ҰБТ-ны хакерше бұзып өткен қыз
Ержанова Айым Муратбекқызы – Ұлттық бірыңғай тестілеуде ең жоғары 140 ұпай жинаған үздік түлектердің бірі. Көпшілік үшін бұл қол жетпес көрсеткіш болып көрінсе, Айым үшін – еңбектің тәтті жемісі. Айымның жетістікке жету жолы, дайындық әдістері және болашақ жоспарлары жайлы сұхбаттасқан болатынмын.
– 140 балл жинау жолында қандай стратегияңыз болды?
– Менің басты стратегиям — жақсы ниет пен еңбек. Дайындық барысында бар күшімді салып жұмыс істедім. Мұғалімнің берген тапсырмасын әрдайым артығымен орындайтынмын.
– ҰБТ-ға дайындықты қашан бастадыңыз?
– Тестке дайындықты мен 10-сыныптан бастап қолға алдым.
– TFL(екі шет тілі)мамандығынтаңдауыңызға не себеп болды?
– Мен SDU университетінде TFL (екі шет тілі) мамандығында оқып жатырмын. Бұл мамандық мені жан-жақтылығымен және өзектілігімен баурап алды. Бұл салада мен үшін үлкен мүмкіндіктер ашылатынына сенімдімін.
– Тестке дайындық кезінде қандай психологиялық кедергілерге тап болдыңыз және оларды қалай жеңдіңіз?
– Жақындарымның үмітін ақтап, «Алтын белгіні» алу мен үшін үлкен қысым мен уайым болды. Мен бұл уайымды тынымсыз еңбек пен шынайы талпыныстың арқасында жеңдім.
– Сынақтесттапсырғанда әлеуметтік желілерде жарияланған ҰБТ сұрақтары кездесті ме?
– Иә, арасында ондай сұрақтар кездесті. Дегенмен, тек сол сұрақтарға сеніп қалу – үлкен қателік. Оларды жаттаудың орнына, талдауға кеңес беремін.
– ҰБТ-ны аптаның қай күні тапсырдыңыз?
– Мен ҰБТ-ны жұма күні тапсырдым. Әрине, бұл- менің қасиетті күнге деген сеніміммен байланысты жасалған таңдауым.
– Дайындық барысында бірінші кезекте қандай пәндерге көңіл бөлдіңіз?
– Басты назарымды таңдау пәндеріне, яғни дүниежүзі тарихы мен ағылшын тіліне аудардым. Алайда кейін ILEST тестінің мүмкіндіктері туралы естіп, оны да тапсырдым. Дүниежүзі тарихы пәніне айрықша күш жұмсадым, себебі бұл пән қайталауды көп қажет ететін күрделі сабақ.
– Өзіңізден бұрын мектеп бітірген түлектердің қандай кеңестері сізге пайдалы болды?
– Олардың айтуы бойынша, кітапты көп оқыған дұрыс, себебі сұрақтар кітаптан құрастырылады. Сонымен қатар, көп нұсқа талдау арқылы жоғары нәтижеге қол жеткізуге болатынын түсіндім.
– Өміріңіздегі ең маңызды мотивация жайлы айта кетсеңіз?
– Өмірімдегі үлкен мотивациялардың бірі — өзімнің жетістіктерім арқылы ата-анамның үмітін ақтау жолындағы жеңістерім.
– Өзіңіздің ерекше қызығатын ісіңіз бар ма?
– Ерекше жақсы көретін ермегім – домбыра ойнау. Домбыра мен үшін тек музыкалық аспап емес, өзімнің ішкі сезімдерімді білдіруге арналған құрал.
– Сіздің тәжірибеңіздегі дайындықтың ең негізгі үш қағидасы қандай?
– Әуелі, жақсы ниет, содан кейін қажырлы еңбек және қайталау.
– Тест тапсырудан бір күн бұрын материалдарды қайталадыңыз ба, әлде миыңызды тынықтырдыңыз ба?
– Негізі көп адамдар демалу керегін айтады, бірақ бұл уақытта іштей демалу мүмкін емес. Сондықтан соңғы күні мен нұсқаларды көп талдадым.
– Дайындық кезінде қандай да бір нәрсеге тәуелділік болды ма?
– Тестке дайындық кезінде уақыт тапшылығы болғандықтан дұрыс тамақтанбайтынмын. Осы кезеңде менде био-йогурттарға деген тәуелділік пайда болды.
– Өзіңізден кейінгі мектеп бітіруші түлектерге қандай кеңес берер едіңіз?
– Ең бастысы – өзіңе деген сенімділік. Сыртқы қысымға төтеп бере алу үшін іштей қайсарлық болу керек.
– Қызықты әңгіме үшін рақмет!
Актуреева Асель
Алматы қаласы, №58 ЖББМ 11 сынып оқушысы.