Перейти к содержимому

«ЖАНАТАЙ БАТЫРДЫҢ ҚАЗАСЫ»

Нұрлан Салтаев

«ЖАНАТАЙ БАТЫРДЫҢ ҚАЗАСЫ»

(Бұл әңгімені қазақ аңыздарының желісі бойынша - Шоқан Уәлиханов  жазып алған).

Солтүстік Қазақстанның орманды-далалы өңірінде алақанның уысынан шашылғандай болып Баянауыл, Ерейментау, Кішітау, Ортау, Қарқаралы, Көкшетау, Зеренді, Имантау секілді аласа таулар орналасқан.

Ерте заманда бұл өңірлер Сібір хандығының құрамына кірген. Арғындар Көшім ханды Тайбұға әулетіне қарсы тақ үшін күресте қолдап, жеңіске жетуіне жәрдемдескен.  өтеуі ретінде Көшім хан осы жерлерді арғындарға берген.

Таулар қазақтар үшін қыстау ретінде аса маңызды еді. Қыста мал тар шатқалдарда бораннан паналайтын. Орман ағаштары киіз үйдің сүйегін, садақ пен жебені, ыдыс-аяқ және тұрмысқа қажетті басқа да бұйымдарды жасауға пайдаланылды. Тауларда бүркіт пен сұңқар мекендейтін, олар қазақ саятшыларының мақтанышы әрі саятшылықтың басты серігі болатын. Ал, жоңғар шапқыншылығы жылдарында бұл таулар табиғи қамал қызметін атқарып, қазақтарға күш жинап, қорғаныс ұйымдастыруға мүмкіндік берген.

Ұзақ уақыт бойы Абылай хан қазақтардың ірі жорығын жарияламады, көбіне дипломатияға сүйенді. Құдіретті Калдан Серен қайтыс болғаннан кейін Жоңғар хандығында қонтайшы тағына талас басталды. Абылай бірде жоңғарлардың бір тобын, бірде екінші тобын қолдап отырды. Оның елшілері дамылсыз қатынап, бірде оңтүстіктегі Қытайдың Іле өлкесінің губернаторына, бірде солтүстіктегі Ресейге барып-келіп жүрді.

Абылай ханның ордасы жоңғар тағына үміткер әртүрлі топтардың қалмақ елшілерін үздіксіз қабылдап, бәріне сый-сияпат көрсетіп, қолдау білдіруге уәде беретін. Билік үшін өзара күрес Ойрат мемлекетін әлсірете түсті. Айлакер Абылай «Бөл де, билей бер» қағидасын шебер пайдаланып, қазақтардың ежелгі жауларын өзара қақтығыстырып, олардың қайта бірігуіне жол бермеді.

Ерментау тауларының баурайында Арғын тайпасының Қанжығалы руының ауылы қоныстанған еді. Қорғанысқа қолайлы болу үшін киіз үйлер шеңберлей тігілген, өйткені жоңғарлармен ғасырдан астам уақытқа созылған соғыс әлі аяқталмаған болатын. Абылай ханның басшылығымен Қазақ хандығы Жоңғар хандығының белін сындырғанымен, Найман тайпасының ата қонысы – Ертістің жоғарғы ағысы әлі де жау қолында еді.

Ұзақ жылдарға созылған жеңілістер мен қорлықтан кейін қазақ халқы өз күшіне қайтадан сене бастады. Соғысқа қатыспаған қазақ жігіті кемде-кем болатын, әрбір қазақ отбасында туған-туысы мақтан тұтатын бір батыр бар еді.

Ерментау тауларынан әрі қарай Жоңғар хандығының жері басталатын. Қанжығалы Жанатай батырдың қолбасшылығымен шекаралық ауыл маңында бес жүз сарбаздан құралған жасақ орналасып, Көкшетаудағы Абылай хан ордасын жау шапқыншылығынан қорғап тұрды. Жігіттерге Жанатай батырдың рұқсатынсыз жасақтан алыстауға тыйым салынған, өйткені кез келген сәтте шекараны қорғауға жұмыла аттануға дайын болуы тиіс еді.

Үлкен соғыс басталмай тұрған кезде, Жанатай батырдың рұқсатымен өжет жігіттер жалғыз өздері жоңғарларға жорыққа аттанатын. Олар сол арқылы өз ерлігін сынап, жаудан олжа түсіріп, дәулетін арттыруға ұмтылатын.

