Перейти к содержимому
Обложка сообщества Спорт

Тоғызқұмалақ - ақылдың аламаны.

Берікбол Нұрай - Алматы қаласындағы №58 жалпы білім беретін мектептің 8 сынып оқушысы. Бүгінгі күні тоғызқұмалақтан ҚР-ның спорт шеберлігіне кандидат атағына ие жас талант. Нұраймен ұлттық ойындағы жетістіктері жайлы сұхбаттасқан болатынмын.

.

-Тоғызқұмалаққа қызығушылығыңыз неден басталды? Бұл спорт түріне қалай келдіңіз?

-Менің тоғызқұмалаққа деген қызығушылығым мектептен басталды. Мектепте бұл ойын ұлттық спорт ретінде насихатталды, сондықтан мен оны жаңа нәрсе ретінде көріп, қызығушылықпен қарадым. Жаттықтырушым ойынның ережелері мен стратегияларын үйреткен сайын, менің тоғызқұмалаққа деген құштарлығым арта түсті.

Тоғызқұмалақ логикалық ойлауды, тез шешім қабылдауды және математикалық есептеулерді қажет ететіндіктен, мені айырықша ынталардырды.

Жарыстардағы жетістіктерім мен жеңістерім сенімділігімді арттырып, шыңдай берді.

-Сіздің спорттағы тәлімгеріңіз кім? Тәлімгердің сізге берген ең маңызды өмірлік және спорттық тәлімін қалай сипаттай аласыз?

-Спорттағы тәлімгерім Самат Қасымбеков. Тәлімгерімнің әрбір сабағы мен кеңесі өмірлік қиындықтарға дайын болуға ықпал етті. Тәлімгерімнің әрдайым айтатыны: “алдыңа мақсат қойдыңба сол мақсатыңа жетуің керек.Мақсатқа жету жолында жауапкершілік алып үйрену керек. Әрбір әрекетті саналы түрде орындау қажет”

Мен шыдамсыз адам болғанмын,ұзақ отыра алмаймын. Тәлімгерім сабыр сақтауды,әрі қиындыққа мойымай,әр істі соңына дейін жеткізу керек екенін үйретті.Өмірде кездесетін қиындықтар мен кедергілерге табандылық таныту өте маңызды екенін түсіндірді. Алдымнан жаңа белестер ашылып, батыл қадам жасауға жол таба бастадым. Спортта әрдайым жеңіс бола бермейді.Тәлімгер жеңіс пен жеңілістің бірін-бірі толықтыратын екі жағы бар екенін үйретті.Спортта табысты болу үшін әрдайым стратегиялық ойлау және дұрыс шешім қабылдау маңызды. Тәлімгердің берген тәлімі балаларға өмір бойы жол сілтейтін маңызды сабақ. спорт адамды жауапты,төзімді,әрі өзіне сенімді тұлға ретінде қалыптастырып, өмірде кездесетін кедергілерге дайын болуға тәрбиелейді.

-Спорт пен сабақты қалай үйлестіресіз?


-Спорт пен сабақты үйлестіру үшін дұрыс жоспарлау және тәртіп сақтау арқылы оқуды да,спортты да қатар алып жүруге болады.

Уақытты тиімді пайдалану үшін, міндетті түрде әр ісіңді жоспарлау керек және

дұрыс тамақтанып, демалу қажет.


-Республикалық деңгейде өнер көрсету – көп еңбекті талап ететін жетістік. Бұл дәрежеге жету үшін қалай шындалдыныз?


-Республикалық деңгейде өнер көрсету – үлкен еңбекті, табандылық пен тәртіпті талап ететін жетістік. Бұл дәрежеге жету үшін күнделікті дайындық пен өзімді шыңдаудың бірнеше маңызды кезеңінен өттім.Алдыма нақты мақсат қойып, оған жету жолында ұдайы жұмыс істедім. Алғашқы қадамнан бастап, республикалық деңгейге шығу жолында нақты жоспар құрып, мақсаттарымды айқындадым. Бұл әр қадамымды саналы түрде жасауға және табандылықпен еңбектенуге шабыт берді.Жаттығуды жүйелі түрде орындау арқылы дене дайындығымды шыңдадым, әрі спорттық техникаларды жетілдіре бердім. Әр жаттығу мен дайындық маған күш пен тәжірибе жинауға көмектесті.

