ЖАСТАР ЖЫЛЫ: ЖАСТАРҒА АРТЫЛҒАН СЕНІМ
Алматы технологиялық университетінде Алматы қаласы жастар ұйымдарының төрағалары мен белсенді мүшелері бас қосты.
Шара барысында сөз алған университеттің тәрбие ісі және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Қалтай Батхолдин Елбасы Жолдауын іске асырудың негізгі бағыттарына тоқталып, күн тәртібінде көтерілген ең негізгі мәселе: «2019 жыл – Жастар жылы» болып жарияланғанын мәлімдеді.
Кездесуде «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының Алматы қалалық филиалының төрағасы Дулат Қасымов, Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының Жоғары оқу орындарымен жұмыс бөлімінің бас маманы Жұлдыз Жорабек, АТУ «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Арман Жақсылық бандама жасады.
Белсенді жастар Жолдаудағы ең маңызды басымдықтарға, оның ішінде жастарға байланысты Елбасы тапсырмаларына ерекше тоқталды. Айта кетсек, Дулат Қасымов жас буынды кәсіпкерлікпен айналысуға шақырды. Елбасының жыл сайынғы Жолдауында жастарды қолдауға бағытталған жобаларға басымдық беріліп отырғанын жеткізді. Ол бірқатар жас кәсіпкерлерді мысалға келтіре отырып, олардан үлгі алуға кеңес берді.
Ал, Арман Жақсылық жастарды жұмыспен қамту мәселесін көтерді. Бүгінгі білім алушылардың ертеңгі білікті маман болып шығуы үшін теориялық дәрістерден гөрі практикалық дәрістердің көп болуын алға тартты. Сондай-ақ, университет түлектері үшін бос орындар жәрмеңкесінің жиі ұйымдастырылып отыруына ұсыныс білдірді.
АТУ-дың жеңіл өнеркәсіп және дизайн, инжиниринг және ақпараттық технологиялар, экономика және бизнес факультеттерінің белсенді студенттері Тимур Талипов, Ислам Ғабдулқали және Әлихан Болат өз баяндамаларында Елбасы Жолдауында жас буынға зор үміт артылғанын атап өтті. Және сол үмітті ақтап, еліміздің дамуына қомақты үлес қосуға сенім білдірді.
