екен. Тәркілеушілер астықтың бұл қорын таба алмады. Сол астықтың арқасында ауыл жұрты қыс бойы аштықтан аман шыққан еді.
Отызыншы жылдары колхоз құру кезінде Арғын тайпасының Атығай руына қарасты үш көшпелі ауылды біріктіріп, бір отырықшы ауылға айналдырды. Қарапайым қара үйлер мен түрлі-түсті таспалармен безендірілген сәнді ақ үйлердің бәрін өртеп жіберді. Қазақтар бұрынғыдай көшіп-қонып жүрмес үшін осындай шараға барды.
Киіз үйлермен бірге сыртқа шығарып үлгермеген дүниелер де отқа оранды: кілемдер, ағаш ыдыстар мен аң терілері.
Ауыл тұрғындары жеркепе қазып, бір-біріне жақын қоныстанды. Кейін сол жеркепелердің орнына саманнан үйлер тұрғызылды. Алайда арада елу жыл өтсе де, ауылдың үш бөлігінің арасын бір-бірінен бөліп жатқан қара жол сақталып қалды.
Ауылды аштық та, атулар мен жер аударулар да айналып өтпеді.
Естайдың есінде, оның әкесі мен ағасы бір шағын жеркепеде бірге тұрды. Екеуінің балалары да аралас-құралас өсіп, ешкім «өз балам» деп бөліп-жармайтын. Тіпті немере ағасы өз әкесіндей болып кеткен көкесін әкесі санады, кейін Естайдың тегіндей текті де қабылдады.
Оның туысы Бошанның Түмен жақтағы айдаудан сиыр жегілген арбамен қайтып келгені де есімде. Арба үстінде аш-жалаңаш, бірінен-бірі кіші, шұбырып отырған бір топ баласы бар еді.
Екі ағайындының отбасына үй іші онсыз да тарлық етіп тұрса да, олар Бошанның отбасын да бауырына басып, бірге тұрғызды. Бошан өмірінің соңына дейін тәркіленген бай шаруашылығын қайта қалпына келтіруге талпынды. Ақша жинап, барынша үнемдеді. Ауылдағы ең дәулетті адам болсам деген арманын қайта жүзеге асыруға тырысты, бірақ бұл мақсатына жете алмады...
Алайда оның бұл арманын арада алпыс жыл өткен соң, сол ауылда тәуелсіз Қазақстанның тұсында фермер атанған шөбересі жүзеге асырды.
Кейін соғыс басталды. Естай да майданға аттанып, жаяу әскердің қырықбестік зеңбірегінің көздеушісі болды. Ол жауынгерлік ерлігі үшін медальмен марапатталып, марапаттау қағазына: «Өлімді елемей, жауынгерлік тапсырманы орындады» деген сөздер жазылған еді. Сондай-ақ «Қызыл Ту» орденімен де марапатталды.
Алайда, Естай соғысты еске алғанды ұнатпайтын. Марапаттарын тақпайтын, соғыс туралы ештеңе айтпайтын.
Кейде митингілерде басқа ардагерлердің сөйлеген сөздерін немесе мектеп оқушыларына соғыс жайлы айтып берген әңгімелерін тыңдап отырып, ішінен жымиып қоятын. Соғыстың аяқталғанына жиырма жылдан астам уақыт өтіп кеткен. Ұрыс-қайыстар да, аштыққа толы балалық шағы да бірте-бірте ұмыт бола бастаған еді. Енді, ақыры, нағыз өмір басталатындай көрінетін.
Соғыстан кейін Естай үш бөлмелі үй салды. Үйдің терезелері мен есіктерін елдің бәріндей көк бояумен бояды. Түбі дөңгелек, талдан өрілген қора-жайлар тұрғызды. Биесі құлындап, сауынды бие ұстады, екі сиыр, қой-ешкісін көбейтті.
Жұбайы Тайжан жеті бала дүниеге әкелді. Балаларының бәрі де қатарға қосылып, өз орындарын тапты. Үлкен қызы Қызылжарға тұрмысқа шықты. Күйеуі облыстық тұтынушылар одағында қызмет істейтін. Екеуіне қаланың дәл ортасынан үш бөлмелі пәтер берілді. Мұны бүкіл отбасы зор мақтаныш ететін.
