Yvision.kz
kk
Default banner
Общество
Общество
6 753 постов967 подписчиков
Будь в курсе того, что происходит в Казахстане!
0
20:00, 17 апреля 2024

Құқықтық сауаттылық

2023 жылдың 8 желтоқсанында Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев “Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс- қимыл жоспары туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Жоспарда ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен мүмкіндіктерін ілгерілету, адамның қылмыстық сот төрелігі, азаптаулардың жазасы мен алдын алу және қатыгез қарым-қатынас саласындағы құқықтары, кәсіпкерлік қызметтегі адам құқықтары т.с.с​ міндеттер көрсетілген. Осындай жаңа заң немесе ондағы өзгертулермен толықтыруларды бақылап және оларды қаншалықты игеруге тырысасыз? Жалпы қазақстандықтар құқықтық жағынан қаншалықты сауатты? Алдымен құқықтық сауаттылық дегеніміз не содан бастайық.

Құқықтық сауаттылық-бұл құқықтың негізгі принциптері мен нормаларын, сондай-ақ оларды іс жүзінде қолдана білуді білдіретін ұғым. Әлемде құқықтық сауаттылық барған сайын маңызды бола түсуде, өйткені қоғам заңдар мен ережелерді талап ететін оқиғаларға толы. Құқықтық сауаттылық отбасы мүшелері отбасы шеңберінде де, қолданыстағы заңнамаға сәйкес өздерінің құқықтары мен міндеттері туралы түсінікке ие болудан басталады. Мәселен тұрғын үй, білім беру, денсаулық сақтау құқықтары, сонымен қатар бала күтімі және мінез-құлық ережелерін сақтау міндеттері кіреді. Елімізде мектеп, жоғарғы оқу орындарының оқу бағдарламасында құқық және күнделікті өмірде қолдану бойынша пән мен курстар бар. Демек жасөспірім кездің өзінде әр азаматта заңға қатысты базалық ақпарат болатындай мақсат қарастырылған. Бірақ неліктен әлі күнге дейін құқық бұзушылық елімізде көп қайталанады? Әр отбасында балаға құқық туралы таныстырғаннан бөлек әлеуметте заң тілін қиын көріп, оны тіпті немқұрайлы қарап оқымайтын да ересектер жеткілікті. Иә, мүмкін құқықтық мәтіндер күрделі шығар, құжаттарды түсіну оңай болмас, әсіресе арнайы заң білімі жоқ адамдар үшін. Дегенмен сауатты азаматтар құқық бұзылушылықтардан аулақ бола алады, өйткені олар заң шеңберінде қалай әрекет ету керектігін біледі. Біздің қарапайым халық кейде алдына берілген ресми құжаттардың өзін толық оқымай қол қоя салатынын білеміз. Ондағы шарттар мен ұсыныстар, ақшаға қатысты тұстарды қалт жіберіп, артынан үлкен түсініспеушіліктер орын алып жатады. Сол алдыңыздағы қағазды мұқият және бірнеше қайтара оқып барып шешім қабылдасаңыз соның өзі сіздің заң және құқықтық сауаттылығыңыздың алғашқы белгісі болар ед(і). Өз еліңіздің немесе аймағыңыздың негізгі заңдары мен ережелерін зерттеңіз. Конституциямен, азаматтық, қылмыстық және әкімшілік заңнамамен танысыңыз деп айтқым келеді. Адамдар заңдар мен процедураларды білмегендіктен әділетсіз әрекеттердің немесе олардың құқықтарының бұзылуының құрбаны болған жәйттарды жиі көріп жатамыз. Мәселен, құқық қорғау органдарының дұрыс жұмыс істемеуі, жұмыс берушілердің заңсыз әрекеттері немесе тұтынушылардың құқықтарын бұзу. Ақыры үлкен айыппұл немесе өтемақылар төлеу қажеттілігі туатын жағдайлар, тіпті өмір бойына абақтыға қамалып әділетсіздікке душар болудың ғажап еместігі.

1995 жылы Кристин Банч есімді ағылшын азаматы 17 жылдан астам уақытқа түрмеге отырғызылады. Оған үш жасар баласын өртеп өлтірді деген айып тағылған еді. Ақиқаты мәлім Кристиннің отбасы берілмей соңына дейін баруға тырысты. 2006 жылы оның туыстары жаңа адвокат жалдап, сот процесінде өртеу туралы айғақтар дұрыс емес деген қорытындыға келген үш медициналық сарапшыны шақырды. Жаңа сот ісі ашылады, себебі 1995 жылы сотта айыптаушы тарап кейбір маңызды құжаттарды жасырғаны анықталды. Төреші өз шешімін өзгертпей әйел 2012жылға дейін түрмеде отырды, содан кейін барып жазадан құтылды. АқырындаКристинге тағылған айыптар 2012 жылы Рождестводан сегіз күн бұрын алынып тасталды. Осыған ұқсас әлемде тіркелген жағдаяттар жетіп артады. Ал өз елімізде бұндай оқиғалар қаншама? Тіпті өз құқығын қорғау үшін адвокат жалдауға болатынын сот процесіне араласа алатынын білмеген азаматтар бар.

2017 жылы “Еуразия” бірінші арнасымен қазақ журналистикасына еңбегі сіңген ардагер журналист Нұртілеу Иманғалиұлы “Заң сөйлесін” деп аталатын бағдарламаны көпшілікке ұсынды. Жобаның мақсаты – халыққа заң ережелерін түсіндіру, заңға сай қандай құқықтары мен мүмкіндіктері бар екенін ұғындыру, белгілі бір даулы мәселелерден заңға дұрыс жүгіне отырыпқалай шығуға болатынын көрсету болды. Ұлттық арнадағы “Таңшолпан” бағдарламасында да “Заң және біз” деген адвокат, адам құқығы жөніндегі сарапшы Айман Мұратқызы тізгіндеген жақсы айдар бар. Көпшіліктен онлайн әртүрлі заңға қатысты сұрақтармен мәселесін жазған хаттар келіп түседі. “-Заңды білмейміз, қорқып тергеушінің айтқанын істедік, әділетсіздікке тап болдық” деген небір жазбаларды оқиды. Жүргізуші мәселеге сараптама жасап, шешу жолдарын айтып кеңес береді. Бұндай бағдарламалар елімізге көптеп керек деп ойлаймын. Айтарлықтай пайдасының тигеніне де сенімдімін.

Құқықтық сауаттылықты зерттеу, бекітілген бойда жаңа заңдармен танысу, көлікте отырып радиода айтылған заң ақпараттарына құлақ түріп отыру үздіксіз процесс болу керектігін ұмытпағанымыз дұрыс.

“Кез келген тәуелсіз Қазақ елінің азаматы өзінің заңымен таныс болмаса, түптің түбінде заң онымен танысады!”

Нұртілеу Иманғалиұлы.

Айгерім ЕСЕНГЕЛДИЕВА,

Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

журналистика факультетінің 3-курс студенті

Жетекшісі: аға оқытушы Н.Б.Рушанова

0
243
0