Перейти к содержимому

Үш ауысымды мектеп мәселесін қалай шешеміз?

Еліміз бүгінде білім сапасын арттыру мақсатында бірқатар бағдарламаларды бекітіп, іргелі реформаларды іске асырып жатыр. Десе де, бағдарлама аясында нәтижеге қол жеткізуге кедергі болар өзекті проблемалар бар. Атап айтар болсақ, үш ауысымды оқу үдерісі және мектептегі орын тапшылығы әлі күнге дейін толық шешімін таппаған күрделі мәселе. Осы тұста, «Алматы облысындағы Қарасай ауданында үш ауысымды мектеп мәселесі қашан шешіледі? «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасында бекітілген міндеттер жоспарға сай іске асып жатыр ма?» деген сауалдарға жауап іздеп, арнайы журналистік зерттеу жүргіздім. Естеріңізде болса, білім сапасын арттыруға бөгет болар аталмыш проблемаларды шешу үшін Қазақстан Республикасы Үкіметі «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасын іске асыру туралы үкім шығарған болатын. Жоба бағдарламасына сай, 2025 жылға дейін елімізде 824 мың оқушыға арналған, 401 заман талабына сай жабдықталған мектеп салу қарастырылған. Жаңа әрі жайлы мектептердің бой көтеруін жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен және ұлттық қордан жалпы 2,6 трлн теңге қаржы бөлінген. Аталмыш жоба аясында 2023 жылы 467,8 мың оқушыға арналған 221 мектептің құрылысын бастау жоспарланған. Сонымен қатар 2021-2022 оқу жылында 151 үш ауысымды мектеп болса, 2022-2023 оқу жылында 127-ге дейін азайтуды мақсат еткен.

Тақырыпқа оралайық. Алдымен, Алматы облысы Қарасай ауданындағы мектептер жайлы ресми деректерді назарға ұсынамын. 2022-2023 оқу жылында 78195 оқушы білім алса, биылғы оқу жылының қыркүйек айында бекітілген оқушы саны – 82939. Былтырғы жылмен салыстырғанда 4744 оқушыға артқан. Демек, мектептегі орын санының қажеттілігі де артты. 2022-2023 оқу жылында 12 мектеп үш ауысымда білім берді. 2023-2024 оқу жылында бір мектеп қолданысқа беріліп, 3 мектепке жапсаржай салынды. Нәтижесінде, 3 ауысымды мектептердің саны 8-ге қысқарды.

Әйтсе де, мәселе толық шешімін таппаған. Осы ретте, үш ауысымды мектепте оқитын Әсемнің пікірін сұрап-білдім: «Дамыған заманда мектептің тар болуы сапалы білім алуымызға кедергі болары рас. Мектеп 600 оқушыға шақтап салынған болса да, 2420 оқушы білім алып жатыр. Оқушы үшін әрдайым уақытын бөліп, білім беруге даяр ұстаздарымыз кабинет жетпеуі салдарынан қосымша дайындық курстарын өте алмайды», - деп жауап берді, «Жамбыл атындағы орта мектептің» 11-сынып оқушысы.

Алматы облысы білім басқармасының Қарасай ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы Асел Еркінбаеваның айтуынша, қазіргі таңда «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша ауданда 10 мектептің құрылысы жүргізілуде. Желтоқсан айының аяғына дейін 2 мектеп қолданысқа беріледі. Ал қазір мектептердің ішкі жабдықтары толықтырылып, реттелуде. Осылайша, үш ауысымды мектеп саны 6-ға қысқарады.

Үш ауысымды мектепте сабақ оқу баланың білім деңгейіне кері әсер етері сөзсіз. Мәселені шешуге де, білім сапасын арттыруға да бір уақытта күш салу мүмкін бе? «Оқушы орнының тапшылығы мен үш ауысымды мектептер білім сапасына кері әсерін тигізеді. Дегенмен, осы мәселені шешу мақсатында үш ауысымда оқитын және оқушы саны шамадан тыс көп мектептерде мұғалімдердің арнайы бағдарламасын енгіздік. Бағдарлама негізінде оқушыларға тиімді білім мен тәрбие беру мәселесі қолға алынған. Бүгінде аудандағы білім сапасының көрсеткіші 67,5 пайызды құрайды. Алматы облысында Қарасай ауданы білім сапасы бойынша 5 орында», - дейді Асел Еркінбаева.

Аудандық білім бөлімінің басшысы «үш ауысымды оқу үдерісіне қарамастан, мұғалімдердің арнайы бағдарламасы оң нәтиже көрсетуде» деген тұжырымды алға тартып, оқушылардың бірқатар жүлделі жетістіктерін атап өтті: «Өткен оқу жылында пәндік олимпиаданың республикалық кезеңінен 4 оқушы жүлдемен оралды. Республикалық “ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ” қазақ тілі олимпиадасының облыстық кезеңіне 7 оқушы қатысып, 4-еуі жеңімпаз атанды. 2-7 сынып оқушылары арасында өткен «Зерде» республикалық зерттеу жобалары конкурсының республикалық кезеңіне ауданнан 5 оқушы қатысып, 4 оқушы жүлделі орынға ие болды. Осы сынды әртүрлі байқауларға қатысқан жүрдегер оқушыларымыз бар».

