ҮЙ ТАПСЫРМАСЫ АТА-АНА ҮШІН БЕРІЛМЕЙДІ
Үй тапсырмасы – оқушының өздігінен орындайтын, оқу процесінің құрамдас бөлігі.
Бала тек мұғалімнің көмегімен ғана оқымай, өзіндік дербес әрекет жасап, өзіне берілген тапсырманы орындап үйренуі тиіс. Үй тапсырмасы тек сол тақырыпты меңгеруге ғана үйретпейді, бір істі өз жауапкершілігіне алып орындауға, мәселені шешіп үйренуге дағдыландырады, баланың уақытты жоспарлап үйренуіне, азамат болып қалыптасуына әсер етеді.
Ата-аналар: «Үй тапсырмасы не керек?», «Бала шаршап отырғанда», «Балаға тапсырма қиын», «Мен білмеймін, бала қайдан білсін» - деген сарындағы баланың ынтасын жоғалтатын сөздерді көп айтады. Үй тапсырмасы керек. Ол балаға керек. Баланың тақырыпты толық игеруі үшін ғана емес, баланың саналы, жауапкершілікті болуы үшін де, өмірде қиыншылықты жеңіп, нәтижеге жетіп үйренуі үшін де, ойлау қабілетінің күшеюі үшін де, табандылыққа, шыдамдылыққа үйренуі үшін де керек. Ата-аналар мұғалімді, білім беру жүйесін тек даттай бермей, мұғаліммен, мектеппен бір бағытта, ынтымақтаса жұмыс істеуге үйренуі керек. Мәселен, әйеліңіз балаға ыдыс жууды тапсырды делік сіз оған: «Бала онсыз да миы ашып, шаршап отырғанда сен де ыдыс жу деп» - деп басқа жаққа тартсаңыз балаңыздың ыдыс жууға ынтасы бола ма? Ертең анасының сөзінің дұрыстығына сене ме? Ынтасы болса да, сіз жоғалттыңыз я төмендеттіңіз. Осындай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Сонда қандай нәтиже аласыз?
Қазіргі оқыту әдістерінің бұрынғы сіздер оқыған кездегі оқыту әдістерінен көптеген айырмашылығы бар. Бұрын көбіне оқығанын түсініп айтып беруге негізделген тапсырмалар берілетін болса, қазір баланың қызығушылығын оятуға, ойландыруға, іздендіруге түрткі болу мақсатындағы тапсырмалар да беріледі. Сондықтан «Бала мұны қайдан біледі?», «Балаға бұл тапсырма қиын» - деп балаңыздың дамуын тежеуге ықпал етпей, баланы алға жетелеуге көмектескеніңіз дұрыс. Бала білмесе, білсін, ізденсін деген мақсатта да беріледі. Бала өз бетінше ізденуге дағдылануы керек, ертең оның қасында үнемі ата-анасы немесе мұғалімі жүрмейді ғой. Тапсырмалар баланың жас ерекшелігіне сай құрастырылады. Сондықтан тапсырманың қиындығын айтып, байбалам салудың қажеті жоқ. Күрделі тапсырмаларды бала өз жас ерекшелігіне сай орындайды. Бір тақырыпты бастауыш сынып оқушысы өз жас ерекшелігіне сай, сегізінші сынып оқушысы өз жас ерекшелігіне сай жасайды. Сондай-ақ, бұрын бір ғана дұрыс жауабы бар тапсырмалар берілетін болса, қазір бірнеше дұрыс жауабы бар тапсырмалар да берілуі мүмкін. Дәстүрлі жүйеде білім алған біздің талдау, бөлшектеу, жинақтау, өзіндік пікір айту, сын тұрғысынан ойлау, бағалау дағдыларымыз төмен. Қазір балалардың аталған дағдыларын дамыту, қалыптастыру мақсатындағы тапсырмалар да көп беріледі. Неге сіз білмегенді сіздің балаңыз да білмеуі керек. Кезінде біздің ата-аналарымыз: «Біздің кезімізде химия болған жоқ, физика болған жоқ. Бұларың керек емес. Бала теңдеуді қалай құрастырады, реакцияны қалай жазады? Ол тұрмақ мен білмеймін» - деп білім беру жүйесіне қарсы шыққан жоқ қой. Әр заманның өз талабы бар. Бала өз заманына лайық болуы керек. Педагогика саласының дамуына да көп үлес қосқан ақын Мағжан Жұмабаев: «Баланы өзіңізге ұқсатып емес, заманына лайық етіп тәрбиелеңіз» - дейді. Қазір орта білім беру саласы мамандары Англия, Жапония, Финляндия, АҚШ т.б. да өркениетті елдер тәжірибесі негізінде жасалған Бағдарлама бойынша қайта даярлықтан өтті. Мектептегі оқыту технологиясы жаңартылып жатыр. Уақыт бір орнында тұрмайды. Барлық саладағы жаңашылдықты қабылдаймыз. Ұялы телефон шықты, қабылдадық, ұстаймыз, оның жаңа түрі шыққан сайын қалмай аламыз. Түрлі жаңа технология қолданылып жасалған заттар мен өнімдерді «Мұны мен білмеймін» - деп алмай, қолданбай отырған жоқпыз. Басқаны былай қойғанда, шаш пен тырнақты сәндеудің де технологиясы жаңартылып жатыр. Бәрін қабылдаймыз. Оқыту технологиясында да жаңашылдық болады. Оны да қабылдау керек.
Балаңыздың үй тапсырмасын өзіңіз орындай алмағаныңыз үшін қазақстандық білім беру кеңістігінің барлығын кінәлап жатсаңыз, бала қалай оқиды, қайдан мұғалімді сыйлайды. Білім беру жүйесі, оның қызметкерлері турлы «Тұтас білім саласы шегіп кеткен», «Бұл тапсырманы шегіп алып орындау керек», «Қуып жүр» деген сөздерді қолданудың өзі ел боламын деген әр азамат үшін де, бала тәрбиелеймін деген ата-ана үшін де ұят болуы тиіс. Баланың алдында бүкіл білім беру жүйесі тұрмақ, ұстаз туралы жаман сөз айтуға болмайды.
Ең бастысы – тапсырма ата-ана үшін берілмейді, бала үшін беріледі. Сіз балаңызбен бірге сыныпта отырған жоқсыз. Қазір сіз оқыған кезде қолданылмаған оқыту әдістері де көп. Сыныпта ол әдіспен бала жұмыс істейді, үйде жалғастырады, бекітеді. Баланы жетектеңіз, бағыттаңыз, ынталандырыңыз, жұбатыңыз, ширатыңыз, балаға көмектесіңіз, бірақ бала үшін жасамаңыз.
Үй тапсырмасын көбінесе ата-аналар талқылап жатады, балалар талқылап жатса пайдасы көбірек болар еді.