Әрдайым өз қателіктерімді талдап, олардан сабақ алуға тырыстым. Сәтсіздік болған кезде, оны жеңіліс деп емес, өсу мүмкіндігі ретінде қабылдадым. Жіберілген қателерді талдап, оларды қайталамау үшін жұмыс істедім. Бұл менің тәжірибемді байытып, шеберлігімді арттырды. Жаттықтырушыларым мен тәлімгерлерімнің берген кеңестері, сын пікірлері мен қолдауы үлкен көмек болды. Олар әрқашан дұрыс бағыт беріп, техникалық және психологиялық тұрғыдан маған сенім ұялатты. Кездескен қиындықтарға төтеп беріп, уайымдамауды, өз күшіме сенуді үйрендім. Сабақ пен спорттық дайындықты үйлестіріп, уақытты тиімді пайдалануға тырыстым. Қанша қиындық болса да, тоқтамай, әрдайым алға ұмтылып, өзіме деген сенімділікті жоғалтпадым. Кедергілерді жеңу, ұзақ жаттығулар мен ауыр дайындықтар арқылы өзімді шындадым. Республикалық деңгейде өнер көрсетуге жету үшін өз ісіңді сүю қажет.


-Ойын үстінде қолданатын ерекше стратегияларыңыз бар ма?


-Тоғызқұмалақта жеңіске жету үшін әртүрлі стратегиялар мен тактикалық тәсілдер қолданылады. Бұл ойын логикалық ойлауды, есептеуді және алдын ала жоспар құруды талап етеді. Жеңіске жетудің негізгі кілті – ойынның барысын терең түсініп, қарсыластың қимылдарын болжай білу. Қарсыластың жүрістерін алдын ала болжап, оның қолайлы қадам жасау мүмкіндігін азайтуға тырысу керек. Мысалы, қарсыласқа тиімді жүріс жасайтын жағдай қалдырмау үшін оны өз жоспарыңмен басқаруға болады. Бұл стратегия қарсыластың ойынды бақылауын қиындатады. Тоғызқұмалақта тек шабуылдап қана қоймай, өз позицияңды қорғау маңызды. Кейде қарсыластың тастарды көп жинауына жол бермеу үшін қорғанысты күшейтуге тура келеді. Қорғаныс пен шабуылды тиімді үйлестіре білген ойыншы тактикалық артықшылыққа ие болады.


-Тоғызқұмалақ әлемінде сіз үлгі тұтатын тұлғалар бар ма?

-Тоғызқұмалақта үлгі тұтатын тұлғаларым – шеберлік пен табандылықтың, зор еңбек пен жоғары нәтижелердің символы. Айтбаев Рахат, Дакен Ельдар, Джанабилов Ердәулет, Тұрлығұл Әмірхан,Тұрсынәлі Ақерке және Исахан Аяна сияқты ойыншылардың тәжірибесі мен жетістіктері тоғызқұмалақ ойынының биік шыңдарына жетуге шабыт береді. Олардың тактикалық шеберлігі, ойынға деген сүйіспеншілігі және әрбір қадамында байқалатын күш-жігері осы салада үлкен жетістіктерге жетуге жол ашады.


-Болашақта тоғызқұмалақ арқылы қандай биіктерді бағындыруды көздейсіз?


- Болашақта тоғызқұмалақ арқылы үлкен биіктерді бағындыру – зор мақсат әрі арман. Мүмкіндіктер мол болғандықтан, әрбір жаңа жетістік осы мақсатқа бір қадам жақындата түседі. Халықаралық деңгейде танымал болу, әлемдік жарыстарда жеңіске жету және Қазақстанның тоғызқұмалақ дәстүрін шетелде таныту – жетістікке жетудің бір бағыты.


-Тоғызқұмалақты жастар арасында насихаттау үшін қандай қадамдар жасалу керек деп ойлайсыз?


-Тоғызқұмалақ ойынының үйірмелерін мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында ашу арқылы жастарды ерте жастан бастап қызықтыруға болады. Білікті жаттықтырушылар арқылы ойынның негіздерін үйреніп, қызығушылықтарын арттыруға жағдай жасалады.

Жастар арасында жарыстар ұйымдастыру, соның ішінде аймақтық, республикалық және онлайн турнирлер өткізуді қолға алу маңызды. Интернет пен әлеуметтік желілерде тоғызқұмалақ туралы контентті көптеп жариялау – жастардың назарын аударатын тиімді әдіс.Жастарға кәсіби түрде үйрету үшін тәжірибелі жаттықтырушыларды көбейту керек. Жақсы тәлімгер жастардың қызығушылығын оятып, олардың ойында тұрақты даму жасауына көмектеседі.

Cұхбаттасқаның үшін көп рақмет, Нұрай!

Жас болсаң да, ұлттық мұрамызды дәріптеп, тоғызқұмалақ арқылы еліміздің абыройын асқақтатып жүргеніңіз үлкен мақтаныш. Алдағы уақытта да жеңістен жеңіске жете беруіңізге тілектеспіз.

Актуреева Асель

Алматы қаласы, №58 ЖББМ 11 А сынып оқушысы

Шығармашылық жетекшісі: Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ доценті Әбдіжәділқызы Жидегүл

0
0
2609

Еще по теме