kk
Default banner
Разное
426 450 постов45 подписчиков
Всяко-разно
0

ЖҚАЖ ЖАУЫНГЕРЛЕРІ «ҚАЗБАТ» ФИЛЬМІН ТАМАШАЛАДЫ

«Қазбат» әскери драмасы солтүстікқазақстандықтардың жүрегінен ерекше орын алды. «Новый свет» кинотеатрында көрсетілген фильмді көруге келген көрерменнің қарасы қалың, олармен бірге фильмді 300-ден астам полицей тамашалады. Басым бөлігі тәуелсіз елімізбен қатар өсіп келе жатқан жастар.

Фильмде 1995 жылы 7 сәуір күні тәжік-ауған шекарасында орын алған оқиға және қарапайым қазақ солдаттарының өмірі көрсетіледі. Бітімгерлік мақсатта қызмет атқару барысында моджахеттармен болған сұрапыл қақтығыста 17 қаза тапқан және 33 жараланған қазақ жауынгерінің тағдыры бейнеленеді. Пшихавр шатқалында содырлардың тұтқиылдан жасаған шабуылына төтеп берген жетінші рота өз міндетін ерлікпен атқарып, жаудың бетін қайтарған.

Шындыққа негізделіп түсірілген фильмнен СҚО Полиция департаментінің Жылдам қимылдайтын арнайы жасағы жауынгерлері ерекше әсер алды.

«Фильм аяқталған соң акті залына жиналып, туындыны талқыладық, - дейді ЖҚАЖ қызметкері полиция майоры Александр Махнев. – Алған әсерімізбен бөлісіп, әскери жағдайды талдадық. Кино ҚР ІІМ Ұлттық ұланының тапсырысымен түсірілген, сценарийі шындыққа жақын әрі оқиғаның бел ортасында жүргендей әсерде боласың. Туындының авторлары жантүршігерлік қақтығысты, сертке деген адалдықты, жауынгерлік бірлікті сезіндіре білді. Кез-келген әскери бөлініске тән мықты қасиеттер көрсетілді...».

Дәл сол жылдары Александр Махнев ҚР ІІМ Шымкент заң колледжінде оқыған. Әскери бөлімдегі еріктілерден жасақталған Жетінші рота колледжге іргелес орналасқан. Курсанттар мен солдаттар бір-бірімен дос болған, Александр тәжік-ауған шекарасына кеткен жігіттердің біразын білген және елге оралмағандары да бүгінгі күнге дейін есінде.

Солдаттардың қайсарлығын баяндайтын оқиға желісі күнделікті қызметінде адамдар үшін жан қиюға өздерін дайындайтын әскерилердің жанына жақын.

СҚО Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаев облыстың ПД бөліністері, Петропавл қ. Полиция басқармасы жеке құрамына «Қазбат» фильмін тамашалауға мүмкіндік жасады. «Кино өнерінің тамаша туындысы - жеке құрамды патриотизмге тәрбиелеуде баға жетпес көмек болып табылады, - деді ол. – Киноға, әсіресе жастардың қызығушылық танытып, қызу талқылауы қуантады. Киномотографистердің көздеген мақсаты осы болатын».

СҚО ПД баспасөз қызметі