Перейти к содержимому

Жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру

Жастар – елдің келешегі, олар ертеңгі өмірдің қозғаушы күші. Сондықтан олардың құқықтық сауаттылығы қоғамның болмысын айқындайтынын ұмытпауымыз керек. Жастардың құқықтық санасының деңгейі –қоғамның даму көрсеткіші екені де айтылып жүр . Өйткені заңды білмей өмір сүрген адам қателесуі мүмкін, ал қателік көп жағдайда үлкен мәселелерге ұласады. Сол себепті елімізде жастарға заң талаптарын түсінуге назар аударды.

Қазіргі таңда жастар арасында кездесетін құқықтық мәселелердің бірі — заң нормаларын білмеу. Мектеп бітіріп, еңбек нарығына енгеннен бастап жасөспірімдер еңбек қатынастары мен тұтынушылық келісімшарттарға қатысты жағдайларға жиі тап болады. Әлеуметтік желіде жеке өмірі жайлы ақпараттарды қорғау, пәтер жалдау немесе көлікке қатысты келісім шарттар секілді қарапайым мәселелер заң тұрғысында шиеленісе кетеді. Жалпы, жастардың құқықтық сауаттылығы әлі де жеткіліксіз деңгейде тұр. Сондықтан мектептерде және жоғары оқу орындарында жыл сайын құқықтық білім беруге арналған арнайы сабақтар, пікірталастар мен дөңгелек үстелдер өткізіледі. Бүгінде жастар арасында құқық бұзушылық мәселесі бар. Осы мақсатта оқу жылында мектептерде құқықтық білім беру бойынша арнайы оқу бағдарламалары құрылып, заңдар бойынша сабақтар мен пікірталастар өткізіліп келеді . Негізгі мақсат — құқық бұзушылықтың алдын алу, оқушылардың құқықтық сауаттылықтарын арттыру. Заңгерлердің айтуынша, мұндай кездесу жастарды толғандыратын сұрақтарға жауап алуға және өз құқықтарын қалай қорғау керектігін түсінуге көмектеседі.

Жас ұрпақтың бойына құқықтық мәдениетті сіңіру, ата-ана тәрбиесіне тиесілі. Балаға ең алдымен үйде заң мен әділеттілікті құрметтеуді үйретеді. Дәстүрлі қазақ отбасы баланы ең алдымен басқа адамдарды, соның ішінде мемлекеттік билікті құрметтеуді үйретеді. Құқықтық тәрбие арқылы бала өз құқығын түсініп, өзгеге құрмет көрсету мен заң әділдігін түсінуді үйренеді. Бала ата-анасынан заңның ережелерін адал орындауды көріп, кейін мәнін таниды. Тәрбие баланың бойында «заң – әділеттің тірегі» деген түсінік қалыптасады: құқықтық білім арқылы ол өзіне де, өзгеге де әділетті қарауды үйреніп, оны орындауға дағдыланады .

Мектептегі құқықтық тәрбиенің маңызы зор. Мектеп қабырғасынан бастап құқық негіздері пәндері оқытылып, қоғамдағы тәртіп пен заңдылық жайлы түсіндіреді. Ұстаздар мен құқық қорғау органдары өкілдері бірге ұйымдастыратын кездесу жастарға құқықтық мәселені практика жүзінде көрсетуге көмектеседі. Қала прокуратурасының бастамасымен өткізілген кездесулерде жасөспірімдер өз құқықтары мен жауапкершілігін түсініп, білімді пайдалана бастайды .

Қазақ халқының дәстүрлі мәдениетінде әділдік пен заң үстемдігі әрдайым жоғары бағаланған. «Аталы сөзге арсыз да тоқтайды» деген мақал-мәтелде айтқандай, шынайы әділдікке ұмтылған қазақ би-шешендері де ешкімді ашуланбай, екі жақты әңгімеге сүйене отырып шешім шығарған. Бұл халық ауыз әдебиетінде жиі айтылатын нақылдарден байқауға болады. Мәселен, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би секілді сөз шеберлері айтқан шешімінің әділдігі ұрпақтан-ұрпаққа ауызша таралып, халықтық салт-дәстүрге айналғаны баршамызға мәлім . Тіпті жазбаша заң қабылданбас бұрын-ақ билердің сөздері кейде заңнан да қатаң сақталған. Қазақ хандығы дәуірінде қалыптасқан «Қасым ханның қасқа жолы», кейін «Жеті жарғы» тәрізді заңдар да осы дәстүр мен халықтық даналықтың негізінде жасалды. Мұның барлығы қазақ халқының ежелгі заң-ғұрыптары мен бүгінгі заңның арасындағы сабақтастықты көрсетеді.

Бүгінде ұрпақ әділдік пен заңға сенімін жеткізу үшін қазақтың дәстүрі үлгі. Ұрпақты ата-бабалардың даналығы мен билердің әділдігіне сабақтастыру заман адамы үшін де, жастар үшін де маңызды.

Қазақстанның ертеңі мен бүгіні жастардың қолында екенін ескерсек, әр ата-ана мен мектеп ұстазы олардың құқықтық мәдениетін көтеруге үлесін қосуға тиіс. Әділ билердің шешендігі мен даналығы заңның мәнін түсініп, оны өмірде қолданудың жол картасы іспеттес. Жастар бұл мұраға сүйенсе, заң алдындағы жауапкершілігі мен ұстану мәдениеті арта түсетіні анық. Құқықтық сауат – әр азаматтың асыл қазынасы. Оны жастарға саналы түрде дарыту баршамызға ортақ парыз.

Жакупбекова Айжан, Жамбулова Айым Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

3-курс студенттері

Жетекшісі: фил.ғ.к., доцент Р.С. Жақсылықбаева

0
0
6484

Еще по теме