Перейти к содержимому
Обложка сообщества Разное

ТОЛҒАНЫС

Салт-дəстүрдің табамыз деп озығын, 
Жетпесе де, жеткіздік-ау тозығын. 
Жетесіздер толып жүрген заманда,
Желге ұшып жатыр талай сөз, ұғым.

Кей дәстүрлер көнерді ме шынымен,
Тербеліп ем мен де бесік жырымен. 
Бүгінгілер ертегі де естімей, 
Өсіп жатыр батыс жақтың сырымен.

Жас келіндер елтең - селтең, əдепсіз, 
Инабаттан жұрдай, ерсі əрі епсіз. 
Орамалды байлауды да ар санап, 
Шашты жайып, бетті бояп, əлекпіз.

Біреу бар ма "мұның қалай, неге?" дер,
Адам қайда тәрбиелеп, шегелер?
Келіндерге не өсиет айта алар,
Жаулық тақпай, селтеңдеген енелер?!

О, замана, бұзылдың-ау... демесем, 
Дей алмаймын құбыласың неге сен?
Біз, адамдар, бұздық сені өзіміз,
Жарасады арсыздарға не десем?

Байқамаймыз кей оспадар қылықты,
Батыс бізге мықтап салды құрықты! 
"Елу жылда - ел жаңа" ғой, дегенмен,
Тым тамаша салт-дəстүрлер құрыпты.

Олардың да жетті ме екен ажалы,
Жайпады ма жаһандану тажалы? 
Ақырзаман орнайды деп болжаған, 
Бабалардың үні келді азалы.

Мұңды ойлар мазалайды сананы,
Атқа міну - арман болып барады.
Бес жасында бір қуантып, тай сыйлап,
Ашамайға мінгізбейміз баланы.

Содан болар, бүгін қылық өзгелеу, 
Ең жаманы - ерлік мақсат көздемеу. 
Ер қанатын сезінбеген жасынан,
Ер жігітке болар ма екен сөз демеу?!

Атқа мінсең арман жүгін арқалап,
Көз алдыңда тұратындай шартарап. 
Ер-тұрманның не екенін білмейтін
Бүгінгі ұрпақ жүр ме соны ар санап?!

Ұзарғаны қайсы сонда өреміз? 
Қыз қууды кинолардан көреміз.
"Алтыбақан", "Көкпар" - ұлттық ойындар, 
Анда-санда жылт еткенге көнеміз.

Амал бар ма бізде көнбей тулайтын, 
Халық қайда жоқтау айтып, шулайтын?
Ел қаласа, жаңғыртуға болмас па,
Еш нəрсе жоқ өліп, кейін тумайтын!

"Қияға қанат қаққанда". Б.Альпиярова.

 
0
0
362

Еще по теме

ТОЛҒАНЫС - Yvision.kz