Сол күні ауылды ерекше шаттық кернеді. Қалмақтарға жасалған кезекті жорық сәтті аяқталған еді. Үйсінбай елге оралды. Ұзын сирақты торы атының үстінде асқақ отырған ол ауылдың ару қыздарының сүйсіне қараған, жігіттердің қызғана көз тастаған жанарына бөленді. Арқанға жетектеп келе жатқан олжасы — еңселі үш түйе болатын.

Тіпті ауылдың иттері де түйелерге бөтен малға үргендей өшіге емес, жайлаудан аман-есен қайтқан өз ауылының малына үргендей үн қатты.

Иттердің үрген даусын естіп, киіз үйден Жанатай батырдың ауылдан ұзап шығуға рұқсат етпеген кенже інісі Арқандар сыртқа шықты. Ол жорықтан аман-есен оралған ағасын қарсы алып:

— Ассалаумағалейкум, ағай! Сауға! — деп сәлем берді.

Үйсінбай амалсыз ғана:

— Уағалейкумассалам! — деп жауап қатты. Ол інісіне менсінбей көз тастады. «Өзі киіз үйде жатып қалды, ал мен жауға аттанып, жанымды шүберекке түйіп олжа түсіріп келдім. Енді қазақтың салты бойынша соның бір бөлігін оған беруім керек», — деген ой көкейінен өтті.

Алайда Үйсінбай батыр кенже інісімен олжасын бөліскісі келмеді. Тістеніп тұрып:

— Қалмақтың түйесі көп. Қолың аман, сырқатың жоқ екен, өзің барып ал! — деді.

Арқандар қорланғаннан жылап жібере жаздады. Ол қорқақ емес еді, өзі де Үйсінбаймен бірге жорыққа шыққысы келген. Бірақ Жанатай батыр рұқсат бермеді ғой. Мұны Үйсінбайдың өзі де жақсы біледі! Енді ауылдың барлық қыз-келіншектері оны мазақ ететін болды. Сезімін Үйсінбайға білдіргісі келмеген Арқандар кілт бұрылып, ауыл шетіндегі малдың қасында жүрген досы Қанайға қарай беттеді.

— Қанай, біз енді бала емеспіз. Хан әлі үлкен соғыс жариялаған жоқ, ал Жанатай аға өз бетімізбен жоңғарға жорық жасауға рұқсат бермейді. Жақында жұрттың бәрі бізді келемеждейді. Өзгелер олжамен оралып жатқанда, біз әйелдерше ауылда отырмыз! Жүр, Үйсінбай сияқты жоңғарларға барымта жасап қайтайық, — деді ол.

Қанай, оның көптен бергі досы, қарсы шықты:

— Рұқсатсыз қалай барамыз? Осы аралықта ауылға жоңғарлар шауып қалса немесе хан жорық жарияласа қайтеміз?

— Әй, Үйсінбай үш түйе айдап келді ғой, оған болса болады, ал бізге болмай ма? Бар болғаны бірнеше күнге ғана кетеміз. Қорықпа, Қанай! — деп Арқандар оны үгіттей бастады.

Қанай намыстанып:

— Мен қорықпаймын. Тек бәрін жақсылап ойластыру керек. Тағы бірнеше жігітті ертіп алғанымыз дұрыс, — деді.

Бірақ іштей олардың мол олжамен ауылға оралып, ауылдың барлық қыздарының өздеріне сүйсіне қарап тұрғанын елестетіп үлгерген еді.

Түн жамылып, Арқандар мен Қанай бастаған жеті жігіт ешкімге білдірмей, терең құпияда, рұқсатсыз ауылдан үн-түнсіз шығып, оңтүстікке — жоңғар көштеріне қарай бет алды. Шағын жасақ жол бойы от жақпады, ас әзірлемеді; суға езіп ішкен құртпен ғана нәр алып отырды. Үшінші күні олар жоңғардың көш қоныстарына жетті.