Осы пәтерде Естайдың барлық баласы қалада білім алып жүрген кездерінде кезек-кезек тұрып шықты. Сымбатты, шашын артына қайырып тараған толқынды шашты ұлы Балуан әскери-теңіз флотында борышын өтеп, электрик мамандығын меңгерген соң, педагогикалық институттың екінші курсында оқып жүрген жерінен аудандық партия комитетінің төрағасы Рабия есімді жирен шашты қызын алып қашты.
Балуан көршілес ауылда инженер-электрик болып жұмыс істеді, ал Рабия математика пәнінің мұғалімі болып еңбекке араласты. Балуан қырсық мінезді Рабиядан айырылып қалудан қорқатын. Сөйтіп, шаңырақтың тізгінін Рабия өз қолына алды да, Балуан оның айтқанын екі етпейтін жуас орындаушыға айналды. Келесі ұлы Қошқар шешесіне тартқан еді. Бойы аласа, аққұба жүзді, домалақтау қарынды, сиректеу бұйра шашты. Ұсақ-ұсақ, қыз-келіншектердің жүрісіне ұқсас адымдап жүретін. Ол да осы маңайда, бірақ басқа ауылда тұратын. Көлік жүргізушісі болып жұмыс істеді.
Негізінде, Қошқар бухгалтер мамандығын меңгеріп шыққан еді. Бірақ қатарластары оның «еркекке лайық емес» мамандық таңдағанын келеке етіп, күлкіге айналдырды. Содан кейін ол жүргізуші болып кетті. Қошқар көрші тұратын бойшаң да сымбатты Үлпанға үйленді. Үлпан да Рабия секілді аққұба өңді, жирен шашты еді.
Келесі ұлы Уахиттің өңі қараторы, шашы қысқа қырқылған еді. Бойы ұзын, сіңірлі, жауырыны қақпақтай кең, еңбекпен шыңдалған ірі қолдары бар-тын. Оның алақанының үлкендігі сонша, қол алысып амандасқанда, әрбір еркек оның алақанын толық қыса бермейтін.
Уахит те Қошқармен бір ауылда тұратын. Ал, үлкен ағасы Балуан секілді, өзі де электрик болып жұмыс істейтін.
Уахит үнемшіл де ауқатты әулеттен шыққан қараторы Гүлнарға үйленді. Одан кейінгі екі қызы да еңбекқор азаматтарға тұрмысқа шығып, іргелес ауылдардың бірінде өз алдына шаңырақ көтеріп өмір сүрді. Ауыл өлшемімен алғанда, олардың тұрмысы жаман емес еді. Бәрінің де жаңа салынған үйлері бар. Үй ішіндегі «стенкаларда» шыны-аяқ пен хрусталь ыдыстар тізіліп тұрса, қабырғаларда кілемдер ілулі. Аулаларында сиыр мөңіреп, қой-ешкі маңырап, үй құстары қыт-қыттап, қаңқылдап, қаздар шулайтын.
Келіндері мен қыздары бақша егіп, онда қияр мен қызанақ, таңқурай мен қарақат, қырыққабат, сәбіз бен картоп өсірді.
Ақбұлақтың өзінде Естайдың ұрпағы әлі де бақша екпейтін. Қияр мен қызанақты көршілес орыс ауылынан сатып алатын. Ұлдары жеңіл көлік мінді. Ол кезде бұл — отбасының тұрмысы түзеліп, дәулеті артқанының бір белгісі еді. Жомарт Алла барша баласына ұрпақ берді. Сөйтіп, немере мен шөберелерінің саны жиырмаға жуықтады.
Алайда, Естайдың ойы кіші ұлы Еркебұланда еді. Еркебұлан — кенже бала болатын: кішкентай, арықша келген, үлкен көзді, қасы үйдің төбесіндей иіле біткен, мінезі жұмсақ, мейірімді, еңбекқор, тілалғыш әрі барлық жағынан үлгілі бала еді. Ақбұлақта тек қазақтың бастауыш мектебі ғана бар болатын, ал Еркебұланның оқуын әрі қарай жалғастыруы қажет еді.
Ұлдары оны көшіп келуге үгіттейді, қыздары да үйдің ескіріп қалғанын айтады. Оның саманнан салынған үйі, әрине, жаман емес. Бірақ балаларының төбесі биік, терезелері үлкен үйлері әлдеқайда көрікті.
