Тораңғы ағашы жайлы естуіңіз бар ма?
Жақында Балқаш қаласының маңындағы тораңғы тоғайына барып келдім. Бұл ағаштар Қазақстанда шөлді жерлерде сирек кездеседі. Ол жайлы естегендер шамалы ғана. Қазақ халқы бұл ағашты құрметтеген. Отынға да жақпаған. Тораңғы ағашы жайлы білгенімді баяндамақпын.
Балқаш қаласының ерекше ескерткіштеріне жататын бұл тоғайға апарытын жол өте нашар екен. Тіпті адасып кеттік. Сарыарқаның төменгі бөлігі шөлді болғандықтан құмдары Сахараныкіндей. Тоғай Тоқырау өзенінің төменгі ағысында, Орта Дересін ауылының маңында орналасқан. Азиялық терек әсіресе құмды және сортаң топырақтарда өсіруге төзімді. Тораңғы ағашы өзінің қуатты тамыр жүйесінің арқасында 50 метр тереңдіктегі жер асты су көздерімен қоректене алады. Оның жапырақтарының формасы да ерекше. Ағаштың төменгі бөлігінде жалпақ болса, ал үстіңгі бөлігінде ұсақ. Соғыс жылдары тоғайдың бір бөлігін отын ретінде қолданған. Орта Дересін маңында өсетін кейбір тораңғының биіктігі шамамен 5-6 метр.
Тораңғының тамыр жүйесi күрделі болып келеді. Торланып жайылған. Ағаштың атауы да осыдан шықса керек. Қазақстан тораңғы ағаштырының үш түрі кездеседі: ақ, қара, Литвинов тораңғысы. Елімізде көбіне қара тораңғы кеңінен таралған. Қазақстанда Балқаш көлінің аймағынан өзге, Тосынқұм шөлді алқабында, Арал теңізі маңындағы құмдауытты жерлерде, Сырдария өзенінің аңғарларында, Бетпақдала алқабында, Мойынқұм өңірінде, Зайсан қазаншұңқырында кездеседі. Айтпақшы, тораңғы ағашы Қызыл кітапқа енген. Мемлекет қорғауында. Оны жұлуға, шабуға, өртеуге болмайды. Жыл өткен сайын ағаштардың жойылып кету қауіпі бар деген сыбыстар болды. Бірақ өз көзімен көріп, сол жер болғандықтан тораңғы тоғайының аумағы үлкейіп келедіндігіне көз жеткіздім. Себебі, көп жылдық талдардың маңайында жаңа теректер өздігімен өсіп келе жатыр.
Еліміздегі осындай ерекше ағаштардың бар екендігін көріп, біліп өскен жастар ғана туған жерін қастерлеп, бағалай алады.
Олжас ПАВЛИК,
Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
журналистика факультетінің 3-курс студенті
Жетекшісі: аға оқытушы Н.Б.Рушанова