Жас барымташылар күні бойы тынығып, аттарына да тыныс берді. Қару-жарақтарын тексеріп, жебелерінің ұшын қайрады. Түнде қалмақтардың түйелерінің бір бөлігін айдап кетуге ұйғарды. Олар тоғыз түйені лезде бөліп алып, солтүстікке қарай айдап жөнелді. Алайда түйеші мұны байқап қалып, дабыл көтеріп, ауылға қарай шаба жөнеліп:

— Қазақтың ұрылары! — деп айқай салды.

Жоңғар ауылында ер-азаматтар мал-мүлкін қорғау үшін атқа қонып, бірден далаға қууға шықты. Таң ата олар барымташыларды қуып жетті. Түйелермен жүрген қазақ жігіттерінің қуғыннан құтыла алмайтыны белгілі болғанда, Арқандар серіктеріне:

— Малды ауылға айдаңдар, мен жоңғарларды бөгеймін! — деп айқай салды.

Ол жоңғарларға қарай садақтан оқ атып, олардың назарын өзіне аударды. Жоңғарлар соңынан лап қойғанда, жігіттер Арқандардың шабысын үдетіп, бір төбенің басына көтерілгенін көрді. Алайда көп ұзамай жоңғарлар төбені төрт жағынан қоршап алды.

Төбе басында Арқандар атының басын бұрып, жан-жақтан жауған жебелерден жалтарып жүрді. Ал, жоңғар мергендері жарыста тұрғандай суыққанды түрде кезек-кезек оқ жаудырды. Бір жебе оның тамағын тесіп өтті, екіншісі кеудесіне қадалды. Арқандар ат үстінен құлап түсті. Мұны көрген жоңғарлар қарқылдай күліп жіберді.

Арқандардың қаза тапқанын көрген қазақ барымташылары айдап әкеткен малын тастап, масқара күйде ауылдарына кері оралды.

Тонаушылар мол олжа мен жеңіс даңқына бөленіп емес, еңселері түсіп оралды. Ауылдастарының жүзіне қараудың өзі оларға ұят еді. Жанатай сүйікті кенже інісінің қаза тапқанын естігенде, кек антын ішіп:

— «Не өзім өлемін, не сендердің қандарыңды ішемін!» — деп, оның өліміне кінәлі жаулардан кек алуға серт берді.

Жанатай батыр Абылай ханға арнайы шабарман жіберіп, жоңғарларға қарсы кек жорығына өз жасағымен аттануға рұқсат сұрады. Абылай хан рұқсатын бергенімен, Жанатай батырға қосымша сарбаз бөлмеді.

Бірнеше күннен кейін Жанатай батыр бес жүз сарбазымен қалмақтардың ордасына тұтқиылдан шабуыл жасады. Алайда жоңғарлар бұл шабуылды алдын ала күтіп, сақадай сай дайындалған еді. Олар Жоңғар хандығының түкпір-

түкпірінен қосымша қол жинап үлгерген болатын.

Шайқас аса сұрапыл өтті. Қазақ жауынгерлері өлімге бас тігіп соғысты. Іші жарылып кеткен Үйсінбай ішек-қарынын шапанының етегімен ұстап тұрып, шайқаса жүріп:

— Әй, Жанатай батыр, іші жарылған адам тірі қала ала ма? — деп сұрайды.

Ақыры сарбаздардың бәрі қаза тауып, тек Жанатай батыр мен оның ұлы Тоқыш қана қалады. Сонда Жанатай батыр атынан түсіп, тұлпарын ұлына ұсынып:

— Еліңе қайт! Қалайда аман өтіп кет. Әйтпесе, ертең менің кегімді қайтарар адам қалмайды. Сен біздің ұрпағымызды жалғастыруың керек! - деді.

Осы сөзді айтып, өзі ерлікпен қаза табады.

Жанатай батыр Қанжығалы жоңғарлардың негізгі күштерін солтүстікте өзіне қарай бұрып тұрған кезде, қазақ қолының бас күшін басқарған Қаракерей Найманнан шыққан Қабанбай батыр оңтүстік-батыстан шабуыл жасап, бұрын қаһарлы Калдан Сереннің ордасы орналасқан Қаратал өзені бойындағы қонысты басып алды.

Абылай хан Жанатай батырдың қаза болғанын естігенде, қайғыдан қан жұтып: «Қайрауға келмейтін қара болатым ай!» – деп егілген екен.

Еще по теме