Ұлт ғылымына адал қызмет еткен Ұстаз
Ғылым – уақытпен өлшенбейтін құндылық. Ал сол ғылымды ана тілінде сөйлетіп, ұлттың рухани кеңістігін байытқан тұлғалардың еңбегі – мәңгілік. Осындай сирек дарын иелерінің бірі, көрнекті ғалым-ұстаз, профессор Гүлжан Хасенқызы Шәбікова, қазақ ғылымының, соның ішінде физикалық химия саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға.

Гүлжан Хасенқызы 1935 жылы Алматы облысы, Кеген ауданы, Ұзынбұлақ ауылында дүниеге келді. Мектепті алтын медальмен тәмамдап, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің химия факультетіне оқуға түседі. Университетті үздік аяқтаған жас маман сол білім ордасында қалып, бар ғұмырын ғылым мен шәкірт тәрбиесіне арнады.
1966 жылы физикалық химия мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғап, кәсіби ғалым ретінде қалыптасты. Оның терең білімі мен ғылыми адалдығын сол кезеңдегі ірі ғалымдар жоғары бағалады.
Алайда Гүлжан Хасенқызының ғылымдағы ең үлкен еңбегі – физикалық химияның іргелі салаларын қазақ тілінде оқыту мен жазу ісін жолға қоюы еді. Профессор Е.Х. Аблановамен бірлесіп алғаш рет зат құрылысы және физикалық химия пәндерінен сабақтар қазақ тілінде жүргізілді, сол кезеңде бұл іргелі пәндер бойынша қазақ тіліндегі оқу әдебиеттері мүлдем болмаған.
Қазақ тілінде ғылыми әдебиет тапшы кезеңде, профессор Қ.Х. Оспановтың жетекшілігімен Г.Х. Шәбікова, Е.Х. Абланова және Д.Х. Қамысбаев қазақ тіліндегі алғашқы «Физикалық химия» оқулығын жазды. Бұл жай ғана кітап емес, тұтас бір буын қазақ тілді мамандардың қалыптасуына негіз болған ғылыми мектеп еді.
Одан кейінгі жылдары Гүлжан Хасенқызы «Физикалық химия», «Электрохимия», «Химиялық кинетика және электрохимия», «Метрология және стандарттау негіздері» және басқа да бірнеше мәрте қайта басылған оқулықтар мен оқу құралдарының авторы және аудармашысы болды.
Айрықша атап өтетін еңбектерінің бірі әлемге танымал ғалымдар П.Эткинс пен Дж.де Пауланың «Физикалық химия. 1-бөлім. Тепе-теңдік термодинамикасы» атты оқулықты, қауымдастырылған профессор А.С. Тусупбековамен бірлесіп, «100 үздік шетелдік оқулық» жобасы аясында қазақ тіліне аударды. Бұл жұмыс арқылы
Гүлжан Хасенқызы қазақ тілінің ғылыми әлеуетін дәлелдеп қана қоймай, отандық студенттерді әлемдік деңгейдегі біліммен ана тілінде сусындатты.
Кейіннен жарық көрген «Физикалық химия», «Электрохимия», «Химиялық кинетика және электрохимия» сынды оқулықтар мен есептер жинағы бүгінге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Г.Х. Шабикованың соңғы еңбегі «Физикалық химия» оқулығы. Ұзақ жылдар бойы оқыған дәрістерінің негізінде жазылған бұл кітап, ғалымның соңғы айларында аяқталып, өмірден өткеннен кейін жарық көрді. Ол саналы ғұмырын ғылымға арнап, соңғы оқулығын 88 жасында жазып қалдырды. Бұл, өмірінің соңына дейін ізденістен танбаған, білімге адал, ұрпақ алдындағы жауапкершілікті биік қойған нағыз ғалымның бейнесі.
Гүлжан Хасенқызы Шәбікова, тек ғалым ғана емес, үлкен жүректі ұстаз болды. Ол өз шәкірттерінің ғалым, азамат болып қалыптасуына бар күшін жұмсады. Қарапайымдылығы, адамгершілігі, талапшылдығы мен мейірімі оны білетін әріптестері мен студенттердің жүрегінде мәңгі сақталады.
Ұстазымыздың басты арманы, жоғары білімді, ана тілінде еркін ойлайтын, бәсекеге қабілетті ұлттық кадрларды тәрбиелеу еді. Бүгін сол арман шәкірттері арқылы өмір сүруде.Ұлтқа қалдырған рухани, әрі ғылыми мұрасы, келешек ұрпаққа жол көрсететін шамшырақ, уақытпен өлшенбейтін мәңгілік қазына.
Физикалық химия, катализ және мұнайхимия кафедрасының оқытушылары Тусупбекова А.А.,
Ажигулова Р.Н., Жусупова А.К.,
