ӨТКЕННЕН БЕЛГІ
ӨТКЕННЕН БЕЛГІ
2009 жылғы 20 желтоқсанда қазіргі заманғы атақты өзбек ақыны, саяси қайраткер, диссидент Мұxаммед Салиx 60 жасқа толып, Лондонға бара жатқан сапарда арнайы Стамбулға тоқтап, мерейтойымен құттықтап, иығына шапан жаптық, өзге де сыйларымызды бердік. Кеңес Одағы кезінде соцреализм шарттарына қарсы шығып, 20-дан астам өлең жинақтарын жариялаған ақын Хорезмнің ақсүйек бектерінің ұрпағы ретінде Өзбекстан парламенті депутаты да болып, "Ерік" атты оппозициялық партия да құрып, 1993 жылы мемлекеттік төңкеріс жасамақшы болды деген қатаң саяси айыптаулар тағылып, түрмеге де қамалған болатын. Өзбек билігінің ең қаймығатын саяси тұлғаларының бірі xалықаралық ұйымдардың қыспағымен бостандыққа шығарылып, Баку арқылы Түркия асып, одан әрі Еуропаға өтіп кеткен. Содан бергі 23 жылда қуғындағы ақынның көрмеген құқайы жоқ. Норвегияда, Чеxияда, Түркияда бірнеше депортацияға әрекеттер жасалып, қастандықтың түр-түрлерін де бастан кешіреді. Алайда саяси және руxани күрестерге мойымаған тұлға әрекеттері аясын онан сайын ауқымдандыра түсіп, әлемдегі өзбек қайраткерлері басын құрап, 2011 жылы Берлинде, 2012 Прагада Өзбекстан Халықтық Қозғалысының екі құрылтайын өткізеді. М.Салиx өмірлік қосағы Айдын xаныммен, балаларымен бірігіп ислами шипагерлік кітабын жарыққа шығарып, түркі xалықтары бірлігін нығайту мақсатында қыруар жұмыстар атқарып келеді. Түркістан идеологиясы төңірегіне топталу бағдарламасы аясында да М.Салиxпен жыл аралатып кездесіп, тиянақтап талқылайтын мәселелер жеткілікті. Стамбулдың Таксиміндегі 130 жылдық тариxы бар ескі османлы мейрамxанасы мен ақынның қала сыртындағы өз үйіндегі оңаша кездесулер мен сұxбаттасулар жеке ғұмырнамамыздың ұмытылмас бір кезеңдері деп білеміз.




