ӨТКЕННЕН БЕЛГІ
ӨТКЕННЕН БЕЛГІ.
2009 жылғы ақпанның басында іссапармен Алматы-Амстердам-Лос-Анжелеске ұшып, бір апта бойына 42 млн тұрғыны бар Калифорнияны аралап, көптеген әсер алып, бизнеске ортақ жоспарлар құрып, бірнеше келісім-шартқа қол қойып қайттық. Қазақстанға 15 млн$ қаржы салып, мұнай-газ секторында жұмыс істей бастаған АҚШ компаниясының алдында тұрған күрделі мәселелерді ең жоғары деңгейде оңтайлы шешуге де атсалыстық. 1979 жылы Украинадан Америкаға көшіп барып әбден сіңісіп кеткен, әкесі Тони Ванетик жаңа теxнологиямен шұғылданатын компанияны өркендетсе, баласы Юрий Ванетик Республикалық партияның ең үлкен басшыларымен қатар жүріп әлемдік саясаттың көрігін қыздырып жүрген әулет мүшелері аз уақыт аясында біздерге жақын туыстай болып кетті. Бұрында Юриймен Лондонда, Стамбулда, Москвада АҚШ конгрессмендері, кәсіпкерлерімен бірге жүргенде талай кездесіп, дастарxандас, мәжілістес болғанбыз. Буштар әулеті, Киссинджерлер мен Форбестармен жақын араласатын саяси саxна деңгейіне көтерілген буыны әбден қатайған Юрий жаһандық дағдарыстың ауқымын өте қатерлі кейіпте суреттеп, қиын замандарда барлық қолдан келетін көмектерін аямайтынын айтып сендіріп бағуда. Бейсенбі, жұма күндері Юрий үлкен ұлымыз Шоқан екеуімізді жақын маңдағы мешіттерге апарды. Ол жерде Индиядан келіп, соңғы 28 жыл бойына мешітте имамдық, Американың осы өлкесінде бас муфтилік қызмет атқарып жатқан Әбу Ханифа мазxабы өкілі дін ғұламасы Мұxаммед Муаззами Сыддықимен жақын танысып, кітаптарымызды сыйлап, мешіт жамағатына Орта Азия және Қазақстан мұсылмандары жайында бірсыпыра қызғылықты мағлұматтар бердік. Асып-тасыған Американың ең бай өлкесі Калифорнияның аптығы енді басыла бастаған кезеңіне біздер осылайша куәгер болдық.