Иә, байқауға қатысу, белсенді болу заман талабы. Білімділер бақ сынайтын сайыстарға қатысу оқушының көшбасшылық қабілетін арттыратынын жоққа шығармаймын. Десе де, бір сыныпта 30-дан астам оқушы отыратын болса, жағдай қалай болмақ? Мұғалім 45 минутта 30 оқушыға бірдей көңіл бөліп, білім беріп үлгере ме? Үш ауысымды мектептерде қарастырылған арнайы мұғалімнің бағдарламасы жылдамдықты арттыратын ғажайып күшке ие емес шығар?! Бір өкініштісі, адам саны көп, ал уақыт аз болуынан оқушының көкейінде қанша сұрақ сол күйі жауапсыз қалып жатқанынан бейхабар... Неліктен мектеп салу қарқыны оқушы санына ілесе алмай жатыр?

Естеріңізде болса, 2023 жылдың қыркүйек айында Шымкент қаласындағы үш ауысымды мектеп мәселесі түбегейлі шешілді. Бұл жайлы Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиева хабарлады. Жалпы мәселенің салдарынан бұрын себебін анықтау анағұрлым тиімді тәсіл. Сонда салдарынан сақтануға мүмкіндік туады. Аталмыш проблеманы реттеген тараптың тәжірибесін негізге алып, Шымкенттік белсенді ұстаздың пікірін білдім: «Мектептегі орын тапшылығының алдын-алу үшін үкімет, арнайы билік өкілдері демографиялық өсімге қарап қамдануы қажет. Мәселен, елімізде жыл сайын шамамен 400 мыңға жуық сәби дүниеге келеді. Қазіргі таңда бірінші сыныпқа 300 мыңнан астам оқушы қабылданған. Мұны 6 жыл бұрын ескеріп, жаңа мектептердің құрылысына алдын-ала кірісетін болса, республикалық деңгейде белең алған мәселе күрделі болмайтын еді. Бұл логикалық тұрғыда ойланып, саналы түрде қарастыратын қарапайым дүние», - деп жауап берді, №41 мектеп-лицейінде тарих және құқықтану пәнінен сабақ беретін Өмір Шыныбекұлы. Үш ауысымды оқу жүйесі арнайы білім алу стандартына сай келе ме? Жалпы білім сапасына әсері қандай? Бұл сұраққа Астана қаласындағы «Қазбілім» орталығының директоры Аятжан Ахметжан жауап берді: Мемлекеттік стандартты ешқандай үш ауысымды мектеп орындай алмайды. Мемлекеттік стандарт деген не? Мысалы, 9-сынып аптасына 39 сағат оқу керек. Оны аптаның бес күніне бөлетін болсақ, күніне 8 сағаттан, алты күнге бөлгеннің өзінде 7 сағаттан айналу керек. Бірақ үш ауысымды мектепте ең көп жүктеме – 5 сағаттан артық оқытуға мүмкіндік жоқ. Сабақты ерте бастағанмен ары кетсе 07:30-да бастап, кеш аяқтағанның өзінде 19:30-ға дейін созуы мүмкін. Яғни, аралық – 12 сағат. Сол 12 сағатты үш ауысымға, үшке бөлсеңіз, 4 сағаттан, оны 45 минуттан есептегенде ары кетсе 5 сабақ өткізуге мүмкіндік бар. Сондықтан мемлекеттік стандарт орындалмаған жерде (ал мемлекеттік стандарттың өзі – ең төменгі стандарт) сапа туралы айту мүмкін емес. Қысқарта салу, босата салу – жүйеде пайда болған ауру. Бұл мүмкіндік жоқтықтан шығып жүрген дүние. Ал енді білім стандартын кім дайындайды десек, оны халықаралық дәрежеде мойындалған білім стандарттарына негіздей отырып, Ы. Алтынсарин атындағы білім академиясы және Орта білім комитеті бірігіп жасайды. Өйткені біздің мектептерді де, мектептеріміздің білімін де халықаралық дәрежеде мойындау керек. Әйтпесе, шетелдегі университеттерге оқуға түсу мүмкіндігінен айырылады. Жалпы, әлемде білім саласы озық мемлекеттердің бәрінде бір ауысымда оқиды.

Ел ертеңі болар жастардың білім алатын, тәлім-тәрбие алатын ордасы жайлы да, жарық болуы маңызды. Қорытындылай келе, түйіні тарқамаған күрделі мәселелерді шешу арқылы жастардың жан-жақты білім алуына жағдай жасау қажет. Осылайша, жастардың еліне, жеріне, ұлтына деген ыстық ықыласы қалыптасары сөзсіз. Мектептен қажет деңгейде білім алған оқушы, университетке, академиялық ортаға барған кезде қиналмайды. Егемен Қазақстанның болашағы болар жас өркендердің сапалы білім алу жолында үш ауысымды оқу үдерісі, орын тапшылығы, оқушы санының шамадан тыс көп болуы сынды мәселелер тосқауыл болмауы қажет.

Алчинова Нұрбибі Айтбайқызы

Еще по теме