Перейти к содержимому
Обложка сообщества Разное

Той

Бір жылдары Метхун көкем Panasonic камерасын алып келген еді. Көкем той түсірді ме, түсірмеді ме ол жағы есімде қалмапты. Өз үйлерінде болған барлық кішігірім тойларды, үйде қарындасы екеуінің билегенін, шөпке барып шөмеле салғанда да билеп түсіріп жүретін еді. Kөкем қалаға кеткен соң камерасын Ауамдарға тастап кетті.

Кейін камерамен папам той түсіре бастады. Ставка басында 5000, кейін 6000 болған. Оның тең жартысын Ауамдарға береміз, жартысы бізде қалады. Той иелері келіп ақылдасып, келісіп кетеді. Оны естіп алған соң, папаңның жанын қоймайсың, -менде барайыншы! деп күні кешке дейін қыңқылдап. Ақыры жылатып қалдырып кетеді. Бірінші күні тойға дайындықты түсіріп келеді: жылқыны сойғанын, бауырсақ пісіргенін, қысқасы тойдың алдында болып жатқан қарбаластың бәрін, бір, бір жарым сағатқа сидырып қояды. Ертесі күні жастар гулянкага шығар кезде бір машина келіп алып кетеді. Гулянкіде не болатынын бәрі біледі деп ойлаймын, жастар қызықты жерлерге барып бір - бірлеріне тілектерін айтып, би билеп, сосын жігіт жақтан бір жақын туысқаны шайға шақырып, сол үйден тамақтанып ары қарай тойға кетеді.

Камераға түсіретін болған соң сені той залынa ертерек апарып қояды. Қос ғашықтың "+" жазылған есімдерінен бастап, жасалған дастарханды бір айналдырып түсіріп шығасың. Ол жерде сенен де ерте келген тамада мен қатар Ырысалды және Тоты деген бүткіл тойдан шықпайтын кісілер болады. Қазақтың тойы қашанда шақырылған уақыттан бір екі сағат кейін басталады ғой. Той басталғанша күтіп отырасың. Жұрт жиналып жатыр, той иелері алдыңнан ары бері қаншама мəрте өтеді. Тамада өз аппаратын жөндеп, бет ашарда аталатын кісілердің тізімін алып жатады. Кісілердің бәрі жиналып боп қойған сәтте, жастарды іздей бастайды. Әпкелері звондап жатып, көшеде жарысып, биплдатып жүргендерді әрең дегенде шақыртып алады. Жастар жақындап қалды дегенде тамада менен бірге "Жар жар"-ды үш, төрт рет айтасың. Домалана жиылып тұрған жұрттарды тағы бір рет айналдырып түсіріп, жастардың алдынан шығып, той залына кіргенін түсіресің. Кезек бет ашарға келгенде бір жерге жақсылап отырып аласың дізерлеп, камерада бет ашардың табағы. Осы кезде алғашқы қызықтар басталады. Бизнесмен аға әпкелері долларлап ақша салса, қалған туыстар 2000, 1000, 500, 200 теңгеден салып жатады. Кейбір 100 тиын салатын апалар болады. Біреулері бес жүз сап, арасынан екі жүз теңгені өздеріне суырып алады... Беташар бітіп, табағын тамада енді ала берем дегенде кей кездері Ырысалды ала қашатын кездер болатын. Келіннің де бірінші бетінен ата енесі емес сол Ырысалды сүйетін еді. Одан соң жаңа құда құдағи бастап барлығы той дастарханына жайғасады. Кейін, сөзге шыққан адамның барлық тілегін тыңдап, камераны иығыңа қойып ап сол кісілерді түсіріп шығасың.

Ет тартылатын кезде ет жасап жатқан адамдарды барып түсірсең, мәз боп, ертең бір каналдан көрсететіндей қуанып,   -балам жеп ал,- деп үлкен қазы береді. Жанына тағы еттер қосып береді. Кейін той бастарда да, бір табақты түгелімен саған береді, той иелері ашық адамдар болса егер. Камераның сумкасы дәу ғой ішіне бәрі сияды. Бәрі антрактіге шыққан кезде, адамдар қызу билеп жатады. Бірі бірімен жарысып, призға таласып. Бір биіктеу жерге шығып алып қарап тұрып, қуып билеп жатқан адамды іздеп тауып алып түсіре бастайсың. Кейін ары қарап дастарханнан тамақ т.б ұрлап жүргендері түсіріп аласың. Кейбір кісілер болады, қалтаңа 200 теңге салып, мені түсірші дейді. Бұрылып түсіріп жатсаң суретке түсетін адам құсап қақайып тұрып қалады. Қызық...

Соңында той иелерінің сөзінен кейін үйге қарай қашасың. Өйткені мастар мазаңды алып жібереді.

Ертесі күні касетасын алуға келген той иелері, рақметін айтып, тойдан сарқытәкеп риза боп кетеді.

1
0
646

Еще по теме