Yvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов42 подписчика
Всяко-разно
1
00:58, 04 января 2013

ЖЕЛТОҚСАН МЕН ЖАҢАӨЗЕН ЖИЫНЫНДА СӨЙЛЕГЕН СӨЗІМНІҢ ТЕЗИСТЕРІ

Әміржан ҚОСАНОВ,

ЖЕЛТОҚСАН МЕН ЖАҢАӨЗЕН ЖИЫНЫНДА

СӨЙЛЕГЕН СӨЗІМНІҢ ТЕЗИСТЕРІ

17 желтоқсан 2012 жыл, Алматы, Спорт сарайы

Қадірлі ағайын!

Бүгін сөз сөйлемей-ақ қояйын деп едім. Өйткені, Гиннес рекордтарының кітабында бір мәселе туралы сөз сөйлейтін және сол сөзі таусылмайтын халыққа арналған номинация болса, қазакем міндетті түрде бірінші орын алатын болар!

Бірақ айтылмаған сөз жетім, сондықтан айтайын.

Біріншіден, мен барша халықтан Жаңаөзен оқиғасы кезінде біріге алмаған өзін оппозиция деп жүрген партия, ұйымдардың атынан кешірім сұраймын. Тәуелсіз комиссия құрғанымызбен, жаңаөзендегілерге көмек бере алмадық. Жақында Қасым Аманжолының телехабарына бірнеше адам қатыстық. «Жаңаөзендіктерді қорғай алдық па?» деген сұраққа баршамыз бір ауыздан «Жоқ!» деп жауап бердік.

Біз қазір билікті кінәлі деп жатқанымыз дұрыс, өйткені халыққа оқ атқан билік! Мұнайшылар мәселесін шешпеген, елді арандатқан билік.

Бірақ, меніңше, Жаңаөзенде орын алған оқиғаға әр қазақтың да кінәсі бар.

1986 жылғы Желтоқсан жаңғырығын қоғамға жеткізе алмадық. Сондықтан  да 26 жыл ішінде Желтоқсанға баға бере алмаған халықтың басына Жаңаөзен төнді.

Осыдан біраз уақыт бұрын мен Парижде болғанымда, Литваның бұрынғы басшысы, қоғам қайраткері Витаутас ЛАНДСБЕРГИС қасыма келіп: «Сендер «қазақстандық бренд», «Қазақстанның атын немен шығарамыз?», «Байқоңырмен, Медеумен атын шығарамыз» деп жүрсіңдер. Қазақтың атын шығарған – 86-жылғы Желтоқсан оқиғасы. Балтық жағалауындағы елдерді, бүкіл Кеңес Одағындағы ұлттарды оятқан – қазақ», – деген еді. Неге біз осы күнге дейін 1986 жылғы оқиғаны бағалай алмай келеміз?

ЭКСПО – 2017, Азиада деп атымызды шығарамыз дейміз. Бірақ біздің атымыз баяғыда-ақ шығып қойған! Империяға қарсы күрескен намысшыл, рухы бар халық деп шыққан!

Екіншіден, қазіргі таңда Жаңаөзендегі жағдайға негізгі себеп ретінде әлеуметтік-экономикалық мәселелерді көп атайды. Меніңше, оның түп негізі – қалыптасқан саяси жүйеде. Грекия, Франция, Испания, Португалияда мыңдаған адамдар көшеге шығып, машиналарды, дүкендерді қиратып жатыр, бірақ билік бірде-бір рет оларға қарсы оқ атқан жоқ. Тек су шашады, резеңке қолшоқпар қолданады.

Неге қолында барлық мүмкіндіктері бола отырып, алақандай ғана алаңда жүрген аядай қазаққа билік оқ атты? Неге билік басқа амал қолданбады?

Бір ғана жауап бар бұған. Шетелде өз халқына қару жұмсаған билік, президент, әкім болсын келесі күні міндетті түрде өз орнынан кетеді. Өйткені халықтың талабы сондай болады. Немесе келесі сайлауда сайланбай қалады.

Ал біздегі билік келесі сайлауда «Нұр Отанға» 91 пайыз дауыс жазады, өзіне ұнамайтын кандидаттарын шығарып тастайды.

Бірақ билікке айтарым, ер кезегі үшке дейін!

Бірінші кезек – Желтоқсан. Билік оған құлақ асқан жоқ.

Екінші кезекте Жаңаөзен болды. Билік бұл қоңырауға да құлақ аспады.

Үшінші кезектен Құдай сақтасын!

Бірақ билік осындай райынан қайтпаса, өз түбіне өзі жетеді.

16 желтоқсан – әр қазақ үшін Тәуелсіздіктің ұлы мерекесі. Алайда, мемлекетіміздің аспан түстес көк туы аналарымыздың көз жасына малынды, мұнаймен былғанды, мұнайшылардың қанына боялды, полицейлер атқан оқпен шұрқ-шұрқ тесілді. Сөйтіп байрағымыздың қадірі кете бастады.

Сондықтан, келесі жылы 16 желтоқсанда бірі той-тойлап, екіншісі Құран оқып жатқанда жанжалдасып, жұртымыз арандатылып қалмас үшін Тәуелсіздік күнін бұрынырақта Республика күні деп аталған 25 қазанға ауыстыру керек деп ойлаймын. Ал 16-17 желтоқсанды Қазақстан тарихындағы қаралы күн, еске алу күні, Құран оқу күні деп белгілеу керек, сонда ғана халық тынышталады.

Жаңаөзен – қаралы қайғылы күн болса да, екінші жағынан жасампаз ұғым. Әр қазақстандық өзін жаңаөзендік деп сезінуі керек. «Жаңаөзенде менің де балам атылды, мен де солармен біргемін!» деп ойлауы керек. Сонда ғана біз бірге боламыз, жеңіске жетеміз!».

   
1
542
1