Естайдың ұзын әрі жүдеу жүзі, қос ұртына түскен екі терең әжімі оның ойға шомып тұрғанын аңғартатын. Ол айырын қораның қабырғасына сүйеп қойып, қақпаға жақындады да, бүкіл денесімен оған сүйене тұрды. Бұрышы жыртылып қалған «Прима» темекісінің қорабын қалтасынан шығарып, бір тал темекіні сілкіп алды. Темекісін тұтатып, терең ойға батты.
Келіссөздер мен кеңестерден кейін ағайын-туыстар ақылдаса келе, Естай атаның кемпірі Тайжан әже екеуі Еркебұланмен бірге Уахиттің үйіне көшіп барсын деген ортақ шешімге келді. Өздерінің мал-мүлкін Уахитке тапсырып, ол шаруашылықты жүргізуге қолғабыс ететін болды. Ал, Еркебұлан орыс мектебінің сегіз жылдығына оқуға түсетін болды. Алайда қазақ мектебінде оқығанына қарамастан, бір сынып төменнен бастайтын болып келісілді.
Орта мектептің онжылдық қазақ мектебі ауданда жалғыз еді, ол Есілдің арғы бетіндегі ауылда орналасқан болатын. Ал, балалар сондағы интернатта жатып оқитын. Кенже еркесін интернаттың тұрмыс-тіршілігіне қимай, оған ондай өмірді таңғысы келмеді.
Гүлнара әжесі мен атасына бір бөлме бөліп берді. Уахиттің шаруашылығы да біртіндеп нығая түсті. Уахит жұмыста жүргенде, ата мен әже үй-жай мен мал-жанның шаруасын реттеп отырды, ал Гүлнара егіздерге қарап үйде қалатын.
ІІІ.
Естай өз үйінен айырылғаннан кейін, Балуан мен Рабияның шаңырағы барша балаларының басын қосатын ортақ қара шаңырақ іспетті болды. Балуан мен Рабияның үйінен қонақ үзілмейтін. Мұнда үлкен-кіші бас қосып, ауызашар секілді мұсылмандық діни мерекелер де атап өтілетін. Ауызашарға ауылдың ақсақалдары мен ақ жаулықты әжелері арнайы шақырылатын.
Қысқы соғымға – мал сою рәсіміне ауылдың барша тұрғыны және туыстардың әрқайсысы міндетті түрде шақырылатын. Жаңа ғана сойылған, әлі суып үлгермеген жылы еттен қуырдақ әзірленіп, одан әр шаңыраққа дәм ретінде үлестірілетін. Ал, ер-азаматтар күш сынасып, өзара жарысатын: орамалмен оралған жұдырықпен балтаның үстіне көлденең қойылған аттың жілігін – жамбас сүйегін ұрып, қақ айырып жіберуге тырысатын.
Туған күн, Жаңа жыл сияқты кеңестік мерекелердің бәрі де атап өтілетін. Әрбір думанды жиында әйелдер де, ерлер де қазақтың әндерін хормен шырқайтын. Ал, жаз айларында қалада тұратын туыстар Балуан мен Рабияның үйін «бәрі қамтылған» қонақүй секілді пайдаланатын: суға шомылуға жағажайға бірге шығып, кәуап пісіріп, бешбармақ жеп, көңілді уақыт өткізетін.
Балуанның табысы жаман болмаса да, тапқан ақшасының бәрі қолына түскен бойда қайта шығып кететін.
ІV.
Мектепті бітірген соң Еркебұлан әскер қатарына аттанып, әскерден демобилизацияланғаннан кейін елге қайтуды қаламады. Милиция мектебіне түсіп, оны тәмамдаған соң Оңтүстік Қазақстанға қоныс аударып, сол жердің ширақ та пысық бір қызына үйленді. Ағаларының үйлері оған жат еді, ал марқұм әкесі Естай мен анасы Тайжанның шаңырағы әлдеқашан қалған жоқ еді.
Шымкентте полиция қызметкері болып жұмыс істеді. Ал, тоқсаныншы жылдары ұсақ кәсіппен айналыса бастады. Жұбайы екеуі Батыс Қазақстанда, Ақтөбе базарында сауда-саттықпен күн көрді. Сол жерде оны пышақтап өлтірді.
