Қуандық Бишімбаевқа тағы бір айып тағылып, гастро-орталық директорын тергеу аяқталды
Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа тағы бір айыптау бабы қосылды. Бұған дейін ол «аса қатігездікпен кісі өлтіру» бабы бойынша тергелген еді.

Коллаж: Almaty.tv
КТК телеарнасының хабарлауынша, әйелінің өлімі үшін экс-шенеунікке ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабының (қинау) 2-бөлігімен қосымша айып тағылып отыр. Бұл айыптау бойынша 4 жылдан 7 жылға дейінгі жаза кесіледі. Ал алдыңғы айыптау бойынша 15 жылдан өмір бойына дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Сонымен қатар Нүкенова өлтірілген гастро-орталықтың директорына қатысты тергеу аяқталды. Ол «қылмысты жасырып қалу» бабы бойынша істі болып жатыр. Қазір тараптар материалдың мазмұнымен танысуды бастап кетті. Қуандық Бишімбаевтың әйелін өлтірді деген күдікпен ұсталғаны өткен жылы 9 қарашада белгілі болған еді. Қайғылы жағдай Астанадағы Bau ресторанында болған. Биыл 8 қаңтарда оған қатысты істің тергеліп біткені айтылды. Ал 11 қаңтарда оны қамау мерзімі тағы екі айға созылды.