ЖЕРДЕ БІР БАЛА ҚУАНСА...
Дүниеге шыр етіп келген сәттен бастап баланың анаға, ананың балаға деген ыстық махаббатын сөзбен айтып жеткізу қиын. Әрбір адамның жандүниесінің сұлулығы ең алдымен балаға ақ сүтін беріп, әлпештеп өсірген ана жүрегінің жылуынан басталады. Бала бойындағы ең жақсы қасиеттер де, ең алдымен анадан тарайды. Әлемдегі ең кешірімді, ең мейірімді жан – ана. Жүргізілген бұл сұхбат та сәбиі үшін түн ұйқысын төрт бөліп, оның денінің саулығы үшін бар жанын салған аяулы ана жайында болып отыр. Бүгінде ортамызда өмірге денсаулығы нашар болып туылып жатқан сәбилер бар. Алайда, олар тек анасының ғана емес, қоғамның да мейіріміне, қайырымдылығына мұқтаж.«Жерде бір бала қуанса, көкте мың періште шаттанады»дегендей, бұл өмірден еш хабарсыз нәрестелердің күлкісінен шексіз ләззат алып, қайырымдылық жасап жүрген жомарт жүректі азаматтар арамызда жоқ емес.

2014 жылы 20 қаңтар айында осы корпоративтік қор негізінде мүмкіндігі шектеулі балаларға медициналық-әлеуметтік көмек көрсететеін «Жұлдызай» медициналық-оңалту орталығы құрылған болатын. Бүгінде, бұл орталықтың көмегіне жүгінген отбасылар да бар. «Жұлдызайға» баласының болашағы үшін үлкен үмітпен келген, Сәния есімді арудың анасы Рай Нұрлыайым Нұрқожақызымен сұхбат жүргізуді жөн көрдік.

- Нұрлыайым айтыңызшы, «Жұлдызайға» қалай тап болдыңыз?
Ең алғаш балам дүниеге келмес бұрын, «Ана мен бала» ғылыми орталығында ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) қорытындылары бойынша баламның аяқтарының ақауы бар деген анықтама берді. Кейін патология деп №3 перзентханаға ауыстырды. Сонымен 2014 жылы 19 қаңтар күні аман-есен босандым. Дәрігерлер баланың аяқ-қолдарында деформация бар екенін, жүрегінде ақау бар екендігін айтты. Алайда сәбиді тек бір айлық жастан кейін ғана көрсетесіздер деген болатын. Бірақ мен оған шыдамай, баланы қолыма алып «Ана мен бала» орталығына қайтып бардым. Ол жерде сынықшылар (ортопед) ота жасамас бұрын, аяқты гипске салып ораса ертерек жазылып кететінін айтты. Сөйтіп бес айлығына дейін гипспен жүрді. Тура сол бес айлық жасында №2 қалалық ауруханада меңгеруші болып жасайтын Думан Бағдатұлы ота жасауды өз қолына алды. Өз басым бұл кісіге ерекше алғысымды білдіремін! Содан соң ота сәтті аяқталып, тағы бір ай гипсте болды. Одан кейін емделуі тоқтап қалды. Сөйтіп Сәния 1 жас 6 ай шамасында осы қаламыздағы «Балам-ай» балаларды дамыту орталығына апардым.
2015 жылдың қазан айында осы орталықтағы тәрбиешіміз Сәнияның сөйлемейтінін айтып, логопедке апару керек екенін айтты. Сәнияның өзіне бөлінген ақша дәрі-дәрмегіне, емделуіне ғана кетіп жатқандықтан оған жағдайым жоқ екенін түсіндірдім. Сонда, тәрбиешіміз «оған ақша керек емес, Жұлдызай бар ғой» деді. Сол кезде «Жұлдызайды» еңалғаш естуім. Қуанғаннан тәрбиешімнен оған қандай құжаттар қажет екенін, қалай бару екенін сұрап алдым.
Бұдан бұрын Сәния 1 жас 7 ай шамасында енді аяғына тұрып, жүрейін деп жатқанында құлап, оң аяғын, кейін сол аяғын да сындырып алды. Бұған да қарамастан, «Жұлдызайдағы» дефектолог, дене шынықтыру, массажын да үздіксіз алып, қаңтар айында үш жасқа толғанда ортопедке апарып көрсеттік. Нәтижесіне таңғалған дәрігер бізге қуанышпен қарады. Ол біздің «Жұлдызайда» ем алып жатқанымызды қайдан білсін.
- Яғни, Жұлдызайда алған ем пайдасын тигізгені ғой?

Әрине, аяғына тұрып кетті, сонымен бірге логопедке барғалы сөйлей бастады. Осыдан бірер бұрын, медициналық тексеруден өткенде психолог маман баланың түстерді ажырата алмайтынын айтқан болатын. Енді қазір логопед түстерді ажырататын сабақтар үйретіп жатыр. Өтіп жатқан сабақтардың нәтижесі болатынына сенімім мол. Ерекше айтып өткім келгені, осындай қолжетімді көмек көрсетіп жатырған Жұлдызай қауымына, әсіресе Садық Баимбетов есімді нұсқаушымызға алғысым шексіз.
Олар сыйлаған жылуды, ертең сол жанұяның баласы басқа біреуге сыйлайды. Міне, тәрбиедегі құндылық қайда жатыр. Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай: «Балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын!» Бүгінде басқа облыстарды айтпағанда, Ақмола облысының өзінде мұндай отбасылардың саны жетерлік. Осы мақсатта ізгі жұмыстар атқарып жүрген «Жұлдызай» қайырымдылық қоры нәтижелі жобалар жүргізіп келеді. Қол ұшымызды берейік, атсалысайық. Қайдасың Мырзажандар?!