Жұбайы ешкімге айтпастан, Еркебұланды бөтен жерде — Ақтөбеде жерледі де, арада бір апта өткен соң ғана Солтүстік Қазақстандағы туыстарына оның қазасын хабарлады.
Әлі күнге дейін бұл — сыры ашылмаған, күмәнді оқиға...
Әкесіз екі бала қалды... Еркебұланның ағайындары полицияға арыз жазуға да батпады. Өйткені балалар әкесінен айырылып қана қоймай, анасынан да көз жазып қалуы мүмкін деп қорықты.
Ағайындылар жиналып, бар шаруасын кейінге ысырып, Батыс Қазақстанға мың шақырымдай жол жүріп кетті. Еркебұланның сүйегін елге жеткізіп, Ақбұлақтағы сол ата-баба қорымына жерледі.
V.
Содан бері талай уақыт өтті. Атығайлар енді басқыншылардан туған жерін қорғау үшін арғынның «Ақжол!» деген ұранын ести сала атқа қонбайтын болды. Ағайын-туысты аштықтан арашалап қалу үшін қолындағы соңғысын бөліп беретін заман да келмеске кетті.
Енді кеңестік дәуірдегідей қазақтың жанға жақын, жүрекке жылы әндерін де хормен қосылып айтатындар қалмады. Үлкені Балуан да, ортаншысы Қошқар да, кенжесі Уахит те қартайып, бірі шал, бірі кемпір атанды. Балалары үйленіп, қыздары ұзатылып, немере сүйді. Сөйтіп, өздері де ата мен әже болды.
Ауылдарын тастап, балаларының жанына, қалаға көшіп кеткенімен, Қошқар мен Уахиттің араздығы басылмады. Ұлпан мен Гүлнара да бұрынғысынша бір-бірімен араласпады. Оның үстіне, Ұлпанның өршіте түсуімен, өзара өшпенділік енді олардың балаларына — бір-біріне немере туыс болып келетін ұл-қыздарына да ауысты.
Қорқынышты індет — коронавирус жайлаған ауыр кезең де келіп жетті. Астмамен өмір бойы ауырып келген Гүлнара бірінші болып сырқаттанып, бақилық болды. Уахит жұбайын Ақбұлаққа жерлемеуді ұйғарды. Өйткені Ақбұлақта жақын туыстары қалмаған еді, балаларының бәрі де, өзі де қалада тұратын. Оның қабіріне енді кім барып, зиярат етер еді?
Ұлпан іштей үнсіз ғана жеңісін тойлады: ақыры, Гүлнара бұл бәсекеде оған жол беріп, жеңіліп тынды.
Ал, бірнеше айдан кейін сол індет — ковидтен Рабия да бұл жалған дүниемен қош айтысты. Ауруханаға жатар алдында ол Ұлпаннан:
— Ол жерден тірі шығамын ба? — деп сұраған еді.
Өзінен бұрын өмірден өткен, баяғыдан бергі әрі бақталас, әрі туған-туыс әйелдердің үстінен толық жеңіске жету үшін Ұлпан Рабияны да Ақбұлаққа жерлетпеудің бар амалын жасады.
Ұлпан ұлына: Ақ-Бұлақтың әкімі ауылда ковидтен қайтыс болғандарды жерлеуге қарсы екенін, тіпті ауыл тұрғындары марқұм әйелден коронавирус жұқтырып алудан қорқып, ереуіл ұйымдастырмақ болып жатқанын айтып жеткізуді тапсырды.
Өзі сырт көзге өжет, адуынды көрінгенімен, шын мәнінде шешім қабылдауға келгенде жасқаншақ Балуан үшін өмір бойы барлық шешімді әйелі Рабия қабылдап келген еді. Ал, енді қартайған шағында ол өмірлік жарына қатысты маңызды шешімді өзі қабылдауға тиіс болды.
Ол ұзақ үнсіз отырды. Ағайындарының да, Ұлпанның да үгіт-өтінішіне қарамастан, Рабияны туған ауылы Ақбұлаққа жерлеуге бел буды. Әйелдер жерлеу рәсіміне қатыспайтын. Сондықтан Ұлпан Рабияны жер қойнына тапсырып жатқан сәтті көлік терезесінен үнсіз бақылап отырды.
VІ.
Ақбұлақтан талай су ақты, бәлкім, ол қазір тіпті тартылып, кеуіп те қалған шығар.
